Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаттық қазаққа оңай келмеді

Азаттық қазаққа оңай келмеді

Желтоқсан оқиғасына – 37 жыл. Осынша жыл бұрын Алматы қаласында орын алған оқиға тарихта қатталып жазылды. Міне, арада қанша жыл өтсе де естен кетпес естеліктердің айтылуы заңды. Сондай естелікті ұлағатты ұстаз Бағдагүл Кенжеғараева айтып берді.

Алыстағы айдынды Аралдың Сексеуіл станциясында балалық шағы өтіп, арман қуып ару Алматыға оқуға түскен бойжеткен 1986 жылы Қыздар педагогикалық институтының студенті атанады. Он сегіз жасар қыз бала – еліміздің астанасы Алматының орталық алаңында орын алған қанды қырғынды көзімен көргендердің бірі. Қазір арада қаншама жыл өтсе де көзімен көрген оқиға естен кетпеген. Сол кездегі солақай саясаттың озбырлығына төзбеген қазақ жастарының арман тілегі біреу ғана еді. Ол – қазақ тілінің ары мен болашағы.

Бейбіт шеруден басталған қанды қырғын

«Ел тарихында 1986 жылдың 16 желтоқсаны Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағай­ын­далуымен есте қалды. Бұл тағайындалуға наразылық білдірген қазақ жастарының алаңға шығып, өз талап-тілектерін айтқанымен, оған құлақ асқан билік болмады», – деген ұстаз Желтоқсан оқиғасы болған уақытты еске алды.

– Сексеуілдің №22 теміржол мектебін бір сыныптан 42 бала бітіріп, оның 16-ы Алматыға оқуға түстік. Жанымдағы құрбым Жәмила Жұмқанова филология факультетінде оқыды. Бір жатақханадамыз. 16 желтоқсан күні түстен кейін дене шынықтыру сабағы КазГу-дің шаңғы тебу алаңында өтетін болды. Сол күні түс­тен кейін сабаққа шықтық. Байқасақ, көше толы адам екен, көбі жастар. Оның себебін сұрағанымызда, қазақ жастарының елдегі өзгеріске келіспейтіндіктерін айтып, алаңға шығып жатқанын білдік. Шет жағасын естігендіктен, бізге оқытушымыз сабақ болмайтынын айтып, кері қайтарды. Жатақханаға келген соң кешкісін құрбым «алаңға барып көрейік, не жағдай болып жатыр екен» деген соң, бірнеше қыз жатақханадан шығып, Брежнев алаңына бардық. Ол күні жастар алаңға көп жиналмады. Түн ортасында қайтып келдік. Ертесіне тағы да алаңға баруға бел шештік. Бір-бірінен естіген жастар бұл күні көп жиналыпты. Айнала толы милиция қоршап алған. Өрт сөндіру машиналары тұр. Жастарды трибунаға жақындатпайды. Олардың айқайлап айтқандары – «Өзіміздің басшымызды қайтарыңдар» деген  талап-тілектері болатын. Бір кезде қызыл жағалылар топқа лап беріп, жастарды ұрып-соға бастады. Өрт сөндіру машиналарынан суық су атқылады. Жанымдағы құрбым Жәмиланың үстінде жаңа пальтосы бар еді. Топтың ішінде тұрғанымызда пальтосының етегі жыртылып қалыпты. Бойымызды қорқыныш билеп, жатақханаға қайтуды жөн көрдік. 6-7 аялдама жаяу жүрдік, арасында жүгірдік. Жерасты өткелінен өткенімізде милициялардың қыздарды ұрып-соғып жатқанын көрдік. Жап-жас қыздармыз, мұндай сұмдықты көзіңмен көрудің өзі қорқынышты еді.

Қазақтың намысы тапталған күн

Жатақхананың іші сырты күзетке алынды. Оқытушылар студенттерді сыртқа жібермей тұрды. Терезеден қарағанымызда сыртта жүрген топ-топ жастар, студенттер, «Қыздар, шығыңдар алаңға, намыстарың жоқ па?» деп айқайлаған дауыстарды естідік. Бәріміздің бойымызды үрей биледі. Ертесіне троллейбуста орыс­тар қазақтарға ала көзбен қарап, ауыздарына келгендерін айтып жатты. Қайран, қор болған қазағым-ай. Оларға қарсы келуге дәрмен болмады. Оқытушыларымыздың «Тыныш жүріңдер, оқудан шыға­сың­дар» деген сөзіне тоқтадық. Аудиторияға келгенімізде сабақты тоқтатып, бірнеше милиция келіп, алаңға шыққандарды іздеді. Олар әрбіріміздің бетімізге бажырайып қарап, қолдарындағы фотолармен түрімізді салыстырды. Естуімше, ауылда бірге оқыған Гүлмира деген құрбым архитектурныйда оқитын. Сол құрбым Колбинге дейін кіріпті дегенді естідік. Артынша 5 жылға сот­талып кетті. Абақтыдан шыққан соң қайта институтқа оқуға түскенін білдік.

