Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Апаттың бетін қайтарған Камаш

Апаттың бетін қайтарған Камаш

2004 жылдың ақпан айының ортасы болуы керек. Аудан әкімдігі түн ортасы ауа шұғыл түрде аппарат мәжілісіне шақырды. Талай жиналыстарды көріп жүрміз ғой. Аудан басқарған Жолдасбек аға Ердешбаевтың егін науқаны кезінде қырмандарда түнгі он екі, бірлерде жасаған жиналыстары есімде. Ал мына азанғы төртке жиналысқа шақырудың астарында адамның бойына үрей тудыратын қорқыныш жатты. Аудан әкімі Әріп Хожбанов та мезгілсіз уақытта елді абыржытпайтын, сырбаз мінезді басшы екенін білеміз. Не де болса бара көрерміз деген түрлі ой жетегімен әкімдіктің табалдырығын аттадым. Аудан әкімдігінде абыр-сабыр. Жігіттердің түнімен жұмыс істегендері білініп тұр. Аудандағы байырғы мұрап әріптестерім де жиналып қалыпты. Олардың ішінде Тілектес Жұмашев, Ахан Баджанов, Әуез Жаңабатыров, Тахир Ерғалиевтер бар. Аудан әкімі болған оқиғаны баяндап, «алдағы уақыттарда бұл төтенше жағдайдың бетін қайтару үшін не істеу керек» деп су мамандарына сұрақ қойды. Жағдай былай екен:

– Сырдария өзенінен өтіп жатқан мол сулы сең дария жағалауындағы қорғаныс бөгеттерінің бірнеше жерінен бұзып өтіпті. Одан бөлек аудан орталығының ортасын жарып өтетін «Әйтек» каналының сағасындағы «тоспа құм платинасы» кешке тоғыздар шамасында су тасқынына шыдамай жығылып кеткен. Сең канал сағасындағы жабылған қақпа шлюздерге де әл бермей, топан су аудан орталығы Тереңөзекке қарай канал арнасымен үлкен ағыспен жылжып келеді екен. «Қайық білмегенін кемеден сұрайды, Халық білмегенін көнеден сұрайды» дегендей, жедел түрде аудан әкімі ардагерлерімен ақылдаса отырып штаб құрып жұмыс жоспарын жасады. Әйтек жағасындағы елді мекендерге, барлық мекеме ұжымдарына хабар берілді. Әйтек каналынан тарайтын шаруашылық каналдарын және аудан орталығындағы қашыртқы «Ала сиыр» каналын ашуға тапсырма берілді. Осыншама жұмыстарды ұйымдастырғанмен судың беті қайтпай түске таман канал суға толып арнасы шіри бастады. Жалағаш тоспасы да мұзға кептеліп ашылмай адамдар әуреге түсіп жатты.«Әйтек каналының сағасы жабылды» деген хабар келгенімен жиырма шақырымдай каналға толған ақаба су, үсті-үстіне еселей келіп, канал жағалаған мыңдаған күрек ұстап, қап қалаған тұрғындарды састырайын деді. Қақаған суықта, су бетімен қалқып келген «үй орындай мұздар» шлюз алдарына борықпен араласа қабат-қабат болып қапталып тұрып қалып, суды каналдарға жібермей жатты.

Заманның да ауыр кезі. Жер қазатын трактор, тоспа есігін көтеретін крандардың да жоқтың қасы. Қаладан алдырған техникалардың да пайдасы шамалы болды. Барлық үміт «Ала сиыр» каналын ашып, суды «Қалған дарияға» құлату. Судың деңгейі уақыт өткен сайын көтеріліп келеді.

Қалжан ахун ауылындағы Камаш ағамыз айдайтын «ЮМЗ эксковатор тракторы» да майы әлсін-әлсін қатып таң атпай шаруашылыққа тиесілі каналдарды ашып «Ала сиырға» келе қалған кезі. Қаншама адам, техника жүріп, канал сағасын аша алмай қиналуда. Шлюздің екі есігі каналдың табанында 3-4 метр тереңдікте ілмешегінен ажыратылып жатыр. Жиналған борық пен мұздан аршып іліп көтеру мүмкін болмай қалды. Су жағалаудан асуға бір қарыс, кей жерлер дамбының төбесіне жиған құмды қапқа тіреле бас­тады. Байқамайды екенбіз, «Әйтек» каналы толғанда Тереңөзектің төбесінен төніп тұрады екен. Судың қарқынын көрген кейбір тұрғындар айқай-шу шығарып үйлеріне жүгіре бастады. Жоғары жақтан мұз аралас су да келуін үдетіп барады. Осы кезде шлюз басына келген Камаш аға барлық техниканы, адамдарды шлюз басына топырлатпай алып кетуді өтінді. Өзі шлюздің екі қапталын қазып, төмендетіп трактор тұмсығы каналдың табанына дейін жететін орын дайындады. Уақыт өтіп барады арғы бет пен бергі беттегі дамбы жағалаған адам бәрінің көзі біз жақта. Камаш аға техникасымен асықпай жартылай суды кешіп тұрып кептелген мұз бен борықты тұмсығымен ұрып сындырып, тазалап, трактор шөмішімен шлюз қақпасын қолмен іздегендей сүзгілей бас­тады. Әйтеуір бір уақытта су түбінде жатқан екі қақпаны да қолмен алғандай біртіндеп суырып алды. Сол-ақ екен канал суы сылқ етіп арнасынан түсе бастады.

Менің таң қалғаным ертеректе канал қазған мамандар «бір жылдары осындай жағдай болуы мүмкін» деп каналдың табанындағы суды тартатын арнайы қашыртқы тастап кетіп отырған. Ата-бабаларымыз «Алла өрт пен судың апатынан сақтасын» деп бекер айтпаған. Аз уақыттың ішінде бүкіл аудан болып осындай әбігерге түскеніміз есімнен кетпейді. Күрделі жұмысты ұйымдастыра білген әкім, оны қолдаған халық болды. Қарапайым жұмысшы – механизатор Камаш ағамыздың осы ерлікпен пара-пар шеберлігіне риза болған аудан әкімі Әріп Битілеуұлынан бастап оны қоршап алған кент тұрғындары жабыла құшақтап ризашылықтарын білдіріп, рахметтерін жаудырып жатты. Уақыт жылжып өте береді. Кейін білдім, біз білетін «Камаш» ағамыздың шын аты – Төребек Еркебайұлы Айтбаев екен.

«Камаш» қазақтың салт-дәстүрі бойынша жеңгелерінің қойған аты. Төкең – елу жылға таман шаруашылықта механизатор болып жұмыс істеген, қазір зейнеткер. Жақында жетпіс жасты бағындыру ойында бар.

Қалжан ахун ауылында тұрады. Жолдасы Жұпар Ержанқызы екеуі төрт ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, немерелерінің қызығын көруде. Өкініштісі, зейнет жасына келгенде көз жанарынан айрылған ағамыз үй аумағынан шыға алмай қалған екен. Бұл оқиғаны біреу білсе, біреу білмес. Уақыт өте ұмытып та кетіп жатамыз. Ортамызда жүрген, заманына сай еңбегімен көрікті болған ардагер ағаларымыздың игі істері ұмытылмауы тиіс. Олардың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына, өнеге.


Марат Омаров
09 қаңтар 2024 ж. 93 0