Ең көп кітап оқитын сынып
Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа – маржан. Кітап оқу – адам жанының азығы, сарқылмас байлығы. Кітапты жанына серік еткен адам әрқашан өз ойын нық жеткізіп, өз қиялына ерік беріп, сөздік қорын молайтады.
Қазіргі жаңа технологияның дамыған заманында смартфонға телмірген оқушылардың кітап оқуға қызығушылығы бәсеңдегенін байқауға болады. Осы орайда Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында түрлі жұмыстар ауданымызда да атқарылып, өз нәтижесін беріп келеді.
№131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектепте «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында 2-10 сыныптар арасында «Ең көп кітап оқитын сынып» байқауы өтті. Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, оқуға саналы түрде баулу мақсатында ұйымдастырылған байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – таныстыру. Бұл кезеңде оқушылар өздерінің оқыған кітаптарын таныстырады. Ал екінші кезеңде оқушылар өзі оқыған кітабын жарнамалайды. Үшінші кезең «Бейнелер әлемі шақырады» деп аталды. Бұл кезеңде әр сынып оқырмандары образды сомдау арқылы өздерінің әртістік қабілетін көрсетеді.
Байқауға қатысушы сыныптар Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы, «Қазақстан халқы ертегілері» кітабындағы «Байлық пен ақыл» ертегісі, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы, Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» повесі, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы, «Достық», «Ғажайып ертегілер», Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі және Ыбырай Алтынсариннің «Өтіріктің залалы» әңгімелерін оқыпты. Оқушылар кітап мазмұнына сәйкес образды сомдау арқылы сайысқа түсті.
Мектеп кітапханашылары Г.Иманмадиева, И.Усманова ұйымдастырған іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне сынып жетекшілер де атсалысты. Байқау қорытындысында мектеп директоры А.Әлиева сөз сөйлеп, кітап оқудың мәні мен маңызына тоқталып, күнделікті кітап оқуға шақырды. Сайысқа жоғары деңгейде дайындалған сыныптар жүлделі орындармен марапатталды. Және іс-шара барысында белсенділік танытқан сыныптарға арнайы сертификат табыс етілді. Сонымен қатар 10 сынып оқушылары Жансая Әбибулаева, Ақкәусар Әубәкірқызы, 9 сынып оқушылары Әлішер Әділбекұлы, Гүлім Сәкенқызы, 3 сынып оқушысы Көркем Айболқызы «Алғыс хатпен» марапатталды.
– Оқушылардың кітап оқуға деген құлшыныстарын арттыру барысында түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға тырысамыз. Жас оқырмандар күннен күнге көбейіп келеді. Кітап алуға келген оқушылардан оқыған кітаптарының мазмұнын сұрап, сұрақтар қою арқылы оқушылардың қаншалықты кітапты түсінгенін байқауға болады. Оқығанын көңіліне тоқып, бойына дарыта білген жас оқырмандар болашағынан үлкен үміт күттіреді, – дейді мектеп кітапханашысы Индира Усманова.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА