Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаңыраққа келген құт

Шаңыраққа келген құт

Шыр еткен дауыстан селк етіп оянған келіншектің түрі бозарып кеткен. Әсілінде қатты ұйқыда жатқанда жайсыз түс көрді-ау шамасы. Мұндай жағдай оның басында жиі орын алып тұрады. Күнде көретіні бір түс. Алыстан кішкентай сәби дауысы құлағына жаңғырып естілгендей болады. Сол тұрғаннан таңға дейін көз ілмейді. Өзін шырмалаған ойдан арыла алмай-ақ қойды. Төсегінде дөңбекшіген әйелде «ертеңгі күні қалай болады», – деген қорқыныш сезімі басымырақ. Күйеуімен отасқан он бес жылдан бері құрсағына бала бітпегені бұл үшін қасіреттің ең үлкені. Шарасыздық бейкүнә әйелдің шамасын да келтірмей қойған. Талай тауқыметті күнді ер азаматымен бірге көріп келеді. Кейде Еркіннің адамшылығына тәнті болатыны рас. Арасында «мені жайыма қойып, ұрпағыңды жалғар басқа әйел ал», – деп айтып қалғанда, отағасы «жамандықты шақырмай отыр» – деген кейіппен бетін қайтарып тастайды.
Күйеуімен танысқанда Балзияның жасы жиырмадан енді асқан кезі болатын. Бақша ішінде серуен құрған топ қыздың ішінде тал шыбықтай бұралған бұған жігіт бір көргеннен ғашық болған. Топ қыздың ішінен ерекшеленген оның күлкісі, еркелей сөйлеген сөзін бұл қалт жібермей ұзақ бақылайтын. Ойындағасын қызға ашып айта алмаған ол қыз бойындағы тәкапарлықтан қаймығатын. Бірақ көп ұзамай қыздың да өзіне «кет әрі емес» екенін байқаған ол өз сезімін жеткізген. Содан арадағы сезім ұшқыны мәңгі өшпес жалынға ұласып, ажырамас жандарға айналды.
Екеуі қыз бен жігіт ретінде тым ұзақ жүре қоймады. Ортақ түсіністік тапқан қос ғашықтың шаңырақ көтеруі де ұмытылмас сәт. Танысқандарына бір ай уақыт өткеннен кейін өмірлік жарын Еркін ауылына алып қашты. Осы күннен бұлардың нағыз бақытты шағы, қара шаңырақта жас отаудың жаңа өмірі басталды. Әлі есінде анасының жанына батқан дерті өмірден жастай алып кетті. Төсек тартып жатқанда бала жүрегі шырылдап «Апатай, ақ орамал таққан келініңді көресің. Қолынан сүт қатқан шайды да ішетін боласың. Мен есейгенде сенің дертіңе дауа табатын дәрігерді іздеймін де, аяғыңнан нық тұрғызамын», – деп еңкілдеп талай рет жылайтыны көкейінде. Әйтсе де баласы он жасқа қараған шағында аурудан қажыған әйел бақилыққа аттанды. Анасының қазасынан кейін Еркін туған нағашысының қолында тәрбиеленді. «Кедейдің жеті қаңтары» бар дегенді естен шығармаған бала бір жақсылықтың боларын сезетін. Себебі, оқудан тыс қалып, талай қара жұмысқа жегілген күндері де болған.
Әйел затының еңбекқорлығы – түгісілмейтін төзімнен жаралған болмысына сай. Үйленген күннен бастап Балзияның шеберлігі көрген көзді тәнті етті. Енесінен қалған ескі-құсқыны тастамай қайта жаңғыртып, үй ішін қалыпқа келтірді. Ана мейірімінен ада қалған қосағына жылылық сыйлайтын керемет құнды заттарды сандықтан шығарып, төрден орын берді. Сондағы мақсаты өмірлік серігіне жетіспейтін отбасы шуағын сыйлау еді. Ер азаматының қас-қабағына қарап, күтімін жасауды міндетіне алған.
