Вакциналау аурудың алдын алады
Қазақстанда қызылша ауруы өршіп тұр. Осы күні елімізде қызылшаны жұқтырғандар саны 21 мыңнан асты. Яғни салыстырмалы түрде айтқанда жұқпалы ауруға Эфиопияда – 11 мың, Пәкістанда – 8 мың, Конгода 6 мың адам шалдыққан. Қазақстан тіпті Африка елдерінің алдына шығып, ауру жұқтырғандардың саны бойынша алдыңғы үштікте тұр. Ауруды жұқтырғандардың дені балалар екені белгілі. Ауырғандардың 70 пайызға жуығы қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Шын мәнінде алаңдатарлық жағдай. Сондықтан бұл дерттің қаншалықты қауіпті екенін және қызылша ауруының белгілері мен оның алдын алу туралы әркім білуі тиіс. Бұл ретте аудандағы ахуал жайында Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаев сұрақтарға жауап берді.
– Самалбек Сүлетбекұлы, қызылша қандай ауру, оның қандай ерекше белгісі бар, одан сақтанудың қандай тиімді жолы бар?
– Қызылша ауруы – жедел дамитын жұқпалы ауру. Бұл аурудың қоздырғышы ауру адамнан сау адамға ауа арқылы жұғады. Ауру кең өріс алған кезде қызылшаға қарсы егілмеген және иммунитеті әлсіреген адамдардың 90 пайызы ауырады. Қызылша ауруының жасырын өту кезеңі 7-28 күн аралығында, орташа 7-10 күн. Аурудың басталу кезеңі 3-5 күнге созылады, науқастың дене қызуы көтеріледі, жоғарғы тыныс жолдары қабынып, құрғақ, қақырықсыз, қатқыл жөтел пайда болады. Мұрнынан су ағып, дауысы қарлығады, ентігу, ауыз қуысы, жұтқыншақтың қызаруы, көздің қызарып, жасаурауы болады.
Аурудың өршіген кезеңінде дене қызуы жоғары деңгейге дейін көтеріліп, денеде бір-бірімен қосылған анық қызыл бөртпелер пайда болады. Бірінші күні бетке, құлақ артына, мойынға, кеуденің жоғарғы бөлігіне, екінші күні кеудеге, қолдың жоғарғы жағына, ал үшінші күні қол мен аяққа тегіс бөртпелер шығады. Үшінші күннен кейін бөртпелер біртіндеп қайта бастайды. Теріде дақтар қалады, аурудың айналасындағыларға денесінде бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн, бөртпе пайда болғаннан кейін 4 күн ішінде ауру жұқтыру қаупі жоғары болады. Сондықтан ауру белгілері байқалғанда тез арада дәрігерге көріну қажет.
Қызылша мен қызамық ауруынан сақтанудың ең тиімді жолы және негізгі қорғану тәсілі– балаларға қызылша, қызамық ауруларына қарсы екпе салдыру болып табылады.
– Осы күні аудан бойынша аурушаңдық көрсеткішіне тоқталсаңыз?
– Аудан бойынша 13 желтоқсан күнге лабораториялық зерттеумен нақтыланған 12 қызылша ауруы есепке алынды. Аурушаңдық көрсеткіш 100 мың халыққа шаққанда 31,7 пайызды құрады. Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда қаласында, одан кейін Арал мен Шиелі аудандарында эпидемиологиялық ахуал жүздеген науқасты көрсетіп тұр. Аудан елді мекендері бойынша бүгінде кентте 6 жағдай және Бесарық пен Шіркейліде екеуден, Аманкелді мен С.Сейфуллинде бір-бір жағдайдан тіркелді.
– Өзіңіз айтқандай, екпе алу қорғанудың ең тиімді тәсілі, дегенмен екпе балаларға неше жасында салынады, қайталап егу де жүргізіледі ме? Бүгінде ауданда екпе салу деңгейі қандай?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысына сәйкес қызылша ауруына қарсы жоспарлы түрде 1 жасында, қайталап егу (ревакцинация) 6 жасында жүргізілуі тиіс.
ҚР БМСД 01.11.2023 жылғы №7 қаулысына сәйкес 06.11.2023 жылдан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталып, аудан бойынша 1 жасқа дейінгі (6-10 ай 29 күн аралығындағы) сәбилерге және 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға жаппай иммундау шараларын жүргізу бойынша 291 бала жоспарланып, бүгінгі күні 232 бала егумен қамтылған. 127 медициналық қызметкерді вакциналау жоспарланса, оның 68-і екпе алған. 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күн аралығында 2332 бала жоспарланып, оның 965-і вакциналанған.
Аудан тұрғындары арасында егу жұмыстарына қарсы көзқарас қалыптасуына байланысты басқарма мамандарымен санитариялық ағарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Қызылша ауруының алдын алу барысында емдеу-сауықтыру мекеме қызметкерлері арасында және білім беру ұйымдары мен балабақшаларда семинар ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Қызылша ауруынан сақтанайық» тақырыбында мақала жарияланып, facebook, instagram әлеуметтік желілерінде ақпараттық жұмыстар насихатталуда.
