Тәртіпке бағынған құл болмайды
«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін». Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауындағы сөзінен үзінді.
Иә, бала – болашағымыз, егемен еліміздің ертеңі. Сол себепті де жасөспірімдердің тәрбиесі, лайықты тәлім алуы, мемлекет, ата-ана, қоғам тарапынан қорғалуы аса маңызды. Қазіргі таңда жасөспірімдер зорлық-зомбылығына қатысты деректерді жиі кезіктіріп жүрміз. Жаңалықтар мен әлеуметтік желіні парақтай қалсаң, жантүршігерлік оқиғалардан көз сүрінеді. Ең өкініштісі, бұндай олқы оқиғалардың басым көпшілігі мектеп жасындағы оқушылар, кішкентай бүлдіршіндерге қатысты болып отыр. Және зорлық-зомбылық құрбаны болғандардың көбісіне жау алыстан келмеген. Көп жағдайда көршісі немесе өгей ата-анадан түрлі деңгейдегі қорлауға тап болған балалардың дені ажал құшып та жатыр. «Ауруын жасырған өледі» демекші, халық хабардар болған жағдайларды жасырып-жабудың қажеті де жоқ. Ал ондай күш көрсету мен зорлық-зомбылық көріп өскен баланың ертеңі бұлыңғыр әрі өмір бойы көргені тағдырына тамған дақ болып қалары анық.
Осы ретте халық педофилдер мен жасөспірімдерге түрлі деңгейде қысым көрсеткен азаматтарға қатаң жаза тағайындауды талап етіп отыр. Бұл мәселе – Мемлекет басшысының бақылауында. Биылғы Жолдауда бұл мәселені көтеріп, кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырды. Әрине адал азамат пен тұғырлы тұлға болудың негізі бала күннен қалыптасатыны анық. Осы ретте егемен елдің ертеңіне айналар бүгінгі ұрпақ қауіпсіз, еркін, ештеңеден қорықпай өмір сүруі керек. Бұл туралы Президент «Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе» деп атап өтті.
Сонымен қатар, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажеттігін айтты. Ол үшін бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру, қысымға тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Мемлекеттің басты байлығы – адам болса, оның нағыз «толық адам» атына сай тұлға болып қалыптасуында бала күнгі көрген тәрбиесі мен тәлімі маңызды. Осы ретте балалар құқығын қорғау жұмыстары жандандырыла түспек.
Жақында «АМАNАТ» партиясының Мәжілістегі Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев аталған мәселе төңірегінде пікір білдіріп, Премьер-министр мен Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында бала құқығын қорғау мәселесін көтерді. Балалар көрген зәбір мен жантүршігерлік қылмыс көбейгенін айтқан ол халықтың еті мұндай қылмыстарға үйреніп кетпеуі керек екенін баса айтты. Е.Бейсенбаев соңғы кездері оқушыларды зорлау оқиғалары жиілеп кеткенін айтып дабыл қақты. Оның айтуынша, мұндай қылмыс жасағандарға «бостандығын шектеу» деген жаза қолдану тиімсіз. Сондай-ақ, қылмыскерді бостандыққа жіберу – оған қайта қылмыс жасауға мүмкіндік беру деп білетінін жеткізді. Мәселенің бір ұшы қоғамның салғырттығына келіп тиетінін тілге тиек еткен депутат мұндай қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айырып, оларға медициналық кастрация жасау қажет екенін айтады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден