Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты мақсат – тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру

Басты мақсат – тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру

Жыл санап көркейіп, өсіп-өркендеп келе жатқан Тереңөзек кентінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуы, инфрақұрылымының жетілдірілуі, тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныс-пікірінің ескерілуі – аудан әкімінің күнделікті тікелей бақылауында. Аудан орталығында атқарылып жатқан жұмыстармен көпшілік етене таныс болса да, біз жыл бойы аудандық басылымда бірнеше рет мақала жазып, кент әкімдігінің жұмысына ақпараттық қолдау көрсеткенбіз. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияровпен кенттің тыныс-тіршілігі мен алдағы жоспарлары туралы сұхбаттастық. Сұхбаттасудың сәті кент әкімінің аудандық қоғамдық кеңес алдында есеп беруінен кейін түсіп, бірқатар сұраққа нақты жауап алдық.

– Ержан Бахтиярұлы, сұхбатымызды кенттің салықтық түсімдерінен бастасақ. Салықтың жылдық жоспары, түсімі жөнінде не айтасыз?

– Салық базасын арттыру – әкімдерге қойы­латын басты талап. Біздің жұмысымыз салық көлемінің артуымен, бөлінген қаржыны игерумен, сондай-ақ үнемделген қаржыны мақсатты жұмсаумен бағаланады. Салықтық түсімдер не­гі­зінен жеке және заңды тұлғалардың жер, көлік салығынан, жеке тұлғаның мүлік, табыс салығынан, сыртқы жарнадан және мемлекет меншігіндегі мүлікті жалға беруден құралады. Бұл көрсеткіштер бойынша әр тоқсанның қорытындысымен тиісті шаралар қабылдануда. Нәтижесінде барлық салықтық түсімдер артығымен орындалды.

– Есепті мерзімде кент бойынша қанша мемлекеттік қызмет көрсетілді?

– Жалпы кент әкімдігіне жеке және заңды тұлғалардан барлығы 112 өтініш түскен. Өтініштің 30-ы қанағаттандырылса, 82 өтінішке заңға сәйкес түсіндірмелер берілді. 2023 жылдың 10 айында кент әкімі аппаратының мамандары 56 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Атап айтқанда, «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» бойынша 12 қызмет, «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу» бойынша 19 қызмет, «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру» бойынша 25 қызмет көрсетілген. Жер учаскесін алу үшін кезекке қою бойынша өтініш түскен жоқ.

– Қазір кентте қанша халық тұрады?

– 2023 жылдың 1 қарашасындағы ақпарат бойынша Тереңөзек кентінде 11 503 тұрғын және 2510 үй-жай тіркелген. Осы ретте кенттің жалпы жер көлемі 11 116 гектар екенін, 76 көше бар екенін айтып өткенім жөн. Оның 57-і асфальтталса, 48-і жарықтандырылған. Тұрғын жайлар 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылса, көгілдір отынға кент халқының 90 пайызы қосылған.

– №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектебінің жанынан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында білім ордасы салынады деп жоспарланғанын білеміз. Қазір бұл жоспарлы жұмыс жөнінде қандай ақпарат бар?

– Иә, біз бұған дейін ұлттық жоба негізінде кент орталығынан 1 білім ордасы салынатынын жазып, жариялаған болатынбыз. Бұл жұмыс облыс, аудан әкімдерінің тікелей бақылауында. Бұған дейін де нақтылау мақсатында бірнеше рет жиналыс өткізілді.

Жалпы салынатын мектеп құрылысына 1,3 га жер учаскесін бөлу мақсатында 2022 жылы аудан әкімдігінің қаулысы жарияланған. Соған сәйкес 9 жеке меншік жер учаскесі мен жылжымайтын мүліктер мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылды. Дегенмен, жобаны үйлестіруші «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның өкілдері мектеп құрылысына барлығы 2,6 га жер учаскесі қажет екенін қосымша хабарлады. Осыған байланысты аудан әкімдігінің 2023 жылғы 2 қарашадағы қаулысымен қосымша 1,3 га жерде орналасқан 32 жеке меншік жер учаскелері мен жылжымайтын мүліктерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару бағытында жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта тұрғын жайларды бағалау жұмыстарының қорытындылары күтілуде. Қорытынды шыққаннан кейін тұрғындармен келіссөздер жүргізіледі.

