Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетпістің керіп желкенін...

Жетпістің керіп желкенін...

Осы жұрт Сүлейменді біле ме екен? Сүлейменді кім білмейді?! «Әрине оны халық біледі, халық білмесе су астындағы балық біледі, балық білмесе, Құдай анық біледі» деуші еді ертеректе. Сол секілді есімі елге белгілі Әріп ағамыз туралы пікір, мақала жазу – мен үшін үлкен құрмет. Неге десеңіз сәл кеңдеу тоқтап өтейін.

Мен жас кезімнен өз тұрғыластарыма қарағанда өзімнен әлдеқайда үлкен кісілермен араласып, сыйласып, пікірлесіп, қауымдасып жүруші едім. Бұған Әріп ағамыздың өмір жолы туралы кітаптың авторы, редакторы, құрастырушысы Дүйсенбек ағам куә.

Бәлкім әке-шешем қарт кісілер болғасын шығар деп те ойлаймын.

Ағамызбен таныстығымыз сонау 2000 жылдардың басында басталды. Сыр бойында Мұхадам Әкбарұлы дейтін керемет эрудит ағамыз бар. Ол кісі аса білімді энергетик, өте зиялы, арғы мен бергіні терең білетін ғажайып жан.

Алла адамға адамды себепкер қылатыны рас қой, сірә. Мұхадам ағамыз бізді таныстырды, табыстырды, сол әкелген күйі ылғи жақсы мен жайсаңның арасына сүңгітіп жіберді. Бұл кездері менің өмірім мүлдем басқа бағытқа бұрылды. Бұл енді бөлек әңгіме...

Жақсының атын жегіп, қосын тартсаң да жанында жүр деген қазақ қандай әулие. Ағамның қамқорлығын көрген бір адам мендей-ақ болсын.

Қызметте табанды, талапшыл, өткір болса, өмірде жұмсақ, аса мейірімді жан.

Сырдария ауданында қатар әрі қарамағында жұмыс жасадым. Қолыма микрофон, қағаз-қаламнан артық ауыр зат алмаған (ол кездері мен ТВ, жастар орталығында басшы болып жүргем) мені басынан дауы арылмай тұрған Нағи ауылына әкім қылып жіберді.

«Қайдан келесің? Соттан келе­мін деген!» деген әзіл сөзді жиі қолданушы едік. Шындығында сол кез­дері Нағи ауылының төбесінен бұлт арылмай, дауы тарқамай жерге таласқан екі топтың мәмілесін Жоғарғы Сотқа дейін жеткізіп, нүктесі қойылып еді.

«Егін шаруашылығына нақты жоспары бар инвестор керек, соның төңірегіне ел біріксе, сонда ғана істерің алға басады» дейді аудан әкімі.

«Сенің де атың – Абзал, инвестордың да аты – Абзал, екі Абзал бірігіп дұрыс тірлік жасаңдар» деуші еді ағам.

От пен судың арасынан өткен Абзал Жұмашұлы қазір Қазақстанның Еңбек ері, бір мәрте мәжіліс депутаты болды.

Ал Нағи ауылы республикаға танымал ең көрікті, ең танымал ауылға айнал­ды. Сырдария ауданы төрт жыл қатарынан облыстағы озат аудан атанды. Ауыл шаруашылығына миллиондаған қаржы тартылды. Инвес­торлар бірінен соң бірі келіп жатыр. Сыр салысының бағасы артты.

Біздің ауданға келген инвесторларды көрші ауданның әкімдері де шақы­ра бастады. Заманның өзгергені сол, сый-сыяпатты әкімдерге емес, инвес­торларға көрсете бастады. Ағамыз мемлекеттік қызметке бизнестен келгесін бе, көзқарасы стандартсыз, пікірі қалыпқа сыймайтын креативті ерекше тұлға еді.

Әріп Битілеуұлы – Сыр бойында тұралап қалған күріш шаруашылығына дем берген, жаңа леп берген, бағасын асырған азаматтардың бірі әрі бірегейі.

Бұдан бөлек, ауданның мәдениеті мен руханиятын жаңа деңгейге көтеріп, тынысын ашты. Аудандық музей, мәдениет үйі, спорттық кешендер, елдегі мәдени-тарихи ескерткіштердің қайта жаңғыртылуы, демеушілік арқылы ақын-жазушылардың кітаптары жарық көре бастады.
Иығы бүтін шекпен кимеген өнер адамдарының гардеробтары жаңара бастады. Бұл бір ерекше кезең еді...

Өмір халқымыздың танымымен қарағанда «бәйге» іспетті.

