Қызылорда облысына Кванджу қаласынан делегация келді
Кореядағы Кванджу қалалық округінің білім басқармасынан Достық үйіне делегация келді. Оларды Кванджу қалалық білім басқармасының басшысы Джон Сон Су бастап келді. Делегация құрамында 50-ден астам тарих пәні бойынша олимпиадалар мен түрлі байқаулардың жеңімпаз оқушылары бар. Меймандарды Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов пен өңірлік корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Денис Пак қарсы алды, деп хабаралйды Кyzylorda-news.kz.
Кездесуде «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов Қызылорда мен Корея арасындағы үлкен дәрежедегі достықты, жан-жақты байланысты сөз етті.
«Қасиетті Сыр өңірі өз отанынан алшақ өмір сүріп жатқан корей халқына алтын бесік бола білді. Корейлер қай кезеңде болмасын аймақтың барлық саласында өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді. Қазіргі таңда өңірде 7 мыңнан астам корей ұлтының өкілдері бар. 1937 жылы Қиыр Шығыстан жер аударылған корей халқымен бірге келген корей педагогикалық институтының негізінде Сыр өңірінде алғаш Жоғарғы оқу орны ашылды. Содан бері білім, ғылым саласы бойынша екі ел арасы үзілген емес. Қазіргі уақытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Оңтүстік Кореяның бірнеше жоғары оқу орындарымен тығыз әріптестік байланыстар орнатқан. Жыл сайын университетте корей күндері өткізіліп тұрады. Оқу орнында ағылшын және корей тілі мамандығы бойынша бірнеше студенттер білім алып жүр», - деді Бақытжан Камалов.
Ал «Қазақстан корейлер қауымдастығы» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Денис Пак бірлестіктің ынтымақ пен достықтың нәтижесінде 34 жылда жеткен жетістіктері мен игілікке толы ізгі жұмыстарына тоқталды.
Мұнан соң Кванджу қалалық білім басқармасының басшысы Джон Сон Су Қызылордаға келудегі мақсатын айтып өтті.
«Біздің сапарымыз 6 күнге есептелген. Басты мақсатымыз Корей халқының батырлары мекен еткен жерлерді зерттеу. Бүгін Қызылордаға келіп Корей халқы батырларының 5-ші ұрпағымен жүздесіп, пікірлескенімізге қатты қуанып отырмыз. Білім мен мәдениет бағытында өзара ынтымақтастық орнатсақ деген ұсынысым бар», - дей келе батыр ұрпақтарына сый-сияпат көрсетті.