Алаяқтық қылмыстар азаймай тұр
Интернет кеңістігі жылдан-жылға дамыған сайын қылмыстың түрлері мен бағыттары да өзгеруде. Мәселен, қазір алаяқтық қылмыстарының саны өсіп, құқық қорғау органдарына осы бағыттағы қылмыстар көп тіркелуде. 2022 жылы ауданда үш іс есепке алынса, биылғы жылдың 8 айында сегіз іс қозғалған. Өкініштісі сол, бірде-бір іс ашылмаған.
Аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Азамат Оспановтың айтуынша, алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі Тереңөзек кенті мен Шаған ауылдық округінде орын алған. Әрбір іске талдау жұмыстары жүргізілген, зерттеліп, зерделенген. Алайда қылмыстар толық ашылып, сот үкімі шықпаған. Себеп – алаяқтық қылмыстарының интернет арқылы орын алуы және іске шетел азаматтарының қатысуы.
– ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау мен бөтеннің мүлкіне құқықтарды иемдену алаяқтық болып есептеледі. Бұл қылмыс қазір әлемнің барлық елінде көп тіркелуде. Өкінішке орай біздің ауданда да өсім алып отыр. Қылмыстың орын алуына азаматтардың құқықтық сауатының төмендігі, сенгіштігі және жүргізіліп жатқан түсіндірме жұмыстарына мән бермеуі әсер етуде. Негізі аудандық прокуратурамен бірлесе құқық қорғау органының қызметкерлері тұрақты түрде кездесулер өткізіп, жадынамалар таратып, аляқтық қылмыстарын болдырмау мен алдын алу бағытында жұмыс жүргізуде, – дейді Азамат Оспанов.
Енді ауданда тіркелген қылмыстарды талдап көрсек. Қылмыстардың ішінде зат әкеліп беремін деп тапсырыс бергендер бар. Ол күнделікті өмірде кез келген адамның басынан өтуі мүмкін. Мысалы сіз ғаламтор желісінен қандай да бір жарнаманы немесе хабарландыруды оқисыз. Сізге қажетті зат арзан бағада және көп күттірмейтіндей тез жеткізілуі мүмкін. Оған сеніп, үміт артып, хабарласқаныңызда сізге алдын-ала төлем жасау қажеттігін айтады. Міне, бұл алаяқтардың ең көп қолданатын айла-әдісі. Тұрғындардың да ең көп қателесетіні осы тұс. Танымайтын адамға қаржы аударып, затыңызды күткеніңіз кейін ақталмағанда барып сан соғып қаласыз. Мұндай айла-амалдардың түр-түрі бар екен. Соңғы уақыттары тіпті өзін құқық қорғау органы қызметкерімін деп таныстырып, «жақыныңызды полиция тоқтатып тұр, мәселені шешу үшін осы шотқа ақша салуыңыз қажет» дейтіндер де көбейген. Аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Оспанов қандай да бір күдікті жағдайға тап болғанда құқықтық кеңес алу үшін бірден «102» нөміріне хабарласу керектігін айтады.
– Алаяқтар жәбірленушінің ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының қызметкерлеріміз деп таныстырады. Қоңырау шалатын алаяқтар қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерінің көшірмесін жасауға мүмкіндік беретін бағдарламалық құралды пайдаланады. Әңгімелесу кезінде олар сіздің картаңыздан ақшаны шығару әрекеті туралы хабарлайды және сізден жеке кабинетіңіздегі құпия сөзді өзгертуді, жаңа пароль мен SMS кодты айтуды сұрайды. Алаяқтар тіпті мәселені жылдам шешу үшін гаджетіңізге қашықтан қосылу үшін өз қызметтерін ұсына алады. Мұны істеу үшін олар «AnyDesk» және «TeamViewer» қолданбаларын жүктеп алуды сұрайды. Есептік жазбаларыңызға қол жеткізген алаяқтар барлық ақшаны алып, тіпті сіздің атыңызға несие рәсімдей алады. Мұнан бөлек алаяқтар өздерін тәртіп сақшылары ретінде таныстырып, адамның сеніміне кіреді. Олар сіздің атыңыздан немесе сіздің туыстарыңыздың, достарыңыздың үстінен арыз түсіп, шұғыл тергеу жүріп жатқанын хабарлауы мүмкін. Мұндайда телефонмен сөйлескенше, шұғыл түрде полиция бөліміне келу керек. Негізінде, мұндай алдаудың құрбанына жақынына көмектесу үшін бар ақшасын беруге дайын қарт адамдар түседі, – дейді Азамат Оспанов.
Жалпы алаяқтық қылмысын жасау арқылы біреуді тақырға отырғызу кейде тұқым қуалайтын жат әдет секілді. Оны қарапайым өмірден де аңғаруға болады. Мәселен, журналистика саласында жұмыс істейтін әріптесіміз бірер ай бұрын «Ватсап» желісі арқылы «Велосипед сатамын» деген алаяққа ұрынып қалды. «Каспи голд» арқылы қаржысын алып алған алаяқ затты әкеліп беретін күні уәдесінен тайқып кетіпті. Ашуға булыққа әріптесіміз күдіктіні іздеп, Қызылорда қаласындағы үйіне барса, ата-анасы болған жағдайға бей-қам қарап, әріптесіміздің жан айқайына мән бермепті. Тіпті «Бұл қалай болғаны?!» деп мазасызданбапты да. Содан не керек әріптесіміз арыз жазатынын айтып, сол үйге учаскелік полиция инспекторларын шақыртыпты. 5-10 минутта полицейлер келіп, іс насырға шаба бастағанда барып ата-анасы кешірім сұрап, баласы сатамын деп уәде еткен велосипедті сарайдан шығарып, өз еріктерімен көлікке тиеп беріпті. Болған оқиғаны бізге баяндап берген әріптесіміз баласының қателігін, алаяқтық іс-әрекетін біле тұра бейқамдық танытқан ата-анасынан түңілгенін айтып, мұң шаққан болатын. Иә, өмірде мұндай жағдайлар қаншама. «Баланың бас ұстазы – ата-ана» дейтін болсақ, баласының жат әдетіне, қылмысына көз жұма қарайтындардың бар екені көңіл қынжылтады.
«Ұят болады, обал болады, сауап болады» деп үш-ақ ауыз сөзбен өмірін өрнектеген ата-бабаларымыздың кей ұрпағының алаяқ деген атты иемденіп жүргені өте өкінішті. Сондықтан сақ болайық, құқықтық сауаттылығымызды арттырайық, оқырман!
А.Құрманайтегі
Фото: mugalzhar.kz