Бәсекеге қабілеттілік дегеніміз де – аламанда оза шабу. Қазір әлемнің басына бұлт үйіріліп, дүние дүрліккен шақ. Кім етек-жеңін алдымен жинап, өз әле­уетін бағалап, жоспар құрса, сол дағдарыстан кейін басқалардан бір адым алда дамиды.

Осы жерде қазақтың марқасқасы Әбіш аға былай депті: «Жалпы тіршілікке ортақ тағдырдан қалтарыс қалатын халық жоқ. Өзгерістерге уақытылы бейімделе білу арқылы өмір өркендеп келеді. Басқаша жол табам дейтіндер тығырыққа тіреліп жатыр. «Жұрттың қолынан келген біздің қолымыздан келмейді» дегендер жұртта қалып жатыр. «Жұрттың қолынан келген біздің де қолымыздан келеді» дегендер жұртпен бірге күндерін көріп жатыр.

Біз де сөйтеміз. Адам үшін жасалып қойылған мәңгілік қалып жоқ. Өзгере­міз, жетілеміз, кемелденеміз. Өйткені қазіргі­дей жаппай жаҺандану тұсында өзгелер­мен бәсекеге үздіксіз төтеп бе­ріп, өзімізді өзіміз үздіксіз шыңдай бі­ліп қана халық болып қаламыз. Егіле білген­нен басқаға қауқарсыздарды есіркей­тін ешкім жоқ. Рухани құндылықтар жолында күресе жүріп, мақұ­лық емес адам, тобыр емес халық болуға тырысамыз». Әбіш ағаның осы сөзі беріде жазылса да, орында­луын Әріп ағам әріде бастаған сияқты көрінеді.

Кейіннен облысқа ауысқанда да жұмыс­ты ұйымдастырудың жаңа деңгейін көрсетті. «Атқа міндің, ажалға міндің» деп қазақ бекер айта ма?!

Жазықсыз жазалаттырмаған, жақсы­ның жағасынан алдырмаған, қорған­сызға қорған болған әрекеттері әлі көз алдымда. Сырттан келіп елдің азамат­тарына тізе батырмақшы болған «батыр­лардың» да жүзін жасытты.

Қолынан мөр, астынан тақ, басынан бақ кетпейтіндей көрінетін кейбір ағалары­мыз көрінгенді жау көріп, бөлін­генді дау көріп, әркімге тиісетін ауру жұқтырып алады. Сол бір замандары кейбір ағаларымыз осындай ауруға ұшырады. (Бұл аурудың емі жоқ. Әлі ауыратындар көп). Сөйлесе сөзі, созса қолы озып тұрған, алымды-шалым­ды Әріп ағамыздың да жолын кес-кестеушілер көп болды.
– Сөз тауарын түсінер,
Бекзада ерлер заты бар.
Бір ауыз ердің сөзінде –
Мың кісінің ақы бар!, – деп Алмас жырау айтпақшы елдің де, ердің де қадірін түсінер азаматтар азайып бара жатыр.

Әріп ағамыздың сезімталдығын, руханият­шылдығын жанындағы жеңгем мен достары айта жатар. Мен Әріп Битілеуұлының көпшілік біле бер­мейтін бір қасиетін атап өткім келеді. (мүмкін қажет емес пе еді?)

Қазір кейбіреулер берген садақасын, көрсет­кен көмегін, таратқан азық-түлі­гін әлеуметтік желіге салып әлем-жәлем болып жатыр ғой. Әріп аға­мыз жақсылығын жасырын жасайтын жандардың бірі, бірегейі. Қанша­ма мұқтаж жандарға үй алып бергенін, қанша баланы оқуға түсіріп, қамқор­лығына алғанын бір Құдай анық біледі, сосын баласы Азамат біледі. Сол жан­дар қазір елдің алды, қамқорлық көрген балалары қазір ат жалын тартып мінген азамат болды.

Әріп ағамыз ұлы Азаматты қасына ертіп жүріп, жоқ пен бардың, ақ пен қараның, алыс пен жақынның, жақсы мен жаманның ара-жігін көрсетті, үйретті, баулыды. Әке көрген Азамат атына лайық болып өсті.

Әріп Битілеуұлы – мен үшін бекзаттықтың, кісіліктің, кішіліктің, кеңдіктің, парасаттың, өнегенің өлшемі. Атына заты сай азамат мен сияқты қаншама жасқа жақсы қасиет­тердің «әріптерін» үйретті. Аға еді, ақсақал болды, абыз болу да алыс емес...

Абзал МҰХИМОВ
04 қаңтар 2024 ж. 544 0