Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Чемпиондардың бапкері

Чемпиондардың бапкері

Елімізде спортшылардың кә­сі­би мерекесі жыл сайын тамыз айының үшінші жек­сен­бісінде аталып өтеді. Атау­лы күн қарсаңында спорт са­­ласында ұзақ жыл жемісті қыз­мет етіп, чемпиондардың бапкері атанған, сондай-ақ бұқаралық спортты да­мытуға елеулі үлес қос­қан азамат Болат Рысмахан жа­йында қалам тербеуді жөн көрдік.

Бүгінде ардагерлікке абыроймен жеткен спорт саңлағының есімі аудан жұртшылығына ғана емес, облысқа, қала берді республикаға танымал. Ауданда алғашқылардың бірі болып балаларды спорттың волейбол түріне жаттықтырып, жүздеген жеңімпазды шығарған жаттықтырушының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Тереңөзектің тумасы Болат Жұмаділұлы «Спорт десе ішкен асын жерге қоятындардың» қатарында. Бала кезінен әкесі Жұмаділ мен анасы Ақжарқынның дүниеге әкелген 7 перзентінің үшіншісі болып ержеткен жігіт әпкелері Света мен Розаға арқа сүйеп, өзінен кейінгі бауырлары Қайрат, Раушан, Сәуле, Талғатқа қамқор болды. Спорт саласында қызмет еткен әкесі мен кітапханашы анасының тәрбиесін алып, аудан орталығындағы №36 орта мектепті тәмамдады. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ Болат Жұмаділұлын спортқа баулыған жаттықтырушысы Кеңес Иноятов шәкіртінен көп үміт күтті. Бір жылдың төлдері Тәжібек Кенжеғұлов, Николай Агафонов, Серік Омаров, Болат Рысмаханов ауданның абыройын мектеп оқушысы кезінде-ақ асқақтатқаны күні кешегідей есінде.

1974 жылы орта мектепті бітірісімен еңбекке ара­ласқан жалынды жас Отан алдындағы борышын екі жыл Белоруссияда өтейді.  Әскерден оралған соң Ресейдің Ленинград қаласында 3-4 жылдай мет­рода жұмысшы болып еңбекте ысылады. Туған елге оралған 1981 жылы ХРСУ-да монтаждаушы болып жұмыс істесе де, спорттан бір сәтке де ажырамайды.

Спорт мектебінің директоры болған Төлеген Бекенов аудан спортын дамытуға қолынан іс келетін мықты спортшыны жұмысқа шақырып, 1984 жылы №11 олимпиадалық резервтің балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушылыққа қабылдайды.

Міне, 40 жылға жуық табан аудармастан спорт саласында маңдай терін төгіп жүрген азамат осы жылдар ішінде жүздеген спортшыны тәрбиелеп шығарды. Арнаулы білімді Шымкент қаласындағы дене шынықтыру техникумынан алып, артынша Алматы қаласындағы дене шынықтыру және спорт инс­титутына оқуға түсіп, 1992 жылы қолына оқытушы-жаттықтырушы деген дипломын алады.

–    Жастайымнан спортқа жақын болдым. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ  талай жарыстарға барып, аудан намысын қорғайтынбыз. Өзімді болашақта спорт жаттықтырушысы ретінде көретінмін. Спорт мек­те­біне қабылданған күннен бастап қыздар тобын жасақтап, волейболдың қыр-сырын үйрете бастадым. Спортшыдан шапшаңдықты, бір топта үйлесіп ойнау қабілетін қажет ететін спорттың бұл түріне жасақтаған алғашқы қыздар тобында 1972 жылы туған қыздар болды. Оларды 3 жыл тәрбиеледім. 1987 жылы аудан алғаш рет облыста чемпион атанды. 2000 жылға дейін бірыңғай қыздар командасын жаттықтырдым. Табандылық пен еткен еңбек ақталып, облыста осы уақытқа дейін 35 рет «Алтын күз» спартакиадасы өтсе, біздің аудан командасы 32 рет чемпион атанды. Бұл спартакиада біз үшін нағыз олимпиада десек болады, – дейді чемпиондардың бапкері Болат Жұмаділұлы.

Спорт майталманы 25 жылдан астам уақыт волей­болдан облыстың аға жаттықтырушысы болды. Осы кезеңде облыстың құрама командасы 20 мәрте республика чемпионы болып, 30 рет жүлделі орын­дарды иемденіп, жеңімпаз атанғанын айту керек. Республикаға еңбегі сіңген жаттықтырушының ең үлкен жетістігі – спортшы шәкірттерінің жеңісі.

Жемісті еңбектің арқасында талай шәкірті ұстаздың жолын қуып, өздері де жаттықтырушы атанды. Олардың қатарында аудандық спорт мектебінде ди­рек­тордың орынбасары қызметін атқаратын Гүлстан Алмашева, әдіскер Құндызай Төленова, жаттықтырушылар Жандос Темірғалиев, Айбек Сейпулов және де Жасұлан Бохаев бар. Спорт саласының майталманы 16 жыл бойына қыздар тобын жаттықтырса, 2000 жылдан бастап ұлдар командасын жаттықтыруға көшеді. Тынымсыз еңбек пен жоғары талап үдесінен шыққан ұлдар командасы да үнемі байрақты жарыстарда жүлдегер атанып аудан атын республикаға танытып келеді. Айту керек, ер балалардан жасақталған команда да «Алтын күз» спартакиадасында соңғы 8 жылдан бері І орын тұғырынан түскен емес. Бұл тәжірибелі маманның ақ адал еңбегінің көрсеткіші.