– Аудан орталығының инфра­құры­лымын дамыту, оның ішінде жаңа шағын аудан аталып кеткен аумақ тұрғындарының өтінішін орындау мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Тереңөзек кентіндегі жаңа шағын ауданында (135 га) жеке тұрғын үй құрылысы үшін алаңға электрмен ауыз су жүйелері толығымен тартылды. Бүгінгі күнге көшелерінің орындары ашылып, қиыршық тас төсеу және табиғи газ жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба аясында 693 жер учаскесі пайдалануға берілетін болады.

Бүгінгі күнге «Тереңөзек кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне барлығы 180 мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлер мен пәтерлер алынған.

Атап айтқанда, Қ.Бөдеев және Н.Бердіқұлов көшелері бойында 58 жер үй, Ғ.Мұратбаев және Н.Ергешбаев көшелерінде 6 көппәтерлі тұрғын үйлерде 122 пәтер бар. Аталған тұрғын жайларда ҰОС ардагері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері және көпбалалы аналар тұрып жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындарымен кездесу жүргізіліп, нәтижесінде бірқатар тұрғын үйдің кіреберісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қажетті материалдар кент әкімі аппараты тарапынан берілді. Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен аталған тұрғын үйлердің бу қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталсаңыз. Кентте қанша кәсіпкер бар?

– Кент бойынша барлығы 971 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның ішінде 29 нысан өз жұмысын уа­қытша тоқтатып тұр. Жұмыс істеп тұрған кәсіп­керлердің үлесі 97,8 пайызды құрайды. Жыл басынан бері 224 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Сондай-ақ 18 тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болды.
Есепті мерзімде кент бойынша 572 млн теңгеге 85 жоба қаржыландырылды. «Іскер» бағдарламасы арқылы 13 жоба, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы 4 жоба, «Агробизнес» бағдарламасы аясында 1 жоба қаржыландырылды. Лизинг бойынша 5 ауыл­шаруашылық техникасы алынса, «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ арқылы 3 жобаға қолдау көрсетілді. «Бизнес Бастау» курсын оқығандардың 49 жобасы қолдау тапты.

– Қазір көшелерге атау беру жұмыс­ы жанданып, кент көшелері лайықты тұлғалардың есімімен аталуда. Бұл жұмыстар бойынша қандай ақпарат бар?

– Облыстық ономастика комиссиясының 2017, 2018 және 2019 жылғы қорытындысы негізінде биыл кент әкімінің Тереңөзек кентінің көшелеріне атау беру туралы 2 шешімі қабылданды. Нәтижесінде жаңа қоныстану аймағынан барлығы 18 көшеге ауданның дамуы­на еңбек сіңірген тұлғалардың есімі берілді. Қазір көше атауына байланысты қосымша 10 өтініш түсіп, қаралуда. Негізі барлығы заң аясында жүргізіледі. Сондай-ақ жергілікті қоғамдық мүшелерінің келісімі алынады. Оның қорытындысы аудандық газетте жариялануда.

– Кентте қанша адам атаулы әлеуметтік көмек алады?

– Жыл басынан бері 72 отбасындағы 407 адамға 19,5 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

– Соңғы кездері әскерден жалтарушы жастар көбейді дегенді жиі естиміз. Бұл бағытта кентте қандай ақпарат бар?

– 2023 жылғы көктемгі әскерге шақыру кезінде әскер қатарына 13 сарбаз, күзгі мау­сымда 5 сарбаз жолданды. Медициналық тексерістен оң қорытынды алмаған жастар да бар. Жалпы кент ардагерлер кеңесімен, кенттегі мектептермен бірлесе жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру жұмыстары жүргізіліп келеді.

– Жыл басында басталып, кейін шаруашылықтардың егінге су алуына байланысты тоқтап қалған Майжарма каналын абаттандыру жұмыстары қашан аяқталады?

