ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАР ҮШІН 2000 ЖУЫҚ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ БӨЛІНЕДІ
Гранттар көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау көрсету бойынша 2021 жылға дейінгі аймақтық Жол картасы шеңберінде бөлінетін болады.
"Президенттің тапсырмасы бойынша, Үкімет көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған бірыңғай шаралар пакетін қабылдады. Осы мақсатта көп балалы және аз қамтылған отбасыларға қосымша қолдау көрсету бойынша 2021 жылға дейінгі Аймақтық әлеуметтік жол картасы қабылданды. Бұл Жол картасы аясында өзінің шағын бизнесін дамытуға қайтарымсыз негізде 1922 грант бөлу қарастырылуда»,-деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Жол картасы аясында сауықтыру лагерлерінде аз қамтылған отбасылардағы 17 мың баланың демалысын ұйымдастыру, әлжуаз отбасылардан шыққан 25 мыңнан астам оқушыны тегін тамақпен және мектеп киімімен қамтамасыз ету, Қызылорда қаласы бойынша 6800 балаға қоғамдық көлікте тегін жүруін ұйымдастыру жоспарлануда.
Бұдан басқа, әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан балаларды жоғарғы оқу орындарында оқытуға облыс әкімінің қосымша 200 гранты бөлінеді. Бұл ретте, осы отбасылардың еңбекке жарамды өкілдерін жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетілетін болады (жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, өз бизнесін ашу және т.б.).
«Әдеттегідей өңірде көпбалалы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету бастамасын ауыл шаруашылығы және бизнес құрылым өкілдері де қолдап, жыл басынан бері 17 отбасыға баспана кілтін табыстады. Бұдан бөлек, Елбасының тапсырмасына сәйкес, сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй салуға және дайын пәтерлерді сатып алуға республикалық бюджеттен бөлінген 3,6 млрд. теңгеге және қосымша облыстық бюджеттен бөлінген 360 млн.теңгеге жылдың қорытындысымен 431 көпбалалы отбасы баспаналы болады»,-деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда облыста 36 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Олардың 6 мыңға жуығы аз қамтылған. Бүгінгі күні 3000 астам көп балалы отбасы мен жалғыз басты аналардың материалдық-тұрмыстық жағдайы зерделеніп, олар көтерген мәселелерге қарай санаттарға жіктелді.
Бүгін Қызылорда облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Онда аймақтың І жартыжылдықтағы даму қорытындысы шығарылып, келешек жоспарлары айқындалды.