Оқиғаның алғашқы күндерінде жатақханаға мені іздеп нағашым келді. Жақау Дәуренбеков деген жазушы болатын. «Ана тілі» баспасының директоры еді. Маған келіп, «Қызуқанды едің, алаңға кетіп қалмадың ба» деп қамқорлық танытып, әрең дегенде сұрап өзімен бірге үйіне алып кетті.

Дегенмен сол жылды қорқынышпен өткіздік, біреу келіп, танып алып кететіндей сезімде болдық. Жалпы тезірек оқуды бітіріп, ауылға оралуды армандадым, – дейді Бағдагүл Хаметқызы.

Қаралы күн естелігіло естен кетпейді

Желтоқсан оқиғасы елдің тарихында қашалып тасқа таңбаланды. Орыстың озбырлығы билік құрып, қазақтарды кемсітудің ақыры қанды қырғынмен аяқталды. Сол кездегі жастардың бойын ашу ыза биледі. Өз еліңде тұрып қазақ тіліне деген құрметтің жоқтығы жанды жегідей жеді. Алаңға жиналған жастардың «Менің Қазақстаным» және «Атамекен» әнін орындауы ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілігін білдіргенімен, қазақ жастарын адам құрлы көрмеді. Трибунаға шыққан зиялы қауым өкілдері арасында Халық әртісі Роза Бағланованың болғанын ескі кадр­лардан байқауға болады. Көз жасын көл қылған қайраткер «Қарақтарым, босқа қырылып қаласыңдар, тараңдар!» деп жалынғанымен, жастар көнбеген. Олар «Бір күнде ұлттың тағдырын неге шеше салады, Қонаевтың өзі шығып айтсын, өз аузынан естиміз, демократия қайда?» деп айтудың ақыры жазалаумен аяқталатынын білмеп те еді.

Иә, қарусыз бейбіт шерудің ақыры құқық қорғау қызметкерлерінің ұрып-соғып, суық су шашып, есінен танып қалғанын сүйреп, автокөліктерге тиеумен аяқталды.

– Мен екінші күні алаңға шыққанымда мұздай киінген, түрлері сұсты, барлығы да еңгезердей қолдарына қалқан ұстаған солдаттарды көрдім. Қандарын ішіне тартып, сазарып тұрған түрлері әлі көз алдымда. Құрбым екеуміз де таяқ жедік. Бірақ ол жерден қашып шығуға асықтық. Жатақханаға келгенімізде жүрегіміз тарсылдап соғып тұрды. Сол түнді кірпік қақпастан ұйықтамай таң атқыздық. Алаңға шыққанымызды ешкімге айтпасақ та, алаңға барғанымызға ешқашан өкінген емеспіз, – дейді кейіпкеріміз.

Қазақтың рухыбиік болды

Бейбіт шеруге шыққан жастар таяққа жығылды. Оқиға кезінде белсенді болған жастарды жауапқа тартып, абақтыға жапты. Жастар тіл мәселесін ашық айтып, билікке өз ұлтымыздың адамы келуі керек деген талап қойғаны үшін қатаң жазаланды.

– Шын мәнінде қазақ тілінің қадірі болмады. Тіпті орысша сөйлеуді талап ететін жағдайлар да болды. Сол уақытта қазақ тілі қолданыстан шығудың аз-ақ алдында тұрды. Бұл сол кездегі саясаттың кесірі еді. Солақай билік қыз балаларды да аямады, таяққа жықты. Ал сол кезде қоғам алаңға шыққан жас­тарды «бұзақы, ұр да жық, ұлтшыл, бүлікшіл» деп айыптап, жазды.

Біздің ауылдан шыққан қаншама жастар Алматыда оқығандықтан, Желтоқсан оқиғасына қатысты деген айыппен жазаға ұшырады. «Қоғамға қарсы әрекеттер жасаған, азаматтық жауапсыздық пен саяси таяздық көрсеткен нашақор, бұзық жастар жауапқа тартылып жатыр» деген ақпарат тарады.

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан жастар таяқ жеп, жазықсыз қамалса да ешқашан өкінбеді. Өйткені болашақтың қамы үшін бастарын бәйгеге тікті, – дейді Бағдагүл апай.

Бүгінде ұлағатты ұстаз атанған Бағдагүл Хаметқызы Айдарлы ауылында тұрады. Осындағы №139 орта мектепте ұстаздық етеді. Құдай қосқан қосағымен бірге 5 бала өсіріп, тәрбиеледі, немерелер сүйіп отырған бақытты отбасы.

Тәуелсіздіктің таңы атқанына да 32 жыл болды. Осынау жылдар ішінде халқымыз елдің, жердің, тілдің, ділдің қадірін біліп, қасиетті Отанымыздың бейбіт аспанында өмір сүріп келеді. Бұл ата-бабамыз аңсап өткен азаттықтың жемісі. Лайым ұзағынан болғай!
Бибісара ЖАНӘЛІ
16 желтоқсан 2023 ж. 198 0