Тіл – саясаттың емес, жүректің ісі
Тіл мәртебесі – ел мәртебесі. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Ана тілінің тағдырына «елім» деген әрбір адам жауапты. Тіл мәртебесі, тіл саясаты мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттық мұра. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Бұл сөзге жасанды жанашырлықпен емес, терең түсінікпен қарасақ екен.
Хош... Əдеттегідей, автобусқа мінсем жан-жағымдағылардың қимылын бағып, кімнің аузынан қандай сөз шығады екен деп бақылайтын əдетім. Себебі, меніңше, автобус – ең бір қайнаған қоғамдық орын. Шаруасынан шаршап, жұмыстан қалжырап қайтқан халықтың «шынайы бет-бейнесі» көрінетін кез – әсіресе кешкі мезгілдегі автобус іші... Жұма сайын жүретін жолыма түсіп, аязды күні аялдамада аяқтарымды бірді-біріне соққылап, сарылып сары автобусты күттім. Не керек, сегіз минут күттірген сары автобус селкілдеп жетіп те келді. Күндегідей, халық ығы-жығы... Қысқасы, біз отырған (тұрып тұрған) автобусқа бес аялдамадан соң баласын жетектеген əйел мінді. «Ақша төлеп отырамыз» деп тап-таза айтып тұрған кондуктор əйел "баламен орын берейікші" деп қалды. Ниетін түсіндік, бірақ тілді қалай болса солай қолдануға бола ма? Мен ызаланып үлгергенше, бір үлкен кісі "Əй" деді жекіріп. "Осындай да сөз бола ма екен, «балалы əйелге орын берейік» деп жөндеп айтсаң болмас па" деп зірк ете қалды. "Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен бездің" кері келіп, аузымды ашуға арым жібермей, ашуды ала көзбен көрсетіп тұрған едім, əлгі кісіге сонша риза болдым. "Жай сөз, маңызды емес, не айтқысы келгені түсінікті емес пе" деген ой болуы мүмкін, кондуктор әйелдің де ойы осылай-ау, тілін дұрыстамақ боп безектеген кісіге бет бұрып та қарамады. Рас, əйтеуір түсіндік. Бірақ, біреу солай жүйесіз сөйлесе, екінші тағы солай жасаса, жасампаз тіліміздің ертеңі не болады? Тіліміздің өз заңдылықтары бар, ережені еркін меңгеріп, бай тіліміздің байлығын сарқа пайдаланып, бал тамызып неге сөйлемеске?! Бірдің сөзі түзелсе, мыңға сабақ емес пе?
Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тіл саясаты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылғы Қазақстан халқына Жолдауында да тіл мәселесіне тоқталып өтеді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар» деген Мемлекет басшысы Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тілдің бар екенін және ол – қазақ тілі екенін айтып өтті. Орыс тілінің «ресми тіл» мәртебесіне ие екеніне тоқталған Президент заңнамаға сәйкес оның қолданылуын шектеуге болмайтынын және «қазақ тілінің өресі шектеліп барады» деген қорқыныштың негізсіз екеніне тоқталды. Қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп, туған тіліміз ғылым мен мәдениет, іс жүргізу тіліне айналып, қолданыс аясы кеңи түсуде. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген нақылды жалау еткен азаматтарымыздың тіл мәселесіне асқан парасаттылықпен, жауапкершілікпен қарауы маңызды.
Кейінгі жаңалықтарға сәйкес оң өзгерістер орын алуда. Бұған дейін тіл мәселесі көтерілгенде балалардың бірінші сыныптан бастап үш тілді қатар меңгеруінің қиындық туғызатыны талай айтылып келген болатын. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, тәрбие мен тәлімнің негізгі іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады. Осы кезде жас баланың бойына әрбір ілімді төл тілде дарыту маңызды. Былтырдан бастап қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Ал орыс тілі 2-сыныптан, ағылшын тілі 3-сыныптан бастап оқытылады.
Тілдің халық өмірінде атқарар рөлі орасан. Алдымен ол – біздің басты құндылығымыз. Бір елді екінші бір халықтан ажырататын да, ұлтқа ғана тән рухани байлықты да тілмен тікелей байланыста қараймыз.
Кез келген қызмет көрсетуде қазақ тілін таңдау – тілге деген құрметтің бастауы. Тіл мәртебесін көтеруде кәсіпкерлерге де артылар жүк жеңіл емес. Яғни жарнама немесе дүкеннің атын жазуда белгіленген нақты ережелер бар. Осы жерде кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға дегіміз келеді.
Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» дейді. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет те мәресіне жетеді. Бұл нағыз деградацияға апаратын жол. «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» дейді ұлт жанашыры. Бұл даналық сөзді дәйектеп жатудың өзі артық.
Жақында мемлекеттік тіл мәребесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған республикалық конференцияға қатыстық. Сонда сөз алған ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев ағамыз «Тіл – саясаттың ісі емес, тіл – жүректің ісі» дегені бар еді. Расында да тілге деген құрметті сыртқы күшке ысырып салудың қажеті шамалы. Әркім-ақ тіл болашағына шын жанашырлық танытып, құрмет көрсетер болса, қазақ тілінің мәртебесі биік болмақ.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден