ЖЕТІМ ҚЫЗДЫҢ АЖАЛЫ
Шырылдаған бала дауысынан селк ете қалған олар өздері секілді тағы бір жанның жетім қалғанын аңғарды. Сәбиді түннің бір уағында тауып алған тәрбиеші дереу төсекке жатқызып, жұбата бастады. Әбден жылай-жылай көзінен жас сарқылған баланың демі бітіп, әрең тыныс алады. Көздері жәудіреген бір топ баланың естісі аузындағы емізікті жұлып алып, апайына ұстатты. Жанаршылықпен қараған оның ересек адамдай әрекеті бір жағынан тәрбиешіні таңғалдырды. Таң атасымен түнде келіп, қастарына қосылған сәбиге балалар жамырасқан күйі есімін қойды. Кезек-кезек көтерген олардың барлығы сәбиді бірден бауырға тартты. Су мен отқа түссе де бірге жүретін жетімдер үйінің тәрбиеленушілері бір-біріне қолғабыс қылып, сырт көзден қорғап жүреді. Өздерінің заңдылықтарын бұзбас үшін жаңа келген баланы қатаң тәртіпке үйретеді. Қолға түскенді өзара теңдей бөліп, үлестіреді. Жылдар өткен сайын ата-ана мейірімі, отбасы бақыты дегенді мүлдем білмей өскен олар осылайша қаттылыққа бойын үйретеді.
Әлгінде көше бойынан табылып, тағдыр дәптері тауқымет таңбаларымен өрнектелген нәресте қыз бала болатын. Өзі секілді мұнда талай баланың қанаты қатайды. Өз алдына үй болып, түзу жолға түскені қаншама. Бірде кішкентай қыз тәрбиешіге тосынан сауал қойған болатын. Бұл оның жеті жастан асқан кезі.
– Апай, сіз ана бақыты дегенді қалай түсінесіз? Алғаш мені тауып алғанда қандай күйде болдыңыз? Көкейімде көксеген талай сұрақ мазалайды. Соның бірі сол күні анамның жүзін көре алдыңыз ба?
– Алтыным, сені тапқан күн әлі көз алдымда. Қаңтардың бел ортасынан ауған шақ. Қар үстінде екі сағаттан аса жатып қалыпсың. Денең мұздап, сіресуге айналған мезетінде құшағыма қыстым да жетімдер үйіне тұра жүгірдім. Пеш түбіне жайғасып, сені жылыту үшін барымды салдым. Кенет шыр ете қалып жылағаның есімде. Сонда болашағы зор бір жазықсыз жанның тірі қалғанына шын қуанған едім. Ал ана бақыты дегеніміз ерекше нәрсе. Қанша сендерді құшып, жақсы көргеніммен өз аналарыңдай болмайды. Талай омырауымнан сүт үйіріліп, қамқорлық танытқаныммен сендер шынайы кейіптегі аналарыңды іздеп, терезеге қараумен боласыңдар. Мен болсам үйге барып, сәбиімді құшқан сәтте сағынышым яки, мауқымның басылғанын сезем. Бақытты екенімді білем. Ботам, жатып ұйықтай ғой. Бәлкім, мен көрмеген анаң түсіңе кіріп қалар.
Осылайша қаумалаған топ баланың ішінде бойжеткен қатар өмір сүрді. Қиындықты бірге көрді. Адамды ортасы тәрбиелейді дегенге көзін жеткізді. Ата-анасыз қарекет етудің азапты сәтін бастан өткерді. Бір жағынан күрмеуі шешілмейтін тағдырдың кермек дәмін татуға дағдыланды. Жанына қатты бататыны, жастайынан қисық жолдың сүрлеуіне түскені өзіне кесірін тигізді. Қанша дегенмен төзуге тұрарлық сабырлық бергенімен, жаза басу еркіңнен тыс болады екен. Бұл бала күнінде сүйкімді болатын. Келбеті келіскен, ажары ай жүзіндей құлпыра түсетін. Сол кіршіксіз бейнеге дақ түсетінін қайдан білсін. Бойжетіп енді жан-жағына қарай бастағанда өзге әлемнің арбауы жазықсыз жанды мүлдем шыға алмастай апанына түсірді. Сауық-сайранға масайраған қыз өмірі қатал тағдырдың лайсаңына былғанды. Бұл ешкімнің сөзіне құлақ аспады. Түзу жолды көруді мақсат тұтпады. Тек жеңіл жүріске түскен серіктеріне сенді. Болашығына балта шабылды. Қаңтарда, яки қақаған суықта тауып алған ана жүрегі қақ жарылып, үміті ақталмады. Шындығында қанша тәрбиелесе де өз анасындай болмайтыны ақиқат екен. Үміт күткені сенімді ақтамады.