– Майжарма каналын абаттандыру мақса­тында 159,1 млн теңге бөлінген. Бұл жұмыстың атқарылуына, тиісті қаражаттың бөлінуіне аудандық газет тілшілерінің де үлесі бар. Бірнеше рет мақалалар жарияланды. Соның негізінде аудан әкімі мен облыстық, аудандық мәслихат депутаттары қолдап, қаражат бөлінді.Бүгінгі күнге каналдың жақтаулары мен табаны бетондалып, каналдың үстіңгі қабатындағы жұмыстары атқарылуда. Жылдың аяғына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

– Аудан әкімінің кент тұрғындарымен кездесуінде өзекті мәселелер көтеріледі. Олардың орындалуында қандай нәтиже бар?

– Аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі барысында Ғ.Мұратбаев көшесінің бас жағына түнгі жарықшамдар орнату жөнінде мәселе көтеріліп, аудандық бюджеттен 2,7 млн теңгеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындардан келіп түскен өтініштер бойынша Қ.Бөдеев көшесінің аяқ жағына, Ж.Нұрсейтов көшесінің бір бөлігіне түнгі жарықшамдар орнатылды. Таза ауыз сумен қамту бойынша Тереңөзек кенті әкімі аппаратының теңгеріміндегі бу қазандықтарды ағымдағы жөндеу үшін 1,8 млн теңгеге жұмыстар атқарылып, қазандықтар «Сырдария Нұрдаулет» серіктестігінің теңгеріміне өткізілді.

– Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталсаңыз.

– Тереңөзек кентінің санитарлық тазалығын сақтау үшін 25 млн теңгеге, Тереңөзек кентінің көше жарығын күтіп-ұстау мақсатында 8 млн теңгеге, Тереңөзек кентінің көшелерінің бейнебақылау жүйелерін күтіп-ұстауға 700 мың теңгеге, кентке гүлзарлар отырғызу және күтіп-ұстауға 7 млн теңгеге, кентке насоспен аяқ су айдауға 25,8 млн теңгеге мердігерлер тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды. Мұнан бөлек А.Иманов көшесінен №36 мектеп-лицейге қарсы бетте орналасқан жасыл белдеудің 8500 метр қоршауы ауыстырылып, сырланды және қосымша көшеттер отырғызылды. Тереңөзек кентінің кіре беріс аумағындағы Бұқарбай батыр көшесі бойындағы «Жасыл белдеу» қоршаулары түзетіліп, сырланды. Қоршау ішіне сыр талы, терек, үйеңкі, қараағаш секілді көшет түрлері отырғызылды.

Тереңөзек кентінде абаттандыру, санитарлық жағдайын жақсарту, көгалдандыру жұмыстарын оңтайландыру мақсатында сенбіліктер тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Сенбілікте арықтар тазаланып, күл-қоқыстар шығарылып, талдарды әктеу, арам шөптерді шабу жұмыстары жүргізілуде.

Көптен көтеріліп жүрген «Айтбай арық» каналынан аяқ су пайдаланатын тұрғындардың өтінішіне сәйкес каналға арнайы трансформатор және электр насосы орнатылды.

– Қазір кенттегі нақты қай көшелер жөнделуде?

– Жыл басынан бері Тереңөзек кенті бойынша Д.Қонаев, А.Әлиакбаров, Қ.Бөдеев, Т.Қозыбаев, Б.Момышұлы, Ә.Тоқмағанбетов, Айтбай арық, А.Тоқмағанбетов көшелері жөнделсе, қазіргі уақытта Желтоқсан, А.Тоқмағанбетов, Қ.Асанов, Р.Алшынбаев, О.Мәлібаев, Тоғанас батыр, Б.Жақыпов, З.Лекеров, Т.Жәрекеев, У.Әбдуов, Қ.Бекжанов көшелері жөнделуде. Сонымен қатар бірқатар жоба қаржыландыру үшін ұсынылды.

Оның ішінде Тереңөзек кентінде тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон, жаяу жүргіншілерге арналған жол құрылысы, Тереңөзек кентіндегі А.Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын қайта жаңғырту секілді маңызды жұмыстар бар. Сондай-ақ Бұқарбай батыр көшесінен жаяу жүргіншілер жолын А.Иманов көшесіне дейін қосу жоспарға енгізілді. Сонымен қатар Тереңөзек кенті бойынша электр қондырғылары мен электр желілерінің тозығы жетуіне байланысты арнайы жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, сараптамаға ұсынылды. Келесі жылы Тереңөзек кенті бойынша 10 көшеге күрделі жөңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалар әзірленуде.

Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

28 қараша 2023 ж. 211 0