Тиімді қосымшаның тарихы немесе «Кaspi qold»-ты кімдер құрған?
Заман – техника мен технологияныкі. Неге десеңіз, кез келген шаруаны электронды түрде немесе онлайн форматта атқаруға болады. Қолжетімділіктің артқаны соншалық, тиісті төлемдерді қашықтан аударып, үйден шықпай-ақ шаруаны тындыруға болады. Қазіргі таңда тіпті қолма-қол ақша ұстаудан қалдық. Себебі онлайн төлем жасау жүйесі өте жақсы дамып келеді. Соның ішінде үлкен сұранысқа ие, «Қазақстандық Alibaba» атанған Каспий банкі екені белгілі. Ал сіз өзіңіз күнделікті тұрмыста жиі қолданатын каспий империясының қалай құрылғанын білесіз бе?
Жас кәсіпкерлер Вячеслав Ким, Майкл Калви және Михаил Ломтадзе үлкен іске жұдырықтай кіріседі. Оларды таныстырған, табыстырған – кәсіп және кәсіпкерлікті дамыту жолындағы жарқын бастамалар. Бұл 2000 жылдың шамасы еді. Тұтынушыларға тауарды несиеге беру мақсатында сатып алынған банк кейін алып империяға айналып, 20 жылдай уақыт ішінде құны 21 млрд долларға дейін жетеді деп ол кезде жас кәсіпкерлер тіпті ойламаса керек.
КСРО ыдыраған соң еліміздің тоқырау жылдарын бастан өткергені баршамызға мәлім. Жалпы ішкі өнім көлемі екі мыңыншы жылдардың басына дейін төмен деңгейде болды. Соның салдарынан дүкендер өз бетінше несие бере алмады. Сондықтан кейбіреулері банк ұйымдарын сатып алып, амалдауға көшті.
Осылайша 2002 жылы Вячеслав Ким жекешелендірілгеніне көп уақыт бола қоймаған жергілікті «Банк Каспийскиймен» (Kaspi Bank) мәміле жасады. Бірақ жас кәсіпкер үшін сауда мен несие беруді біріктіру оңайға түспеді. Уақыт өте келе кәсіпкер өзіне қолдаудың ауадай қажет екенін түсіне бастайды. Сөйтіп, қолға алған шаруасын дөңгелетуге қол ұшын беретін инвестициялық серіктес іздеуге кіріседі. 1994 жылы америкалық инвестор Майкл Калви құрған Baring Vostok жеке капитал салымдары қоры туралы біледі. Ал Михаил Ломтадзе болса – кезінде Грузияда GGG Audit аудиторлық фирмасын құрған миллиардер. Кейін оның фирмасы банкротқа ұшыраған. Содан кейін MBA дәрежесін алу үшін Гарвардқа кеткен. АҚШ-та жүргенде Майкл Калвимен жолығып, оған Baring Vostok-та тегін жұмыс істеуге әзір екенін жеткізеді. Сөйтіп әйгілі үштіктің Қазақстандағы дәулетті өмірлері басталады. Айта кетейік, бүгінде Ломтадзенің байлығын америкалық Forbes 3,2 млрд долларға бағалап отыр. Бұл байлығымен ол әлемдегі мың миллиардердің қатарына енеді.
2000 жылдардың бірінші жартысында ірі қаржылық ұйымдар дамушы елдердің банктеріне қаржы сала бастады. Осы кезде банктің негізін салушы Ким мен Ломтадзе қолдан келгеннің бәрін жасады. Олар бірінші кезекте «Kaspi Bank» деген қысқа атауға тоқтады. Бүгінде бұл атау тіпті танымал. Әрине, банк бүгінгі жетістігіне оңай жеткен жоқ. Айталық, 2007 жылы әлемдік қаржы дағдарысы орын алды. Сол кезде Baring Vostok компанияға көп мән бермеді. Бірақ дағдарыс кезінде дағдармаған Ломтадзе инвесторлардың бекерге күмәнданғанын ісімен дәлелдеді. Ол Kaspi Bank-ті нарықтағы тұғырына бекіту үшін бас директор болып, компанияны қайта құруды жоспарлады. Осылай жүйелі жұмыстар қолға алына бастады. Басшылықты қайта өзгерту, банк жүйесін цифрландыру, ресурстарды қайта бөлу, команданы қайта жасақтау, нақты аудиторияны анықтап, сол бойынша жұмыс жүргізу, басымдықтарды өзгерту секілді нақты әрі заман талабына сай жұмыс жүргізе бастады. Осы уақыт аралығында компанияға түрлі бағыттағы мамандар мен жастар, қызметкерлер тартылды. Нәтиже – бүгінгідей. Қазақстандықтардың басым көпшілігі Kaspi Bank қызметін еркін пайдаланады.
Kaspi-дің бірінші және негізгі қызметтерінің бірі – төлем жүйесін жаңғырту. Компанияның өзі оларды «мобильдік төлемдер» мен «шоттар бойынша төлемдер» деп екіге бөледі және 14 қызметті ұсынады: телефон нөмірі бойынша және картадан картаға ақша аудару, QR-код бойынша төлеу, билеттерді сатып алу, қайырымдылық қорларына аударым жасау. Бір қызығы, оның қызметтерінің бір бөлігі мемлекеттік қызметтердің жұмысымен қиылысады. Мәселен, қоғамдық көлік пен оқу ақысын және салық төлеуге болады. Бүгінгі таңда банк қосымшасы арқылы электронды құжаттарға қолжеткізуге де болады. Тоқсандық есепке сенсек, ай сайын Kaspi-дің 3,4 млн белсенді клиенті мемлекеттік қызметтерді пайдаланады екен. Бұның бәрі бір жүйеге біріктірілген сапалы дүние болып табылады.
