Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сайыпқыран спортшы

Сайыпқыран спортшы

Бүгінде Сырдария ауданында волейбол спорты ерекше өркен жайып, бірнеше толқын тәрбиеленіп шықты. Қай жарысқа барса да, қоржыны бос қайтпайтын аудан құрамасының сапында ойнайтын Ержігіт Айбекұлы үздіктер қатарынан көрініп келеді. Облыс құрамасына шақырту алған оның бойындағы қабілетті бапкерлері жоғары бағалайды.

Осыдан 15 жыл бұрын білікті бапкер Болат Рысмахановтың ізін қуған Айбек Сейпуловтың мақтаулы шәкірттерінің бірі – Ержігіт Айбекұлы екі мәрте ҚР чемпионы атанған. Сонымен қатар биыл ел біріншілігінде талабы тау­дай спортшы өз командасымен бірге қолаға қол созған. Жыл са­йын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Елеу Көшербаев атындағы халықаралық турнирдің жеңімпазы әркез бапкерлер үмітін ақтап келеді. Негізінен, жігері мықты спортшы 2008 жылы Тереңөзек кен­тінде дүниеге келген. №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мек­тепте білім алған Ержігіт жаңа оқу жылында «Болашақ» кол­лед­жі­нің табалдырығын аттамақ ниетте.

– Болашағынан зор үміт күтті­ретін шәкіртім қазіргі уақытта «Қай­сар» волейбол клубының ойын­шыларымен бірге Түркістан қаласында жаттығу жиынында. Әкесі – Айбек пен анасы – Қалдыгүлдің кенжесі Ержігіт волейбол спортын жетік меңгерген. Бойы 1.72 см болатын ойыншымыз қорғаушы ретінде байрақты бәсекелердің көрігін қыздырады. Жал­пы, бізде спортшыларды  аптасына 5 күн жаттық­тырады. Спортшыларды физикалық, пси­хологиялық тұр­ғыдан дайын­дауға көңіл бөле­міз. Кей жағдайда жарыс жолында ойын өрнегін өзгерте алатын спорт­шылар болады. Ержігіт сондай тегеу­рінді спортшылардың қата­рында, – дейді жеке бапкері Айбек Сейпулов. 

ҚР спорт шеберлігіне үміткер Ержігіт Айбекұлының туған әпкесі Нұрай да «Қайсар» волейбол клубының құрамына шақыртылып, алдағы чемпионатқа дайындық үстінде. Қос ағайынды волейболшылар Сырдария ауданының мақта­нышына айнала бермек.

– Мен 4 сынып оқып жүр­ге­німде волейбол спортына қызы­ғушылығым артты. Бапкер­лерім қой­ған әдіс-тәсілді сәтті орындап, жаттығулардан қалмай, же­тіс­тік­терге қол жеткізе білдім. Шын мәнінде, волейболшы бітім-бол­мысын бір қалыпта ұстағаны жөн. Біз үнемі шынығып, артық салмақ қосып алудан сақта­намыз. Әркез бапкерім мен ата-анам артқан үмітті ақтағым келеді, – деді құрама капитаны.


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
19 тамыз 2023 ж. 302 0