Чемпиондардың бағын ашқан ағаш тақта
Қазақтың тоғызқұмалақ ойыны әлемдегі 150-ге жуық зияткерлік сайыстарының көшін бастап тұрғаны – еліміз үшін үлкен мәртебе. Осы кезге дейін дүниежүзі халықтары қызығушылықпен ойнап келе жатқан ұлттық спорттың көсегесін көгертуге жерлестеріміз де барын салып келеді. Алғаш зияткерлік ойынмен айналыса бастаған сәттен туған жерінің атын шығарған спортшы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Айнұр Жақапбаева пайдаланған тоғызқұмалақ тақтасы аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.
Расында, аудандық тарихи-өлкетану музейінің 11 мыңнан аса экспонатының қатарына кіретін ағаш тақтаның өзіндік тарихы бар.
Оны 1990 жылы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының төрағасы Насреддин Тлеубаевтың тапсырысымен жергілікті қолөнер шебері Исламхан Көшенов жасап шығарған. Қолөнер шеберінің ерекше туындысы әлі күнге сапасын жоғалтпаған. Тоғызқұмалақ ағаш тақтасын биыл ардагер спортшы Мектепхан Елеусінов аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорына өткізген. Айта кетейік, бұршақ дәндері арқылы ойын жүрісін жасаған спортшылар 33 жыл бойы ағаш тақтаны өздерімен бірге сақтап келген.
– Ұлттық спорттың нағыз майталманына айналған саңлақтарымыз ағаш тақтаның қадірін жақсы біледі. Чемпиондардың бағын ашқан аталған жәдігер – біз үшін құнды. Аталған тақта үстінде Айнұр Жақапбаевамен бірге тоғызқұмалақтан спорт шебері Кенбай Қарашаев, әлемнің үш дүркін чемпионы Хакімжан Елеусінов өз мықтылығын танытқан. Талай қарсыласты жеңуге септігін тигізген қолөнер туындысынмәдени ошаққа өткізуді жөн санадым, – дейді Мектепхан Елеусінов.
Әрине, өскелең ұрпақтың санасына ұлттық құндылықты сіңіру үшін тарихи мұраны молынан жинақтаған жөн. Бұл ретте, көз көрген ел ағалары ескінің сарқытын барынша насихаттай білуі – көрегенділікке жатады. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әділбек Шөжеев белгілі қолөнер шеберінің өзге де қасиетін айтып берді.
– Жерлестер мақтанышына айналған Исламхан Көшеновтің суретшілік қасиеті бар. Бүгінде Қызылорда қаласында тұратын майталман маман осыдан 2 жыл бұрын майлы бояумен көмкерілген ерекше туындысын бізге әкеліп ұсынды. Пейзаж жанрында салынған «Сырдария» өзенінің жағасынан айрықша әсемдікті байқауға болады. Ғылыми қызметкер ретінде әрбір экспонаттың тарихын зерделеп, жан-жақты мол мағлұмат жинақтауға міндеттімін. Көзіміздің қарашығындай сақталатын жәдігерлерді музей қорына өткізуге аудан тұрғындарын шақырамыз, – дейді кәсіби маман.
Балтабай ОРДАБЕКОВ