«Пара бермеңіз»: Қызылордада патрульдік машиналарда арнайы жапсырмалар пайда болды
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен елімізде ағымдағы жылғы тамыз айынан бастап «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы іске асырылуда.
Жобаның мақсаты белсенді азаматтарды, мемлекеттік органдарды, квазимемлекеттік сектор субъектілерін еріктілер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тарту болып табылады.
Жобаның корпоративтік бағыты аясында Антикор еріктілері жергілікті полиция қызметімен бірлесіп патрульдік автомобильдерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы жадынамаларды жапсыру бойынша акция өткізді.
Ел дамуын тежейтін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту – әрбір азаматтың борышы, сондықтан біз полиция қызметкерлерімен бірлескен іс-шара өткізуге бастамашылық жасадық. Патрульдік кең функционалды және өкілеттіктері бар қызмет инспекторлары тұрғындармен күн сайын байланыста болады, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері құрылады. Жобаның еріктілері болуға және сыбайлас жемқорлықпен бірге күресуге шақырамын, - деді жоба еріктісі Алмат Бағдатов.
Акция аясында жергілікті полиция қызметінің 100 автокөлігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығының 1424 нөмірі бейнеленген стикерлер жапсырылды.
Айта кетейік, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында Қызылордада 100-ге жуық волонтер тіркелген. Бұл жобаға «Қызылорда еріктілері» ҚҚ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері, медициналық қызмет, төтенше жағдай қызметкерлері қосылды.
Еріктілер қатарына қосылған белсенділер бірлескен жұмыс арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік ахуалын нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімді.