Құрақ құраудың шебері
Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Салтанат Ерпанова бірнеше жылдан бері қазақтың дәстүрлі өнерін меңгеріп, құрақ құрау арқылы өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қолөнер шеберінің құрақ көрпеше тігумен айналысқанына бес жылдай уақыт болған. Газетіміздің бүгінгі санында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ісмер туралы мақала жазуды жөн көрдік.
– Тігін тігуге, тоқыма тоқуға бала кезімнен қызығатынмын. Анам біздерге неше түрлі кеудеше, аяғымызға жылы шұлық тоқып бергенде, жанында отырып, үйренетінмін. Анам білгенін балаларына үйретуден жалықпайтын. Кейін тұрмыс құрғанымда енем тігін тігуді үйретті. Енемнің көне қол тігін машинасы бар болатын. Үйдің қажетіне жарайтын заттарды сол машинамен тігіп алатынмын, – дейді нағилық келіншек Салтанат.
Салтанат – мектеп бітірген соң осы ауылға тұрмысқа шығып, бүгінде 5 баланың анасы атанып отыр. Жас отбасы үлкен шаңырақтан бөлек шығып, өз үй-жайлары болғанда қарап отыруды жөн көрмей, бұрын қолданыста болған қол машинасын сатып алады. Ескі киім-кешекті іске асырып, одан қиюын қиыстырып, көрпеше тіккенде, көршілері де осындай үйге қажетті затты тігуге тапсырыс береді. Бірінен соң бірі дүниеге келген балалардың қамымен жас ана біраз уақыт тігіншіліктен қол үзіп қалады.
– Менің екінші ұлым туғаннан мүмкіндігі шектеулі болды. Баламды емханаларға апарып, ем-домын алып жүргенімде қолөнермен айналысуға шамам келмей қалды. Денсаулығында кінәраты бар баланың жағдайын жасау, одан да басқа балаларымның ас-суы бар дегендей үйдің тірлігінен қолым босамады. Бір күні құрбым үйіне қонаққа шақырды. Ұмытпасам 2018 жылдың наурыз айы болуы керек. Құрбым базардан 3 құрақ көрпешенің тысын сатып алған екен. Құрақ көрпеше қарап отырып «мұндайды тігу менің де қолымнан келеді ғой» дедім. Ал құрбым болса дереу «иә, Салтанат, сенің қолыңнан келеді, сен тігіп сатсаң мен аламын. Сен базардағыдан да әдемі тігесің» деп менің тігін тігуге деген құлшынысымды оятты, – дейді шебер.
Алғашқы кәсібін құлағындағы сырғасын ломбардқа 5 мың теңгеге өткізіп, оған қажетті матаның түр-түрін алып, төрт көрпешенің тысын құрап, әрқайсысын 3500 теңгеден сатып, 14 мың теңге пайда тапқан тігінші өз ісін осылай бастап кетеді. Уақыт өте ауыл адамдары Салтанаттың шеберлігіне риза болып, бірінен соң бірі тапсырыс бере бастайды.
Құрақ көрпеше әр қазақтың үйінің сәні, әрі ең қажетті бұйымы емес пе? Ауылдың қыз-келіншектерінің талғамына сай оюдың да неше түрін меңгеріп, қаржы жинап, жапондық тігін машинасын да сатып алу шебердің одан әрі тапсырыс қабылдауына мүмкіндік береді. Салтанаттың биылғы жылы ауылдық мәдениет үйінде өткен әйелдердің бас қосуына арналған іс-шарада көрсеткен көрмесіне өз қолынан шыққан құрақ көрпешелері қойылып, өнеріне риза болмаған жан қалмады.
Негізінен, Салтанат құрақ құрауды әлеуметтік желідегі шеберлік сабақтарынан үйренген. Бұрыннан жанына жақын сүйікті ісімен айналысуына қазір мүмкіндігі бар болуы қуантады. Себебі қазір балалардың алды өсіп, кейінгілері мектеп оқушысы болған. Салтанат осы күні сүйікті ісіне көп уақыт арнап, адал еңбегінің жемісін көріп, тұтынушылардың сұранысына сай дүниелерді дайындап, алғыс алып жүр.
