Сотқа дейінгі хаттаманың тиімділігі
Сот жүйесінде де дауды сотқа дейін шешу, тараптарды татуластыру рәсімдері ерекше орын алуда. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР АПК-не енгізілген «Сотқа дейінгі хаттама» жаңа институты қолданысқа енді.
Бұл – тараптар арасындағы дауды сот процестерінсіз, яғни соттан тыс тәртіппен шешудің үлкен бір мүмкіндігі.
Заңдағы талаптарға сәйкес, талап келіп түскеннен кейін судья дау тараптарына татуластыру рәсімін жүргізуге және сотқа дейінгі хаттаманы толтыруға шақыру жібереді. Бұл құжат қолына тиген тараптар өздерінің дәлелдерін, сілтемелерін және дәйектерін хаттамада бірден көрсетеді. Осының арқасында тараптар сотқа дейінгі хаттама жасай отырып татуласу мүмкіндігі туралы, дауды жедел шешу және келіссөздер жүргізу туралы ақпарат алып, өзіне ыңғайлысын таңдауға қол жеткізеді.
«Сотқа дейінгі хаттама» тараптар арасындағы дауды сот процесінсіз, яғни соттан тыс тәртіппен шешудің тағы бір мүмкіндігі. Бұл жаңалықтың дауды жылдам реттеуде көмегі көп. Сотқа дейінгі хаттаманың тәжірибеге енгізілуі тараптарды тәртіпке келтіреді және сотқа шағым түскенге дейін де дәлелдемелер жинауға жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл тараптарға талап қою сатысына дейін екінші тарап ұсынған дәлелдемелердің мазмұнын білуге және татуласу мүмкіндігін қарастыруға жағдай туғызады.
Тараптар сотқа дейінгі хаттамаға өздерінің уәждерін, талап-тілектерін, сонымен қатар іс бойынша дәлелдеме құжаттарын ұсынады. Азаматтық процестік кодекстің 73-бабына сәйкес дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.
Егер сотқа дейінгі хаттама болмағанда тараптар өз талабын дәлелдеу үшін бет жыртысып, сөзге келуі, дауласуы мүмкін еді. Ал хаттама олардың ақылмен іс істеп, өз мүмкіндігін сау санамен саралауына, кемшілікке түсіністікпен қарауына көмектесті.
Гүлшат ПІРІМБЕТ,
Сырдария аудандық сотының
бас маман сот отырысының хатшысы
Фото: ашық дереккөзден
бас маман сот отырысының хатшысы