– Вакцинаның пайдасы бар және вакцина жұқпалы аурудың алдын алу үшін қолданылады деп нық айтасыз ба?
– Әрине, вакцинаның пайдасы – індеттің зардаптарынан қорғану үшін иммундаудан өтудің қажеттілігі өте үлкен. Өйткені ұжымдық иммунитеттің арқасында инфекциялардың эпидахуалы біршама тұрақтанады. Вакциналау – індетке қарсы ең тиімді жол екені дәлелденген. Соңғы уақытта көпшілік арасында вакцинация, яғни екпе туралы әңгіме жиі айтыла бастады. Бұл, әрине, бүкіл әлемді дүрбелеңге салған коронавирус инфекциясының адамзатқа тажал сеуіп, ауыр зардап шектіріп отырғанына тікелей байланысты туындап отыр. Вакциналау көптеген инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында ертеден-ақ кең қолданылып келеді.
Вакциналау балалар мен ересектерді полиомиелит, қызамық, қызылша, көкжөтел, гепатит, сіреспе, туберкулез сияқты қауіпті аурулардан қорғауға көмектеседі. Оған басым көпшілік түсіністікпен қарайды.
Вакциналарға қарсы адамдар әрдайым болғанымен, көпшілік XXI ғасырдың ең үлкен денсаулық жетістіктерінің бірі ретінде вакциналауды қолдайды.
Вакциналау арқылы бүгінгі таңда 20-дан аса жұқпалы аурудың алдын алуға болады. Оның барлығы Ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілген және оларды тегін алуда.
Вакциналау – инфекциялық аурудың алдын алып, адам өмірін сақтап қалудың қауіпсіз және тиімді әдісі. Егер вакцина алсақ, біз өзімізді ғана емес, айналамыздағы адамдарды да қорғаймыз.
Қазақстан Республикасында балаларға жоспарлы профилактикалық егулер Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі. Барлық екпе бюджет қаражаты есебінен тегін жасалатынын еске саламыз.
– Қызылшамен ауырған баланы қалай емдейді? Көбіне ата-аналар баланы үй жағдайында ұстайды, бұл дұрыс па, жалпы дәрігер ретінде қандай кеңес бересіз?
– Қызылшамен ауырған бала айналасындағы сау балалар үшін бірінші күннен бастап қауіпті. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен ата-анасы жылдам учаскелік дәрігерге хабарлау керек. Баланы сау балалардан оқшаулап, бөлек бөлмеде ұстаған жөн. Ауру баламен бірге болған балалар 17 күн бойы балабақшаға, мектепке жіберілмейді.
Қызылшамен ауырған бала үйде міндетті түрде дәрігердің бақылауымен емделеді. Егер баланың жағдайы нашарласа, онда ол аурухананың оқшауланған бөлмесіне орналастырылады. Негізінен ауырған бала алғашқы күннен бастап төсекте жатуы тиіс. Төсек-орнын жиі-жиі ауыстыруды ұмытпау керек. Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, күн сайын еденді, терезені, есікті сулы шүберекпен сүртіп отырады. Терезеден бөлмеге күн сәулесі жақсы түсуі тиіс, бірақ оның баланың бетіне түспегені дұрыс. Сырқаттанған бала шуды жақтырмайды, сондықтан да үйде тыныштық болғаны жөн. Сонымен бірге тұмауратқан немесе тағы да басқа сырқаттармен ауырып жүрген адамдардың науқас баланың қасына баруына болмайды. Өйткені ауырып, қорғаныс күші әлсіреген бала басқа ауру жұқтырып, жағдайын бұрынғыдан да нашарлатып алуы мүмкін.
Ауыздың іші мен тіл қабынбас үшін, бала тамақтанып болған соң аузын қайнатылған таза сумен немесе сода ертіндісімен шаю керек. Сырқат балаға сүт, әртүрлі жеміс-жидектердің шырындарын, көже, сорпа, булап пісірілген балық немесе басқа де ет (құс, сиыр еттері) пайдалы. Балаға жиі-жиі жеміс-жидек шырындарын, минералды су берген дұрыс. Ал температурасы басылып, жағдайы жақсара бастағаннан кейін балаға бұрын ішкізіп жүрген тамақтарын біртіндеп бере бастауға болады. Бала науқасынан айыққаннан кейін де үш-төрт апта бойына, кейде 2-3 айға дейін күш жиып, бұрынғы қалпына келе алмайды. Осы кезде баланың күтімі жақсы болуға тиіс. Тамағын мезгілінде беріп, түсте ұйықтауына көңіл бөлу және таза ауада жиі серуендеуіне, ойнауына назар аударған жөн.
– Сұхбатыңызыға рақмет!
Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ
Бибісара ЖАНӘЛІ