Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұлғалар тағылымы

Тұлғалар тағылымы

Қазақстанның халық жазушысы, майдангер Қалижан Бекхожинге «Менің замандастарым» кітабы үшін Мемлекеттік сыйлық берілгенде салтанатты рәсімнен кейін қаламгер соғыс жылдары туралы тебірене әңгімелеп, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы туралы айтыпты. Бірер жыл бұрын осы әңгімені Әби Сарқыншақовтан естіп, тұлғалар тағылымы тереңде екеніне көз жеткізген едік. Бүгін сол туралы жазып, ескіден жеткен есті сөздер негізінде оқырман қауымға өз ойымызды өрнектеп ұсынбақпыз.

Жазушы Қалижан Бекхожин мінезді, байсалды азамат болған деседі. Соғыстың оты мен өртін көзбен көрген, қай кезде де бүгежектемей турасын айтатын ол бірде даңқты Бауыржан Момышұлымен сөзге келіп, ренжісіп қалыпты. Екеуі де шарт кетеді. «Ер шекіспей, бекіспейді» демекші, бәлкім, бұл да бір тұлғалар арасындағы ерекшелік болар. Сөйтіп қазаққа қадірі артқан қайраткерлердің арасындағы кішігірім тайталас үлкен дауға ұласуы мүмкін деп топшылайды көп­­шілік. Бірақ бәрі жұрт ойлағандай болмай шығады.

Ертесіне Қалижан Бекхожин інілік ізет танытып, Бауыржан Момышұлымен кездесуге ниет­те­ніп, Жазушылар одағына ертерек барады. Қаламгер екінші қабаттағы шығармашылық бөл­месіне асықпай жайғасады. Бірақ кісікиік бол­мысты адам бірінші болып құшақ жая шүйір­ке­ле­суге аса құлықты болмайды. Көп уақыт өтпей жұрт қарасы да көбейіп, одақта өтетін іс-шараға қа­­тысушылар топ-тобымен жинала бас­тайды. Ара­сында белгілі жазушыларды көру үшін ауылдан Алматыға арнайы келген адамдар да болады.
Сағат тура тоғыз болды дегенде Б.Момышұлының төбесі көрінеді. Алғашында Қ.Бекхожин сыр бермес­тен, назар аудармас­тан отыра береді. Сол арада батырға бір жас жі­гіт барып сәлем береді. Сол кезде Бауыржан Момышұлы әлгі жас жігітке қарап:

– Сен мені танисың ба? – депті.

Аңызға айналған Алашқа белгілі азаматты бірінші рет көзбен көріп тұрған әлгі жігіт:

– Әрине, Бәуке, танимын ғой, – дейді.

– Танымайсың, – деп гүр етіпті батыр Бәукең.

– Танимын ғой, танимын, – дейді әлгі жігіт жасыңқырап.

– Сіз Бауыржан Момышұлысыз ғой...

– Жоқ!

Мұндайды күтпеген жас жігіт тіпті сасып қалады. Баукең сол кезде Қ.Бекхожинді нұсқап былай депті:

– Мен анау жерде отырған атақты ақын, қадірлі қаламгер Қалижан Бекхожинның ағасы­мын. Иә, ағасымын.
Сол-ақ екен «Ағасымын» деген сөзді естіген Қалижан Бекхожин орнынан атып тұрып, «Ассалаумағалейкум, Бәуке-аға!» деп жанына жетіп барып, құшақтап алыпты.

Бірер жыл бұрын осы естелікті өмірінің көп жылын Қалижан Бекхожин туған Баянауыл өлке­сінде өткізген Әби Сарқыншақовтан естіп, аға мен іні арасындағы рухани байланысқа, те­рең парасатқа таңғалдым. Ерлікті ғана емес, елдікті ту еткен тұлғалар тағылымы тереңде екеніне көз жеткіздім. Бәлкім ел мақтанына айналған ерлер осындай іргелі істерімен, кесек мінездерімен тарихта қалған шығар...

