Отбасыларға бір реттік көмек ретіндегі қаражат айдың соңына дейін аударылады
Биыл тамыз айының соңына дейін 460 мыңға жуық оқушыны мектеп формасымен, кеңсе заттарымен қамтамасыз ету бағытында отбасыларға көмек беріледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі жеткізді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
«Жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 Қаулысына сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен аз қамтылған отбасылардағы оқушылар 100% мектеп формасымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіледі. 2022 жылдан бастап материалдық көмек көрсету мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алу үшін ата-аналардың карта-шоттарына ақша аудару арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бұл тәсіл әр балаға көмек көрсету қаражатының көлемін реттеді (ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес, 2023 жылы - 40 567 теңге)», - делінген Оқу-ағарту министрлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген жауабында.
Жергілікті атқарушы органдардың ұсынған ақпаратына сәйкес, биыл жалпыға бірдей білім беру қоры 65 млрд теңгеден астам соманы құрады. Оның ішінде киіммен, аяқ киіммен және кеңсе заттарымен қамтамасыз етуге 18 млрд теңге бөлінді.
«Бұл қаражатқа 458 299 оқушыға материалдық көмек беру жоспарланған. 2023 жылғы 10 тамыздағы жағдай бойынша өңірлер 313 150 баланы (68,3%) қамти отырып, ата-аналар шотындағы картаға 12 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Биылғы тамыз айының соңына дейін өңірлерде жергілікті бюджеттен ата-аналардың шоттарына 100% қаражат аудару ескерілген», - деп аталып өткен министрлік ақпаратында.
Фото: ашық дереккөзден