Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысының 132 мың тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

Қызылорда облысының 132 мың тұрғыны МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған

Өңірде тұрғындардың 86% МӘМС жүйесінде сақтандырылған. 132 мыңға жуық адам толық көлемде медициналық көмек ала алмай отыр. Бұл туралы МӘМС мәселелері жөніндегі өңірлік штабтың жиынында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен жиында өңір тұрғындарын МӘМС жүйесімен қамтудың өзекті мәселелері қаралды.

Сақтандырылмаған азаматтардың ең көп саны облыс орталығында, шамамен 57 мыңға жуық адам. Сондай-ақ, Қармақшы ауданында, Төретам, Ақай ауылдары және Байқоңыр қаласында МӘМС жүйесіне азаматтарды тарту деңгейі төмен. Барлығы 28 мыңға жуық тұрғын МӘМС жүйесінен тыс қалды, деп хабарлады Бақыт Исмаханбетов.

«Облыста 132 мыңнан астам сақтандырылмаған азамат бар, бұл облыс халқының 16,2 пайызын құрайды. Олардың басым бөлігі 12 ай бойы төлемі жоқ тұрғындар, сондай-ақ МӘМС жүйесіндегі жеңілдікті мәртебесінен айырылған азаматтар. Осыған байланысты Байқоңыр қаласында МӘМС мәселелері бойынша дербес жұмыс тобын құруды ұсына отырып, облыстың барлық елді мекендерінде МӘМС жүйесіне тарту бойынша жұмыстар тың серпін алу қажет», - деп атап өтті Бақыт Исмаханбетов.

Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары, өңірлік штабтың төрағасы Мейрамбек Шермағанбет қала, аудан, кент, елді мекен ауылдық округтерінің әкімдеріне әрбір тұрғынның МӘМС жүйесіне қосылуын барынша күшейтуді тапсырды.
25 желтоқсан 2023 ж. 95 0