Көптеген қызметтерді дамыта отырып, Kaspi тұтынушыларды да, сатушыларды да өзіне молынан тарта алды. Бұған POS-терминалдар нарығы айқын дәлел. 2020 жылғы маусымда компания бар болғаны 17 мың нүктеге қызмет көрсетті, ал оның қазақстандық нарықтағы үлесі 9%-ды құрады. 2021 жылы көрсеткіш тиісінше 180 мыңға немесе 51%-ға артты. 2021 жылдың екінші тоқсанында Kaspi-дің төлем жүйесін пайдаланатындар саны жылдық есеппен 450%-ға немесе 135 мыңға дейін өсті. Ал клиенттер саны 34%-ға артып, 8,8 млн адамды құрады. Қазіргі таңда аталған банктегі айналым бұдан бірнеше есеге артқан. Себебі қосымша кәсіпкерлерге де тиімді қызметтер ұсына отырып, тұтынушыларды көптеп тартты. Қазір бұл қосымша арқылы онлайн түрде дүкен «аралап», жеткізу қызметі арқылы сауда жасау да оп-оңай.
Kaspi – тұтынушылық несие беруде жаңашыл компания. Сарапшылар оның сырын жылдамдық пен сегментациямен түсіндіреді. Компания қарыз алушыға қаражатты бес минут ішінде береді. Әрбір өтінімді жеке тәртіппен қарайды: біріне несиені неғұрлым ұзақ мерзімге, екіншісіне төмен пайызбен ұсынады. Бұл тәсіл компанияға нарықтағы артықшылығын ұзақ уақыт бойы сақтауға мүмкіндік туғызады. Алайда бүгінде бұл тәсілді басқа банктер де қолданып жатыр.
Десек те, қазақстандықтар үшін Kaspi қосымшасы үлкен сұранысқа ие. Сондай-ақ Kaspi депозит өз салымшыларын жылдық есеппен ай сайын бонустар арқылы қуантып отырады. Бұл өз кезегінде клиент тартудың тамаша жолы әрі тұтынушылар үшін қаржысын қауіпсіз түрде сақтауға мүмкіндік береді. Аталған банктің цифрландырылған қосымшасы қарапайым ғана қосымша емес, тұрмыстық қажеттілікке айналды. Қазір онсыз тіршілікті елестету қиын. Ғаламтор желісі немесе Kaspi қосымшасы аз уақытқа істен шықса, халықтың расында да «қолы кесілгендей» болады.
Міне, өзіміз күнделікті қолданатын Kaspi қосымшасы мен банкінің қысқаша жүріп өткен жолы осындай. Компания алдағы бес жылда адам танымастай өзгеруі мүмкін. Қазірдің өзінде негізін салушылар мүмкіндіктерді кеңейтетінін жасырмай айтады. Даму қарқынын арттыру үшін алдымен Kaspi жаңа функцияларды іске қоспақ.
Онлайн төлем жасаудың жолға қойылғаны бір жағынан тұрғындар үшін тиімді. Әрине, ағаштың екі ұшы болатыны сияқты, қай мәселені де екі жақты қарастыру орынды. Ақы төлеу жүйесінің автоматтандырылғаны мен электронды түрге көшуі онлайн-ұрылардың «жұмысын» жеңілдетті деуге болады. Онлайн төлем қабылдап, келісілген затты жеткізбейтін алаяқтар мен қашықта отырып шоттағы ақшаны сыпырып алатын басбұзарлар көбейді. Екіншіден, біздіңше, тек онлайн төлем жасау халықты ақшасын дұрыс әрі жоспарлы пайдалануына кедергі келтіретін сияқты. Мысалы, онлайн төлем жасалғандықтан жүйе автоматты түрде есеп жүргізіп, сіздің ақшаңызды санап отырады. Ал сіз миыңызды ең болмаса аз шамада есеппен қозғауды тоқтатасыз. Бұл күнде солай қайталана беретіндігін есепке алсақ, күнделікті жұмысы есеп-қисапқа қатыссыз адамдардың миы бір орында тұрып қалады. Жалпы ғылыми деректерге сүйенсек, адамның миы қозғалмаса, жұмыс жасамаса, «сасып» кетеді. Ғалымдар есте сақтауды жақсарту мен ойлау жүйесін дамыту үшін логикалық есептерді шешіп, оймен жұмыс жасап, жаттықтырудың дұрыстығын айтады. Қарап отырсақ, тек ұялы телефон арқылы төлем жасаймыз да, миымыз қалтадағы ақшаны да санамайды, есептемейді. Бұл сананың тез қартаюына жол ашады. Расында өзіміз де «каспий голдым жоқ» деген саудагерге таңданып, онлайн төлем жасаудың түрлі жолын қарастырып жатамыз. Себебі, қолма-қол ақша ұстаудан қалып барамыз. Әрине, тиімді тұсы – қаржыңның бір жерде тұруы және оны кез келген сәтте бақылап отыра алуың әрі өзің үшін қауіпсіз нұсқа. Халық арасында «болашақта мүлде банкнот болмайды» деген сыбыс бар. Бірақ, ол бір жағынан мүмкін емес сияқты. Сенбейін десең, заманның ағымы соған алып бара жатқандай. Не де болса, жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Ал болашақтың бейнесін болашақта көретін боламыз.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