Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысы – инвестиция тартудан үздік үштікте

Қызылорда облысы – инвестиция тартудан үздік үштікте

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында биылғы 8 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция индикаторының орындалуы, инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру барысы талқыланды.

Қызылорда облысы 8 айдың қорытындысымен инвестиция тарту бойынша республикада 3-шi орында. Айта кетейік, аймақта өткен жылы да бұл көрсеткіш жоспардағыдан артық орындалған болатын.

2022 жылы жоспар 373 млрд. теңге болса, 409 млрд. теңге инвестиция тартылып, 109%-ға артығымен орындалды.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау бойынша арнайы мәжіліс өткізді.

«Өздеріңізге мәлім, өткен жылы аймаққа 413 млрд. теңге инвестиция тартылды. Биылға 472 млрд.теңге инвестиция тарту межеленді, қала және аудан әкімдіктерінің жоспары бекітілді. Биылғы 8 айдың қорытындысымен өңірге 258,8 млрд. теңге инвестиция құйылған. Жоспар 61%-ға орындалды. Арал, Қазалы, Жалағаш және Жаңақорған аудандарында жоспардың орындалу деңгейі 50%-дан төмен. Ал Қызылорда қаласы, Шиелі, Сырдария және Қармақшы аудандарында жоспардың орындалуы 50%-дан асқан. Инвестиция тартуда жақсы нәтижеге жеткен аудандар тәжірибесі ескерілуі керек. Тағы бір маңызды мәселе, аудандарға инвестиция тарту межесін жасағанда халық санын, мүмкіндіктерін есепке алғаны жөн. Құрметті әріптестер, жыл аяқталуына 4 айдан аз уақыт қалды. Қала және аудан әкімдіктеріне инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Жыл соңына дейін бекітілген индикатордың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын»,- деді аймақ басшысы.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт, білім, денсаулық сақтау басқармаларына өздеріне қарасты нысандарды сүйемелдеу, жеке инвестициялардың тартылуын бақылауға алу міндеті жүктелді. Барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бюджет қаражаты есебінен салынған нысандарға бөлінген қаражатты толығымен игеру керектігі ескертілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Жалпыұлттық жобалар пулы аясында биыл Сыр өңірінде құны 14,3 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Бірақ қазір бұл жобалардың 3-і ғана іске қосылған. Осы ретте Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы әр жобаның мәселесін қолданыстағы заңнама аясында шешуі керек. Ал іске асырылу сатысындағы жобаны «қолмен басқаруға» алу міндеттелді. Басталған істі аяғына дейін жеткізіп, түйткілдерін шешу және сүйемелдеу тұрақты жүргізілуі тиіс.
17 қыркүйек 2023 ж. 112 0