Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағаты мол ұлық мереке

Ұлағаты мол ұлық мереке

Республика күні мерекесіне орай облыс әкімі Н.Нәлібаевтың қатысуымен Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық академиялық драма театрында салтанатты жиын өтті. Жиында аймақ басшысы Байқоңыр қаласындағы үш көшеге ұлт рухын асқақтатқан ұлылардың есімі берілетінін ресми хабарлады. Ұлағаты мол ұлық мерекедегі бұл хабар ұлтжанды азаматтардың рухын асқақтатып, жұртшылық зор қуанышқа бөленді.

Салтанатты іс-шара қазақ халқының еге­мендікке талпынған тарихынан сыр шертетін қойылыммен түрілді. Мұнан соң аймақ басшысы жиналғандарды ұлттық мерекемен құттықтап, тарихи күннің мәні мен маңызы туралы айтты.

– Республика күні – бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын, халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын ең ұлық мереке. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен жылы қайта жаңғырған Республика күнінде: «Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды.  Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат», – деп атап өткен болатын.

Мереке қарсаңында атаулы күннің саяси мәнін айшықтайтын ауқымды жұмыстар жасалды. Енді Байқоңыр қаласындағы Авиационный көшесі даңқты әскери қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының, Гостиничный проезд көшесі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың, Внутриквартальный проезд көшесі қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың атымен аталады. Баршаңызды жағымды жаңалықпен құттықтаймын», – деді аймақ басшысы.

Н.Нәлібаев жаңғырған ұлттық мерекеге орай өткен жылдан бері елімізде бірлігіміздің символы салтанатты түрде ту көтеру дәстүрі қалыптасқанын да атап өтті. Сондай-ақ жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы­­мен танысқанын, Президентке аймақтың тыныс-тіршілігі мен алдағы міндеттері баяндалғанын айтты.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы өңір үшін маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Көптің көкейінде жүрген «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің Ақтөбе қаласына дейінгі аумағын төрт жолаққа айналдыру және қаладағы ыстық су мәселесі алдағы екі-үш жыл ішінде шешілетінін айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл жобаларға қажетті қаржы бөлу туралы нақты тапсырма берді. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 1 триллион 123 миллиард теңге қаражат жұмсалады. Мемлекет басшысының өңір халқына ыстық ықыласы мен бірлесіп атқарған жұмыстарға берген оң бағасын жеткізгім келеді. Ұлттық мерекеге Сыр өңірі жақсы жетістіктермен жетті. Үкіметтің ресми мәліметі бойынша облыс өткен сегіз айдың, тоғыз айдың қорытындысымен рес­публикада өңірлер арасында алғашқы үшінші орынды иеленді. Мемлекет басшысының қолдауымен аймақ бюджеті 609 миллиард теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда облыс тайқазаны 57 пайызға өсті. Бұл ауқымды қаражат өңірдің өзекті мәселелерін шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға жұмсалуда. «Туған жерді бірге түлетейік!» бастамасы аясында демеушілер есебінен өңірді дамытуға 37 миллиард теңгеден астам қаржы тартылуда. Өңір үшін тарихи шара – Қызылорда қаласында жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды. Егемендік жылдарындағы инвесторлар қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба тұңғыш жылу-электр станциясының құрылысы аймақта бастау алды. Құны 215 миллиард теңге болатын бұл жоба 2025 жылдың тамыз айында іске қосылып, ел игілігіне пайдалануға беріледі, – деген облыс әкімі елорда төрінде өткен салтанатты жиында еліміздегі ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған «Таң» шаруа қожалығының төрағасы Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлын құттықтады. Бұл марапаттың бір азаматқа ғана емес, аймақтағы барша еңбек адамдарына, Сыр еліндегі жасампаз істерге берілген жоғары баға және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

Салтанатты жиында Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев өзіне көр­сетілген бұл құрметтің Мемлекет басшысының өңірге деген қамқорлығы, ыстық ықыласы екенін атап өтті. Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаевтың ізін жалғап, күріштен тау тұрғызған барша Сыр диқандарының ортақ ең жоғары марапаты екенін жеткізді. Сондай-ақ  елорда төрінде «Парасат» орденімен наградталған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов жерлестерін Республика күнімен құттықтады.

Салтанатты іс-шарада аймақ басшысы сырбойылық бірқатар азаматқа мем­лекеттік орден, медаль және Қазақстан Халқы Ассамблеясының марапаттарын та­быс­тады. Мерекелік кеш концерттік бағ­дар­ламаға ұласты.

Айта кетейік, Республика күнін атап өту аясында Қызылорда қаласының Рәміздер алаңында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті, облыс орталығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 900 орындық білім ошағының, жаңа жылу-электр орталығының іргетасы қаланды.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
28 қазан 2023 ж. 270 0