Арада жылдар жылжыса да шаңыраққа сәби күлкісі бұйырмады. Бұларға бар жақсылықты үйіп-төккенімен Тәңірі бір балаға зар қылғаны қиын-ақ. Екеуінің бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Кейде сырт көз бейкүнә әйелдің артынан әңгіме айтады. Жүрекке тиер сөздің ауыртпалығы осыған дейін өз-өзіне қол жұмсауға дейін итермелеген. Бірақ оған дәті бармады. Алалап айтқан ағайынның сөзіне құлақ аспаған Еркін әйелінің адалдығына бас иетін. Мықтылығы соншалық қаншалықты қиындықты көрсе де, жұбайына қабақ шытпайды. Қайта жүдеген, ойдан қажыған сәтте әркез сүйеу болатын.
Он бес жылдан бері жасаған айла-шарасы қалмаған отбасының бала сүюге деген құлшынысы басылған іспетті. Талай көрші кемпірлер енесінің орнына қазақы ырым жасағанымен пайдасы болмаған. Өзінен кейін түскен келіншектер бала тапқан бойда иткөйлегін ырымдап беріп отырды. Бір уақ көңілі құлазыған әйелді жұбатып, ақылын айтқан аналар «көп жабылса, жоқ табылады», «мехнат болмай, рақат болмас», «ана алақынының аясы – ақ шынардың саясы» деген аталы сөзбен басу айтады.
Балзияның негізгі мамандығы – филолог. Мектепте тіл маманы ретінде жұмыс жасайды. Жастайынан өлең шығарып, қойын дәптеріне ойға келген дүниені түртіп қоятын. Оңаша қалған уақытта көзі жасқа малынған келіншектің жүрегі қақ жарылардай. Бірде:
– Балапаным, қайдасың?
Келші, күнім, демде көңіл жайлансын.
Әкең отыр алты өрім қамшы өріп,
Шешең байғұс көлдетеді көз жасын.
Үй ішінде өне бойы орын алар тыныштық.
Үн шығармай көз жанармен ұғыстық.
Құшағыма алсам деумен бір сәби.
Үмітпенен күте-күте төзімді де тауыстық, – деп өлең жолдарын қағаз бетіне түсірді.
Терезе жақтауынан далаға бір сәт көз тіккен ол топ баланың ойнап жүргенін байқады. Орнынан әрең қозғалып, пісірген тәтті тоқашын қолына алып, сыртқа шыққан бойда асыр салып ойнаған әр балаға таратып берді. Осылайша, әнеукүні көрген түсінде жақсылықтың нышаны жатқандай. Тұла бойын қорқыныш билеген күрескер келіншек айтарлықтай жаңалық боларын қайдан білсін?
Арада апта өткеннен кейін кешкі асты әзірлеп жатқанда май иісінен жүрегі көтерілгендей болды. Ақырында тамақ істеуге зауқы соқпай мазасызданып, бірауық жатты. Мұндай жағдай жиі қайталануды шығарды. Алғаш байқалғанда кезекті алдамшы сезім шығар деген желеумен мән бермеген. Алайда, он бес жыл дегенде ана құрсағына бала бітіп, демде қасіретті жылдар артта қалды. Сары уайым сейілгендей күй кешті. Оны естіген Еркіннің қуанышында шек жоқ.
Ертеңгі күннен үміт үзбейтін бұлардың шаңырағында тоғыз ай, тоғыз күн дегенде сәбидің шырылы естілді. Қамшы ұстар ұл бала дүниеге келіп, қараңғылық басқан қайғының орнын шат-шадыман шаттық басты. Баласын құшағына алған мезетте ана жүрегі жібіп сала берді. «Жақсы жұбай – жарым бақыт» дегенді үнемі жадынан шығармаған Еркіннің шаңырағына сәбимен бірге құт ере келгендей еді.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
15 ақпан 2019 ж. 798 0