Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 110-ға келу – арманым

110-ға келу – арманым

Халқымызда «Сүйегі асыл» деген сөз тіркесі бар. Бұл ұзақ өмір сүрген және қанша жасқа келсе де әлі тың, епті кісілерге қарата айтылады. Біз білетін Яхия Тасыров – сүйегі асыл қария. Жақында «Жыл үздігі» атанғанымызды естіп, бізді құттықтау үшін редакцияға арнайы соққан майдангерге бірқатар сұрақ қойып, сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ата, хәліңіз қалай, денсаулығыңыз жақсы ма?

– Денсаулық жақсы, қалқам. Бірақ былтырғыдай емес. Сонда да 102 жасқа келіп, аман-сау жүргеніме шүкіршілік етемін.

– Сізді көпшілік көлікке мінбейді, жаяу жүреді дейді...

– Дұрыс айтады. Мен бұрыннан жаяу жүргенді жөн көремін. Күніне шамамен 3-4 шақырым жаяу жүремін. Күніне орталыққа бір рет шығып, адамдармен әңгі­мелесіп қайтпасам, өзімді жайсыз сезінемін.

– Сонда көшеде сізді танып тоқтайтын көліктерге де мінбейсіз бе?

– Мінбеймін. Тоқтап сәлем берген адамдарға рақметімді айтамын. Батамды беремін.

–Қазір облыста Ұлы Отан соғысына қатысқан санаулы майдангер қалды. Сіз – біздің мақтанышымызсыз.

– Рақмет. Адамда арман таусылған ба?! 110-ға келу – арманым. Ол арманыма да жететін сияқтымын. Тіл-көзден, ауру-сырқаудан аман болайық.

– Ата, арнайы ас мәзірін ұстанасыз ба?

– Жоқ, көңілім нені қалайды, тәбетіме не жағады соны ішіп-жеймін. Суды көп ішемін. Сосын таңертең шамалы уақыт жаттығу істеймін.

– Былтыр бір ерекше видеоңызды көрдік. Ол шөбереңіз бе?

– Ә-ә, ол екі жыл бұрын түсірілген видео ғой. Ол кезде 100 жаста едім. Шөберем аталап келгенде орнымнан тұрып, көтеріп, біраз секіртіп ойнатқаным бар. Соны келінім түсіріп алыпты. Қазір ол шөберем өсті, мен де жасыма жас қостым.

– Көз жанарыңыз қалай?

– Көзім осы жылы сәл нашарлады. Кейде бұлдырап, суланады. Бірақ жолымды көремін. Адамдарды танимын. Газеттегі үлкен жазуларды оқи аламын.

– Көп бата жатқа білесіз. Жаңадан бата жазып, жаттап жүрсіз бе?

– Осы уақытқа дейін жаттаған баталарым қалған өміріме жетеді деп ойлай­мын. Сөзі жақсы, мағыналы бата болса, оны жаттауға болады. Оған шамам жетеді.

– Бізге де бір батаңызды берсеңіз.

– Сұрасаң, бата берейін,
Үстем болсын мерейін.
Сендер аман болыңдар,
Мен 110-ға келейін.

– Рақмет, ата, әумин!

– Жақсы, қалқам, аман болыңдар!
Сұхбаттасқан
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
18 қараша 2023 ж. 272 0