Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жанашыр азамат

Жанашыр азамат

«Бұл жағдай көпшілікке тарап, халықтың алғысына бөленемін деген ой мүлде болмады. Үлкендердің батасын алсам деп, бір жағынан үлкенге құрмет көрсетіп, әлсізге көмектесу әрі азаматтық, әрі мұсылмандық парызымыз» дейді бізбен әңгімесінде ақжармалық Ақылбек Қаршығаев.

Ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік халық жанашыры» атанып, аудан әкімінің Алғыс хатына ие болған. Ақылбек – Ақжарма ауылының тумасы. Қазір аталған ауылдық округте тұрады. Ата-анасының тәлімді тәрбиесін көріп өскен азамат қазіргі таңда жасы ұлғайған ата-анасын бағып-қағып отыр. Аяулы жары екеуі алты баланы тәрбиелеп, ұрпағына тағылымды өнеге көрсетіп келеді. Ақылбек ауыл ақсақалына көмектесіп, көпшіліктің ақ батасын алып жүр.

– Тәңірберген ақсақал – осы өзіміздің ауылдасымыз. Ұл баласы жоқ, жалғыз қыздары басқа қалада тұрады, тұрмыста. Ауылдағы қара шаңырақта ата мен апа екеуі ғана тұрады. Былайынша өз күндерін өздері көреді дегенмен, жасы келген кісілердің күнделікті тұрмыс қажеттілігін өтеуі де қиын ғой. Жастары сексенді алқымдап қалған. Ол кісілерге күнделікті ас-ауқат әзірлеуден бұрын қыстың күні от жағу, отын жару деген жұмыстар қиынның қиыны. Жасы ұлғайған соң денсаулықтары да бұрынғыдай емес. Бұрын апамыз пешті өзі жағып, отынды да жаратын. Қыстың басында құлап, аяғын ауыртып алған. Содан бері дұрыс жүріп-тұра алмайды. Күн суытқаннан осы кісілерге қарайласып, отын жағып, күлін шығарып, үйінің тіршілігіне қолғабыс етемін. Бұл мақтанып айтатын нәрсе емес шығар. Ел ағалары мені марапатқа да ұсыныпты. Ең бастысы – Алланың разылығы жолында бір-бірімізге көмектесуіміз, – дейді ауыл тұрғыны.

Ақылбек қыстың қақаған суығында ауыл тұрғындарына көмек қолын созып, сауапты іс жасап жүр. Үш мезгіл барып, қариялардың үйіне от жағып, шай қойып береді. Одан қалса, отын жарып, су тасып, үлкендердің ақ батасын алуда.

– Ақылбек балама Алланың нұры жаусын. Өзі – көпбалалы әке. Құдай берген алты бала­сын өсіріп келеді. Оларға үлгілі тәрбие көрсетіп, айналасына жақсылық жасаудан тартынған емес. Барлығы үйде отырған үлкендердің тәлімі мен тәрбиесінен. Ақылбек балам балаларының қызығын көрсін, – деп бата береді Тәңірберген ақсақал.

Алла елшісінен жанындағы сахабалары «Ең жақсы адам кім?» деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде» деп жауап берген деседі. Пайғамбар хадисіне сүйенсек, тіпті жақсылыққа бағыт-бағдар сілтеген адамға мол сауап жазылмақ. «Кім біреудің қажетіне жараса, Алла оның қажетін өтейді» деген және бар. Ал игі істің басы-қасынан табылып, жұрттан қайырымдылығын аямаған адамдардың ісі көпке үлгі етуге тұрарлық, нағыз марапатқа лайық деуге болады.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 қаңтар 2024 ж. 174 0