Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектептердегі оқу процесінің басталу уақыты өзгереді

Мектептердегі оқу процесінің басталу уақыты өзгереді

Қыс мезгілінде оқушылардың мектепке қауіпсіз қатынауы – басты мәселелердің бірі екендігі белгілі. Осыған орай, бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет өңірдегі білім беру ұйымдарындағы оқу процесінің басталу уақыты туралы БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

- 2022-2023 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мектептердегі ұстаздар бес күндік жұмыс аптасына көшті. Осыған сәйкес, білім салалары және оқу пәндерінен сыныптар бойынша апталық сағат сандары бес күндік сабақ кестесімен бекітілді. Бұдан бөлек, ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығында жалпы білім беру ұйымдарында сабақтың ұзақтығы 45 минуттан жоспарланатындығы көрсетілген. Облыстағы бір ауысыммен білім беретін мектептердегі сабақ процесі сағат 08.30-да басталса, екі ауысымдық мектептерде сабақ үдерісі сағат 08.00-ге бекітілген. Дегенмен, қыс мезгілінде күн ерте қысқаратындықтан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мектептердегі кіші қызметкерлердің жұмыс уақытын ескере отырып таңертеңгі сабақтың уақыты өзгереді. Яғни, республика көлемінде екі ауысымда оқытатын мектептерде бірінші ауысым сабақтары 08:00-де басталады, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов балалардың күн тәртібін жоспарлап, оқушылардың сабақ процесіне белсенді қатысуын қамтамасыз ету керектігін айтты.

Бала денсаулығының жақсы болуы, толық білім алуы, ақыл-ой сергектігі сапалы ұйқының қамтамасыз етілуі арқылы жүзеге асырылады. Осы ретте әрбір ата-ана өз балаларының күн тәртібін жоспарлап, уақытылы тынығуын қадағалауы керек. Сонда ғана бала миы тынығып, білім алу қабілеті қалыптасады. Бала болашағымыз десек, олардың денсаулығы үшін барлығымыз жауаптымыз. Осы брифингті пайдалана отырып, барлық ата-аналардан балалардың күн тәртібін жолға қоюды, түннің бірінші кезеңінен кешікпей тынығуын, смартфон-гаджеттерді пайдалануын белгілі бір уақыт аралығына сыйдыруды сұраймыз, - деді басқарма басшысы Асқарбек Темірбекұлы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
10 қаңтар 2024 ж. 171 0