34 науқас анықталды
Қазір қызылша ауруы өршіп тұр. Үлкен де, кіші де осы дертке шалдығып, республика бойынша қызылша ауруының белгісі бар науқастардың саны артқан. Осы ретте Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, ауданда қызылша дертінің 34 дерегі анықталса, оның 9-ы зертханалық жолмен нақтыланған.
Мамандардың айтуынша, қызылшада инкубация кезеңі 8 және 12 күн немесе 3 аптаға дейін созылады екен. Сырқаты бар науқастың дене қызуы көтеріліп, тамағы қызарады. Мұрны бітеліп, жөтел пайда болады. Вирус көздің шырышты қабатының қабынуымен жүреді. Адамның бетіне шыққан бөртпе 2-3 күнде денесіне жайылады. Науқас вирустың ауыр деңгейіне шалдыққан жағдайда дене қызуының +40°C-қа дейін көтерілуі байқалады.
– Қараша айынан бастап елімізде қызылшаға қарсы иммундау, яғни екпе егу жұмыстары басталды. Жаппай иммундау іс-шарасын жүзеге асыру бойынша ауданымызда 291 балаға екпе егу жоспарланған. Осы күні 196 бала дертке қарсы екпе алды. Ата-аналар баласының дер кезінде екпе алуына ықпал етіп, жұқпалы дерттің көбеюіне жол бермегені дұрыс. Бізді ересек адамдар арасында қызылшаны жұқтыру дерегі анықталғаны алаңдатады. Сырқаттанған адам 21 күн оқшауланатынын ескертеміз, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы С.Өмірбаев.
Ақ халатты абзал жандар қызылшадан сақтанудың ең оңай жолы жеке бас тазалығын сақтау, саламатты өмір салтын ұстану, екпе қабылдау екенін айтады. Сонымен қатар жылы жүріп, тұмаудан сақтанудың да маңыздылығын ескертеді.
– Вирус анықталған жағдайда науқас бірден дәрігердің бақылауына алынады. Қазіргі уақытта жұқпалы аурулар бөлімшесінде 2 адам, жан сақтау бөлімшесінде 1 адам, амбулаториялық жолмен 3 адам ем қабылдап жатыр. Жағдай жіті бақылауда, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанар Жұмабаева.
Б.ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден