Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел шекарасының қалқаны

Ел шекарасының қалқаны

Ел егемендігін алған мезеттен бейбіт өмірдің кепіліне айналған шекара қызметі – қорғаныс саласының негізгі бір бөлігі. Негізінен, еліміз 5 мемлекетпен шектеседі. Сыр өңірінде Шиелі мен Арал ауданы аралығында шекара қызметі жолға қойылған. Ал тарихы тереңде жатқан Қызылқұм маңайында «Шиелі» шекара бөлімінің арнайы «Тұщы құдық» заставасы орналасқан. Ел іргесін күзетуде қырағылық танытып, шекара қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Жандос Қоянбаев күрделі салада өлшеусіз еңбек етіп келеді.

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылындағы «Тұщы құдық» заставасының старшинасы Жандос Ертасұлы Шиелі ауданының тумасы. Ең алғаш 22 жасында шекарашы атанған сарбаз Өзбекстан елімен шектесіп жатқан аумақты көзінің қарашығындай қорғауда. Жастайынан ұлттық спорт қазақ күресімен айналысып, талай мәрте қарсыласының жауырынын жерге тигізген. Өз кезегінде ол – мемлекеттік шекараны күзетудегі мінсіз жұмысы үшін «Шекара қызметінің үздігі» деп аталатын екінші дәрежелі медальмен марапатталған. Бұған дейін «Шиелі», «Ұзынқұдық» шекара зас­тавасында абыройлы қызмет еткен сарбаз ел қауіпсіздігіне бей-жай қарамайды. Осыдан үш жыл бұрын «Тұщы құдық» заставасының старшинасы қызметіне келген Жандос Қоянбаев Антына берік екендігін қашанда дәлелдеу үстінде. Жыл қорытындысы бойынша «Үздік старшина» атағына қол жеткізген кәнігі маман қаншама қылмыстың жолын кесіп, мемлекетке келер қауіптің алдын алды.

– «Тұщы құдық» заставасы Сырдария ауданына қарасты Өзбекстан Республикасымен белдескен шекараның құмды шөлейтті аумағын күзетеді. 2021 жылы арнайы застава салынып, мемлекеттік шекараға бір табан жақындаған болатын. Біздің шекарашы сарбаздар бірнеше рет контрабандалық тауар тасымалдаған және шекара бұзушыны анықтап, тиісті органға табыстады. Осындай асқан ыждағаттылықты қажет ететін қызмет барысында әріптесіміз Жандос Қоянбаев мүлтіксіз, айна-қатесіз тапсырманы орындауға тырысады. 20 жылға жуық жұмыс тәжірибесінің арқасында шекарашы қандай болу керектігін жастарға ұғындырып келеді. Ұқыптылық пен тиянақтылықты жаны сүйетін шекарашы маман бүгінде өзінің ізбасарларын дайындауда. Бұл ретте, мемлекеттік шекараны күзетуге ынталы жастарды бірге қызмет етуге шақырамыз. Негізінен шекарашы боламын деген жастар ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясында білім алуына болады. Сонымен қатар ҚР ҰҚК Шекара қызметінің келісімшарты негізінде жұмыс істей алады, – дейді «Шиелі» шекара бөлімі бастығының орынбасары Расул Менғалимов.

Жалпы, құмды және шөлейтті аумақты күзетуде жекелеген қиындықты жеңу басты орында тұрады. Шекарашы физикалық және моральдық тұрғыда барлық жағдайға дайын болуы тиіс. Осындай күрделі саланың сайыпқыраны атанған Жандос Қоянбаев 2 қыз және 3 ұлдың әкесі. Әрине, әскери маманның көбіне отбасынан тысқары болатыны жасырын емес. Отанды қорғау жолында шекара қалқаны атанған старшинаның алдағы жұмысына сәттілік тілейміз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 желтоқсан 2023 ж. 110 0