Осы ретте даңқты батыр Бауыржан Момышұлы мен Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбековтің арасын­дағы байланыс туралы жұрт біле бермейтін тағы бір сыр бар. Оны да жақында білдік. Оқырман қауымға бұл да қызықты ақпарат деп ойлаймыз.

Биыл Жазушылар одағының Қызылорда об­лы­­сындағы мүшелері облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен Алматыға шығар­машылық сапармен барып қайтты. Бірінші күні Кең­сайда болып, қайраткер-тұлғалар рухына тағзым еткен сырбойылық азаматтар бірнеше күн қатарынан түрлі бағыттағы әдеби-мәдени іс-шараларға да қатысты. Бұл жолы біз белгілі бір себептермен Алматыға бара алмай қалдық. Десе де Қ.Есімсейітова бастаған қаламгерлер Ал­матыдағы сапардың барысы жөнінде кеңі­нен ақ­параттандырды.

Сол сапарда Қаршыға Есімсейітова батыр баба­мыз Б.Момышұлының Кеңсайдағы бейітін суретке түсіріп, ұялы телефон арқылы жолдады. Суретті қарасақ, даңқты тұлға жерленген зираттың жанында үлкен белгі бар екен. Мұндай белгіні біздің Қал-ағаңның және басқа да ұлт қайраткерлерінің бейітінің жанынан да көруге болады. Енді Б.Момышұлының бейітінің басына қойылған әлгі белгіні Ш.Ниязбеков орнатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл туралы бір сұхбатында белгілі суретші тебірене баяндап, туған анасының Б.Момышұлымен туыс екенін айтады. Он жасында ата-анасынан айырылып, жетім болып өскен Ш.Ниязбеков анасына құрмет ретінде нағашысы Б.Момышұлының жерленген жеріне құлпытас орнатуды жөн көріпті. «Даңқты батырға тағзым етіп, рухына құран бағыштауға келушілер көп. Құлпытас пен белгі – біздің құрметіміз» деп жазып қалдырыпты Ш.Ниязбеков. Бұл да бір даналық, парасаттылық екені анық.

Жалпы Ш.Ниязбеков – қазақ сурет өнерінің көрнекті өкілі ғана емес, өмірінің соңына дейін Б.Момышұлының мұраларын, ерлік істерін наси­хат­таушысы болыпты. Мұны Ауған соғысының ауыртпашылығын бір кісідей сезінген Бақытбек Смағұл ағамыздың ауызынан талай рет естідік. Ау­данға келген бір сапарында айбатты азамат Қазақстанның Мемлекеттік Туының авторы Ш.Ниязбековтің 70 жасқа толуына арналған салтанатты жиын туралы әңгімелеген еді.

– 2008 жылғы 11 желтоқсанда Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында ұйымдастырылған салтанатты кешті алғашында Тұңғышбай Жаманқұлов басқарады деп белгіленіпті. Алайда ізінше ұйымдастырушылар маған хабарласып: «Сіз басқаратын болдыңыз. Шәкен ағаның өзі «Бақытбек басқарсын!» деп табандады» деді.

Пойыздан Таразға түнгі сағат 3-те түскенмін. Ұйқыны ұмытып, сценарийді қайта жасауға кірістім. Республиканың барлық өңірінен делегаттар жиналған. Зал лық толды. Салтанатты кеш жоғары деңгейде өтті. Дүйім жұрт ­Шәкен ағаға құрмет көрсетіп, дән риза болып тарас­ты. Шәкен ағаға Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалін табыстадым. Қатты қуанды.

Бұл кісі ұлы қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туысы, батырдың апасынан туған, – деген еді Бақытбек Смағұл.

Ш.Ниязбековтің өмірінің тағылым аларлық тағы бір тұсы бар. Ол өзінің 70 жасына арналған мерейтойлық дастарханда «Марапаттарымның ең жоғарғысы – Б.Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі» деген екен. Бұл да бір даналық, парасаттылық. Тұлғалар тағылымы осын­дай болса керек-ті...


А.Ибрагимұлы
20 желтоқсан 2023 ж. 194 0