Аурухана төсігіне таңылған төрт ай ол үшін қырық жылға татыды. Бәз баяғы құрбы-құрдасы іздеп келуді қойған. Жалғыздыққа бой үйреткен оны төрт қабырға ішінде сан түрлі ойдың шырмауы тұсаулап тастаған секілді. Бұның бар жағынан демеп, қолдау көрсететін ешкімі қалмады. Қатарластарының жасаған ісі оған дұрыс болып есептелді. Жүз жиырмаға жуық күннің батуы қайғы қамытын қиген бол үшін ауыртпалық еді. Палата есігі бөтен адам үшін жабық. Тек медбике ғана арасында бақылап кетеді. Бұрынғы достарын сағынған ол толассыз естелікті санасына қайта тоқиды. Көзіне жас толып тамшылар жерге үзіліп түскенімен, өткен күндер оралмайды. Сыртта ол жайлы алып-қашпа әңгіме толып жүр. Оны естімегендей болып жата біреді. Төсектен қозғала алмай амалы таусылғалы қашан?! Бойынан дәрмен кеткен. Жеңіл жүрістің ақыры көтере алмас ауыр болатындығын шынайы тұрғыдан сезінгендей. Мұндай қасіретті жауына тілемеген қыздың қайғысы тек өзіне аян. Шын мәнінде құрғырдың арманы орындалмай, ғайыптан жапа шеккені өкінішті. Күнделікті өмірде мен толық отбасында дүниеге келсем, ана мейіріміне малшынсам, әкеден тәлім алсам осы күйге түспес едім деген ой мазалайды оны. Білем. Тас түскен жеріне ауыр. Мені ешкім аямайды. Жаны ашығысы да келмейді. Өкінгеннен пайда жоқ. Аты жаман дерттің шылбұрауына түскеніме өзім кінәлі. Аз ғана ғұмырымда барлығы керемет болып тұрмайды екен. Зырғыған уақыт шеңберінде өзіме қиянат жасаудан басқа ешнәрсе қылған емеспін. Қар үстінен тауып алған тәрбиешімнің үмітін жерге таптадым-ау. Оның самайындағы әрбір шашына бізге жаны ашимын деп жүріп ақ қырау түсті. Обал-ақ, жатқан еш қозғалыссыз күйімді қараш. Барлық дүниеге жарамсызбын. Сөйлейін десем халім мүшкіл. Ендігі жерде мені тыңдайтын кім бар дейсің? Бір ғана айтарым қош болыңдар, жайсаңдарым. Жақынымнан көрмеген жақсылықты осындағы медбикеден көрдім. Мен де адам баласымын. Жүрегім таза болғанымен тәнім бүлінді. Жалғанда жеткен жалғыз мұратым тарих беттеріне таңбаланған көңілсіздеу өрбіген өмірім.
Сол күні медибикелер дәлізден арлы-берлі жүгіріп кетті. Жетімнің жан сырын ұғына алмай біруақ таза ауаға шықтым. Қиналған мезетте қолынан ұстауға мұрша келтірмеген дерттің кеселі айтарлықтай ауыр. Күрсініспен табиғат аясында ұзақ дамылдап ішке келген бетім осы еді. Еден жуушы маған қарап «ақыры кетті» деді. Мәңгілік сапарға аттанды...
Соңғы күні қимылсыз жатыр дегенді естіген мен бір нүктеге қадалған күйі оның дертіне дауа жоқтығына көзім жетті. Ажалды қолымен жасаған қыз тағдыры аянышты. Дәлізде қызды алып бара жатты. Ана өмірге аттанған ол жасы қырыққа да келместен мың түрлі қиындықпен күресіп, ақыры жеңілді. Қыз қайтқан түні аспан да қатты күрсінді. Көктем жаңа келгендей найзағай ойнап, түнгі қою қараңғылық тұмшалаған аспанды аяусыз тілгіледі-ай келіп. Бір кезде болар-болмас жаңбыр себелеп өте шықты. Табиғат та қызбен қимай қоштасқан секілді...
Б.ОРДАБЕКОВ