Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғайдағы толассыз тіршілік

Тоғайдағы толассыз тіршілік

Көгілдір отынды тұтынған жергілікті халық біршама бейнеттен арылғаны көпке аян. От жағып, күл шығырудан босаған табиғи газды тұтынушы қытымыр қыстан қиналмай шығуда. Қысы-жазы әрбір үйге газдың кедергісіз келуіне себепкер атанып отырған сала маманының еңбегі орасан. Бұрнағы күні редакцияға «Интер Газ Центральная Азия» мекемесіне қарасты АГРС «Тереңөзек» стансасының опереторы Алмат Нұрұшев бас сұққан болатын. Өз кезегінде Сырдария және Жалағаш ауданына көгілдір отынды жеткізумен айналысатын арнаулы өкілдіктің маманымен аз-кем пікірлесудің сәті түсті.

Жалпы, аудан аумағында газ тарату жүйесімен қос мекеме айналысады. «Қызылорда газ тарату жүйесі» КМК көгілдір отынды пайдаланудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, АГРС «Тереңөзек» стансасы аудан орталығына табиғи газды жеткізумен айналысады. Құрамында 7 қызметкер бар мекеменің бөлініске сай жүргізілетін өзіндік міндеттемесі бар. Негізінен, күн райына қарамастан, тәулік бойы дамылсыз еңбек ететін әрбір маман газдың қысымын бақылап, апаттық жағдайдың орын алмауын назардан тыс шығармайды. Жүктелген жұмысты мүлтіксіз орындауға тырысатын Нұржан Сұлтанов, Әділет Есназаров, Серікбол Биболатұлы, Медет Шитманов, Фархад Қиықбаев, Ерәділ Тілеуов барынша ыждағаттылық танытады. Аңғарусыз қалған іс-әрекеттің арты – шығыны зор апатқа ұшыратуы мүмкін. Сондықтан тиянақтыпен жасалған жұмысқа  мүдделі іргелі ұжым тұр.

– Ең алғаш Тереңөзек кенті табиғи газға қосылғанда жергілікті жұртшылықтың қуанышында шек болмады. 2020 жылы АГРС «Тереңөзек» стансасы ретінде ашылған мекеменің негізгі қызметін көпшілік біле бермейді. Аудан орталығынан шеткері, яғни тоғайда орналасқан газ құбырлары біздің ұдайы бақылауымызда болады. Жаңабыр және қарлы, боран күндерде де, тұтынушы үшін қызметіміз тоқтамайды. Айта кетейік, АГРС «Тереңөзек» стансасына желілік құбыр арқылы 100 келі қысыммен газ келеді. Осы орайда, мамандар жоғары қысыммен келген газды Жалағаш және Сырдария ауданына белгіленген мөлшерде түсіріп, орталық жіберуді ұйымдастырамыз. Бір жағынан денсаулыққа кері әсерін тигізетін көгілдір отынның қақ ортасында жүреміз. Сонымен қатар тұтынушылар  тұрғын үйлерінен газ  иісі шығып, ақау барын білуі мақсатында одарантты табиғи газға қосамыз. Дер кезінде орын алған апатты жойып, газдың берілуін тоқтпатпаймыз. Жауапкершілікті сезіну арқылы ел алғысына бөлене бермекпіз, – дейді АГРС «Тереңөзек» стансасының опереторы Алмат Нұрұшев.

Арнаулы мекеменің мамандары көзбен көретін қиындық атаулысы жеткілікті. Ең тоғайда құбыр жағалап, дамыл таппайтын олардың еңбегі ерен. Анығын айтқанда, сықырлаған аязды күні жылы үйде қаннен-қаперсіз жүру – сала мамандарының  арқасы екенін білген жөн. 


Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 желтоқсан 2023 ж. 232 0