– Осы кәсіпті бастағаныма 5 жылдай уақыт болды. Құрақтың неше түрін құрауды білемін. Сонымен қатар бесік жасауларын да тігемін. Қосымша балаларға арналған тоқыма киімдер тоқимын. Тапсырыстарды көрші ауылдардан да қабылдаймын. Әркімнің талғамы әртүрлі болады ғой. Ою ойып, құрақ құрауға дәлдік пен талғам керек. Әсіресе түстердің үйлесіміне келгенде асығыстық танытпаймын. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу» деген қағиданы берік ұстанамын. Осы уақыт ішінде жүздеген көрпеше тігіп, бесік жасауын жасадым, – дейді өз ісінің шебері Салтанат Ерпанова.
Шебердің айтуынша, құрақ көрпешелердің бағасы оның матасы мен жұмысының қиындығына, оюдың күрделігіне қарай болады екен.
– Тапсырыс берушілер қаржысына қарай матаны, оюды, түр түсін өздері таңдайды. Мәселен, бір көрпешенің бағасы 10 мыңнан басталса, 20 мыңға дейін баруы мүмкін. Бір күнде бір көрпеше тігуге болады. Тігіншінің шеберлігіне байланысты көз майыңды тауысып жасайтын жұмыстың бағасы да лайықты болады. Оны тапсырыс берушілер де жақсы түсінеді. Қазір менің тұрақты жұмысым осы тігіншілік, – дейді тігінші.
Тігін өнерін табыс көзіне айналдырған келіншек кәсібін кеңейту үшін мемлекеттен ешқандай несие алмаған. Негізінен, қайтарымсыз грант алуға құжат дайындап, мемлекет беретін мүмкіндікті пайдалануға ауыл әкімдігіндегі мамандар кеңес берген. Дегенмен қойылатын талапқа байланысты ешқандай санатқа ілікпегені тігіншінің мемлекеттен қаражат алуына кедергі болған. Осы уақыт аралығында жұмыссыз, көпбалалы ана, мүгедек баланы асырап отырған ана санаттары болғаны, бірақ оны дер кезінде пайдаланбағаны өкінішті, әрине.
– Қазір менің мүмкіндігі шектеулі баламның жасы жиырмаға келді. Баламды күтіп отырғаным үшін мемлекеттен берілетін жәрдемақыны 2021 жылы 18-ге толғандықтан алып тастады. Түсініксіздігі баламның денсаулығында оңалу байқалмайды. Өз бетінше ешқандай әрекет жасай алмайды. Жыл сайын бұрынғы диагноздарына қосымша дерт қосылып жатыр. Менен күтушілікті неліктен алып тастағанына түсінбеймін. Әркім өз баласын бағып қағады ғой, бірақ осы кедергі мемлекеттен қайтарымсыз грант алуыма мүмкіндік бермей отыр. Бес баланың анасы болсам да екі балам кәмелетке толып кетті. Мен секілді аналарға мемлекеттен қандай қолдау болатынын ізденіп жүрмін, – дейді көпбалалы ана.
Иә, Салтанат секілді қолынан іс келетін келіншектер көп. Оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, өз кәсіптерін дөңгелетіп жіберер еді. Әттең, кейбір мемлекеттік бағдарламаның қол жетімсіздігі осындайда байқалады. Салтанаттың сүйікті ісімен айналысуына ең алдымен отбасы, отағасы Асан Төкешов көмектеседі. Асан – қазір «Мағжан және К» серіктестігінде күрішші. Ол үнемі келіншегінің жетістігіне қолдау көрсетіп, қолынан келгенше қаржы жағынан аянып қалған емес.
Осы күні Салтанат ісмерлікпен айналысуына өз үйінің бір бөлмесін арнап қойған. Шебердің болашақта кәсібін кеңейтуге жоспары бар. Ол үшін әрине, мемлекеттік қолдау керек.
Б.ЖАНӘЛІ