Негізінен сөзден гөрі нәтижеге, спорттың биік шыңына жетуді мақсат етіп қоятын жаттықтырушы Болат Рысмаханның шәкірттері ең алғаш рет респуб­ликада 1992 жылы жеңіске жеткен.

–    Әлі есімде одақ тара­ған­­­­нан кейін Ақтөбе қа­­ла­сында республикалық деңгейдегі ауыл спорт­шыларының алғашқы жарысын «Қайрат» спорт қо­ғамы ұйымдастырды. Республиканың түк­пір-­түкпірінен келген коман­далардың арасында Тереңөзектік волейболшылар облыс намысын қор­ғады. Осы жарыста біздің команда бұрын-соңды болмаған жақсы нәтижеге жетті. Жүлделі ІІ орынды алып, айды аспанға шығарды. Сонда мықты деген жаттықтырушылар Қызыл­орданың спорты да­мығанына көз жеткізіп, таңданыстарын жасырмады. Ри­зашылықтарын білдіріп, волейболшы қыздарға сәттілік тіледі, – дейді өз ісінің шебері.

Волейбол спортының дамуына саналы ғұмырын арнаған Болат Жұмаділдің тәжірибесі көрсеткендей, бұл спорт шапшаңдықты ғана емес, дұрыс жоспарлауды талап етеді. Осы екі міндетті орындаған команда жеңіске жетеді. Сәйкесінше білікті бапкердің шәкірттері жоғарғы оқу орнында оқығанда, кейін қандай да бір қызметке орналасқанда тапсырманы тез әрі сапалы орындайтын маман болып қалыптасып келеді. Бұл бапкердің тек спортшы ғана емес, азамат тәрбиелей білген қасиеті, маңдай терінің мәуелі жемісі.

– Спортшыларымыз қай салада қызмет етсе де, олар волейбол арқылы өз саласында абыройлы болады. Себебі қазір кез келген салада мейлі ол полиция, медицина, білім, мұнай, төтенше жағдай қызметі т.б. міндетті түрде спартакиада өтеді. Міне, осы ретте біздің спортшылар өз командаларын алға сүйреп, мекеменің абыройын арттырады. Сондықтан волейбол бұқаралық спорт түрі болғандықтан, онымен шұғылданатындар жұмысқа жақсы орналасады. Бір артықшылығы футбол мен волейбол ойнайтындар оны өмір бойы ойнайды десем артық айтқандық болмас. Біздің спортшыларға жұмыссыз қалу қаупі жоқ. Спортшылар ұжымға тез сіңісіп кетеді, адамдар­мен тіл табысуда қиындық көрмейді, – дейді ұстаз.

– Болат Жұмаділұлымен 1984 жылдан бері ауданның спорт саласында бірге келеміз. Ол ауданымызда ең алғаш волейболдан кәсіби жаттықтырушы болған азамат. Мектеп оқушыларын спорт мектебіне тартуда белсенді еңбек етті. Шәкірттері де жаттық­тырушының талабына, тәртібіне мойынсұнған. Тынымсыз еңбек, төгілген маңдай тер міндетті түрде өз нәтижесін береді. Әрбір спортшыдан мықты волейболшыны шығаратын жаттықтырушының өзіндік техникасы мен шеберлігі бар. Ширек ғасыр облыстың аға жаттықтырушысы болды. Облыстың намысын республика көлемінде қорғап, әлі де талай додалы бәсекеде бақ сынайтын спортшыларды дайындап келеді. Бәкең өз ісінің майталманы болуымен қатар аудандағы үлгілі отбасының отағасы. Әріптесімді төл мерекемен құттықтаймын, – дейді әріптесі Бақытжан Ахметов.

Талай шәкіртті баптаған жаттықтырушы зейнет демалысына шықса да спорттан кеткен жоқ. Жас спортшыларды тәрбиелеуде барын салып, мықты команданы жасақтады. Жақында 7 бірдей шәкірті спорт шеберлігіне үміткер атанса, осы уақыт аралығында ондаған спорт шеберін және жүздеген спорт шеберлігіне үміткерлерді қанаттандырды.

Аудан спортын дамытуға, саламатты өмір салтын насихаттауға айрықша көңіл бөліп, атсалысып жүрген азаматтың балалары да спорттан құр алақан емес. Жұбайы ардақты ұстаз Зағипа Тайманова екеуі тәрбилеген үш ұлы да волейболды шебер ойнайды. Үлкен ұлдары Әділет пен Дәулет бүгінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызметте, кенже ұл Әсет Қазақ спорт және туризм академиясының 4-ші курс студенті. Ауданның құрама командасының мүшесі, спорт шеберлігіне үміткер. Әке жолын қуған Әсет болашақ оқытушы-жаттықтырушы. Бүгінде Болат ағаның отбасында Аделина, Ади, Адина, Эмир есімді немерелер өсіп келеді.

Қай кезде де адал еңбектің жемісті нәтижесі болады. Абыройлы азаматтың еңбегі лайықты баға­ланып, көптеген награда иесі атанды. Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл, 25 жыл, Қызылорда облысына – 70 жыл, Қызылорда қаласына – 200 жыл, Сырдария ауданының 90 жылдық медалі, Байқоңыр қаласына – 50 жыл, Қызылорда спортына – 60 жыл, «Еңбек даңқы» медалі, Спорт саласының майталманы атағы мен ҚР Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасы, ҚР Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасы ұзақ жылғы еңбектің жемісі.

Бүгінде 66 жасты алқымдаған сала ардагері өзінің әріптестерімен кәсіби мерекені лайықты атап өтуде.


Бибісара ЖАНӘЛІ
19 тамыз 2023 ж. 419 0