Бәрімізге ортақ мәртебе

Бұл жоғарғы атақтың жауапкершілігі де жоғары. Бұл – халыққа қызмет етудің еселене түсуі. Имамзада Қуанышбайұлы өзінің туған жерге деген адал парызын терең түсіне білген және сол парызды өтеу жолында жанын аямаған азамат. Ол – нағыз еңбек адамы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Басқа да салада, соның ішінде ауыл шаруашылығында өнімді еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Осындай нағыз еңбек адамының бірі – Сыр елінің азаматы Имамзада Шағыртаев. Оның ауылы да, шаруасы да көпшілікке үлгі болып отыр. Табысқа жеткен әрбір жан өз ауылына дәл осылай қамқор болса, нұр үстіне нұр болар еді» деп атап өтуі сөзіміздің нақ дәлелі.
Ел Президентінің жақында Қызылорда облысына келіп, Н.Ілиясов атындағы шаруашылықпен және ауыл бейнесімен танысып, ризалық білдіргенін жақсы білесіздер. Бұл тарихи сапар болды. Біз бүгін Президенттің Имамзада Шағыртаевтың атына айтылған жылы лебізін барша Сыр елінің кемелденіп келе жатқан келбетіне берілген жоғары бағасы деп қабылдадық. Мемлекет басшысының Имамзада секілді еңбек адамына деген шынайы құрметі бәріміздің мәртебемізді асқақтатты. «Ел ерлерімен еңселі, ер елімен айбарлы» дейтін болсақ, адал еңбекпен қол жеткізген биік мәртебеміз ешқашан аласармасын. Сыр елі еңбеккерлерінің абыройы аса берсін, табысы таси берсін!
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері