Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылшадан келер қауіп сейілер емес

Қызылшадан келер қауіп сейілер емес

Бүгін Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаев қызылша ауруының белгілері мен оның алдын алу туралы қоғамдық даму бөлімінің баспасөз орталығында арнайы брифинг өткізді.

Брифингте қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу барысы «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі аталған ресми парақшасы арқылы көпшілікке баяндалды.

– Қызылша ауруы – жедел дамитын жұқпалы ауру. Бұл аурудың қоздырғышы ауру адамнан сау адамға ауа арқылы жұғады. Ауру кең өріс алған кезде қызылшаға қарсы егілмеген және иммунитеті әлсіреген адамдардың 90 пайызы ауырады. Қызылша ауруының жасырын өту кезеңі 7-28 күн аралығында, орташа 7-10 күн. Аурудың басталу кезеңі 3-5 күнге созылады, науқастың дене қызуы көтеріледі, жоғарғы тыныс жолдары қабынып, құрғақ, қақырықсыз, қатқыл жөтел пайда болады. Мұрнынан су ағып, дауысы қарлығады, ентігу, ауыз қуысы, жұтқыншақтың қызаруы, көздің қызарып, жасаурауы болады. Сондықтан ауру белгілері байқалғанда тез арада дәрігерге көріну қажет.
Қызылша ауруынан сақтанудың ең тиімді жолы және негізгі қорғану тәсілі – екпе салдыру болып табылады. Осыған орай, Сырдария ауданы бойынша иммундау науқаны басталар алдында жергілікті емдеу сауықтыру ұйымымен егілуге тиісті – 3348 контингент жоспарланды. Оның ішінде: 6-ай - 10 ай 29 күн – 826 бала, 2 жас - 4жас 11 ай 29 күндік – 2197 бала, 195 – медицина қызметкері және 198 – қызылша ауруына қарсы бұрын екпе алмаған және егілу статусы белгісіз азаматтар алынды. Бүгінгі күнге екпемен қамтылғандар саны – 2133, (73,5 %) оның ішінде: : 6-ай - 10 ай 29 күн – 247 бала (66,2%), 2 жас - 4жас 11 ай 29 күндік – 1711 бала (73,3%), медицина қызметкері – 175 (89,7%), қызылша ауруына қарсы бұрын екпе алмаған және егілу статусы белгісіз азаматтар – 0. Аудан тұрғындары арасында егу жұмыстарына қарсы көзқарас қалыптасуына байланысты басқарма мамандарымен санитариялық ағарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – деді Самалбек Өмірбаев.


Қызылша ауруының алдын алу барысында мекеме қызметкерлері арасында және білім беру ұйымдары, балабақшаларда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, семинарлар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, "Қызылша ауруынан сақтанайық" тақырыбында баспасөз беттерінде мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде ақпараттық жұмыстар насихатталуда.
25 желтоқсан 2023 ж. 147 0