Жаман мамандық болмайды
Атақты Гарвард университетінің кіреберісіндегі үлкен дәлізде ағылшын тілінен тікелей аударғанда «Жаман мамандық болмайды, жаман маман болуы мүмкін» деген сөз жазылып тұр екен. Расында да мамандықтың жаманы жоқ. Кім қай мамандықтың кәсіби шебері атанса, ол сұранысқа да, құрметке де ие болады. Осы ретте Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектебінде жоғарғы сынып оқушыларына кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында түрлі мамандық иелерінің оқушылармен кездесуі ұйымдастырылды.
Іс-шараны мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары М.Мамытов ашып, кеш қонақтарын таныстырды. Сондай-ақ білім ордасының жетістіктері жөнінде айтып, түлектердің таңдауы соңғы жылдары өзгергенін, оқушылар түрлі мамандық иесі болуды армандайтынын жеткізді. Орта мектепте білім алып еліміздің үлкен қалаларында еңбек етіп жатқан азаматтардың да көп екенін айтты.
Ең алдымен ауыл әкімі Ғ.Акбаров сөз сөйлеп, өзінің қаржыгер мамандығы бойынша білім алғанын айтып, бұл мамандықты таңдауына анасының ақыл-кеңесі ықпал еткеніне тоқталды. Сонымен қатар мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істеудің жауапкершілігі мен әрбір тапсырманы сапалы әрі уақытылы орындаудың маңыздылығы туралы әңгімеледі. Мұнан соң жеке кәсіпкер А.Емжарова қазіргі таңда мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көп қолдау білдіріп жатқанына назар аударды. Аудан халқына шаштараз қызметін ұсынып отырған кәсіпкер нарық заманының талаптарын ескеріп, жас түлектерді кәсіппен айналысуға, оның ішінде сұлулық салонының жұмысын жандандыруға шақырды. Өз кезегінде Сырдария аграрлы-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ш.Баяханова түлектерге колледждің оқытуға мүмкіндігі бар мамандықтарды таныстырды. Кәсіптік білім алу, ауылшаруашылық саласын өркендету аудан жастарының басты ұстанымы болу тиістігін айтып өтті. Мұнан соң тігінші, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқытуда қолдану үшін ұсынылған «Сән технологиясы» оқулығының авторы А.Қожахова өз мамандығының қыр-сыры жөнінде баяндады.
– Тігіншілік кәсіпті меңгергеніме 33 жыл болды. Осы жылдар аралығында көп жетістікке жеттім. Бұл мамандықты меңгеру, одан нәпақа табу – қазақ қыздары үшін өте тиімді. Себебі тігіншіге сұраныс қай кезде де жоғары, – деді Алтын Астраханқызы.
Кездесу барысында №126 орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Г.Әбдіғаппарова оқушыларға мұғалім болып қызмет ету – әрі абырой, әрі үлкен жауапкершілік екенін айтты. Өзінің еңбек жолы, жетістіктері туралы әңгімелеп, мұғалім болу мен ұстаз атанудың қоғамдық-саяси мәні бар екеніне тоқталды.
– Қай мамандық иесі де ұстаздан білім алады. Ешкім де ұстазының ықпалынсыз өмірден өз орнын тапқан жоқ. Сондықтан мұғалімдік мамандық – барлық мамандықтың төресі. Оқушыларға білім мен тәрбие беру – бізге жүктелген абыройлы міндет. Бұл қызметтің қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Кейде бірнеше жылдан кейін шәкіртімізді кездестіріп, оның жақсы маман, парасатты азамат болғанын аңғарып, ерекше қуанышқа бөленеміз. Мұғалім үшін одан асқан бақыт жоқ. Қазір біздің мәртебеміз заңмен реттелді, әлеуметтік қолдау шаралары да қабылданып, жалақымыз өсті. Сондықтан мұғалім болуға ұмтылатын оқушылар саны артып келеді, – деді Гүлмира Қанжарбайқызы.
Әріптесінің пікірін қуаттай түскен мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары М.Мамытов шыңға шығып, биік белестерді бағындырған шәкірттердің жетістігі мұғалім үшін ғана емес, ауыл үшін ортақ қуаныш екенін айтты. Осы ретте еліміздің үлкен қалаларында еңбек етіп жүрген түлектердің сәлемдемесі экраннан көрсетіліп, олар өз лебіздерін жолдап, оқушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған білікті ветеринар Абай Бодыбаев мамандығының адамзат үшін пайдасы туралы айтып, әрбір екінші отбасы мал шаруашылығымен айналысатын аграрлы ауданда ветеринарларға сұраныс жоғары екенін жеткізді. Ал аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері С.Джалмұхамбетова төтенше жағдайлар саласында еңбек етуді қалайтын жас маман уақытпен санаспай еңбек етуі қажет және епті болуы тиіс, сонда ғана жұмыс өнімді, іс нәтижелі болады деді. Біз де өз кезегімізде журналистика саласы жөнінде пікір білдіріп, ой бөлістік. Оқушыларға шығармашылықпен айналысудың өте қызықты екенін айтып, журналистердің қоғам дамуындағы алатын орны жоғары екенін жеткіздік.
Кездесу барысында оқушылар мамандық иелеріне сұрақтарын қойып, жауап алды. Іс-шараны қорытындылаған орта мектеп директоры Б.Бақбергенова қатысушыларға ризашылығын білдіріп, кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары алдағы уақытта да жүргізілетінін айтты.
А.Ибрагимұлы