Насыбайдан қаш!
Бұрын Кеңес үкіметі кезінде насыбай Өзбекстан, Түркіменстаннан жасырып әкеліп сататын еді. Оны құқық қорғау органының өкілдері үй-үйден іздеп жүріп, тәркілейтін. Ал, қазір жастарға дейін аузына нас салып, кез келген жерге түкіріп жүр. Бірақ солар оның қаншалықты зиян екенін біле ме, десеңші?! Бәріміз темекінің зиянын айтамыз, ал бұл – темекіден де улы.
Жас балалар оны аузына салып, дәмін татады. Насқа бір үйренген адам оны өмір бойы тастай алмайды. Тастаса, басы ауырып, денесі ісініп, қол-аяғы қозғалтпай, жұмысқа зауқы соқпайды. Оның нашадан еш айырмасы жоқ.
Бұрын базарда ашықтан-ашық тамақпен қосып, мөшек-мөшек көк нас сатылатын еді, соңғы жылдары заң қатаңдатылғаннан кейін сауда, дүкен сөрелерінен алып тастады. Бала тәрбиелеп отырғасын ол заңның шыққанына қуандық. Бірақ, деннің саулығын емес, қара басының пайдасын көздегендер тығып сататынды шығарды бүгінде. Соны тиісті орынның адамдары мұқият қараса деймін.
Гүлзира БЕКЖАН,
Әйтеке би кенті.
Тақырыпқа орай:
Соңғы 10 жыл көлемінде Қазақстанда насыбай қолданатын адамдардың саны көбейіп кеткен. Насыбайды Еуропаға Америкадан Христофор Колумб әкеліпті деседі. Насыбай сөзінің өзі осы ұнтақ жасалатын «нас» өсімдігінен алынған.
Насыбай, негізінен, махоркадан немесе табактан жасалады. Насыбайдың құрамында улы никотин заты, табак жапырақтары, әк, күл, тауық пен түйенің көңі кездеседі. Сонымен қатар, оған түрлі майлар мен шөптерді де қосады екен. Бұлардың барлығы да адамның ағзасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Үнемі насыбай салатын адамдардың пародонтоз, ауыз рагына, асқазан-ішек ауруларына, гастритке шалдығу қаупі бар.
Көршілес Өзбекстан елінің онкологиялық орталығының мәліметіне қарағанда, ауыз, тіл рагына шалдыққандардың 80 пайызы насыбай ататындар болып шыққан.
Пікір 1