Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тораңғыл қасқаның» көз жасы

«Тораңғыл қасқаның» көз жасы

Шығыстың шынары, жазушы Таласбек Әсемқұлов қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлға ретінде көпшілікке белгілі. Жазушының әрбір шығармасы терең таным мен даналықтан құралған. Үнемі өз оқырманын парасат шыңына жетелейтін жазушының «Кәрі ат» әңгімесін жақында бір деммен оқып шыққан едім. «Мен оқыған бір кітап» айдары бойынша көзі қарақты оқырманға қазақ үшін қасиеті жоғары жылқы малының тектілігі жөнінде сөз етпекпін.

Бір оқығаннан шығарма тілінің көркем сөздермен көмкерілгенін аңғаруға болады. Әңгіме желісі институтты тәмамдаған жігіттің нағашысының ауылына сапар шегуімен басталады. Енді соны хәл-қадіріміз жеткенше қысқа-нұсқа баяндасақ.

Тылсым табиғатымен көпті таңқалдыратын Қарағаш өзенінің жағасында Тораңғыл тауы орналасқан екен. Ой еркіндігін іздеген жігіт сол таудың етегіне шығып келе жатып, қабырғасы ырсиған, сүйекке кетпеп тартылған жұқа терісі ойдым-ойдым ағарған, адам секілді бурыл тартатын төрт түліктің төресі жылқыны кезіктіреді. Жанына адам жуытпайтын жылқының осыған дейінгі көрген қияметі жігітке беймәлім еді. Тыпыршып бір орнында тұрмайтын жылқының тұрпаты оны терең ойға жетелейді. Осылайша, ойда жоқта кездескен жылқы жөнінде жігіт нағашысынан кешкі ас үстінен егжей-тегжей сұрап біледі.

Негізінен, Қарағаш совхозында Шерубай деген бай өмір сүрген. Ол қажылық сапарын өтеп, халыққа шапағатын тигізген мың болғыр адам болған. Атағы жер жарған атақты бай айналасынан жақсылығын аямайтын жомарт жан екені белгілі. Соғыс бітіп, елде бейбіт күн орнай бастаған сәтте Шерубай өзі тұратын «Жаңа талап» қонысында қолы ашықтығымен елге белгілі болып, үлкен мансаптың егесі атанған. Баласы Бертіс әкесінің дәулетін өз уақытысында шашау шығармай Совет өкіметіне өткізген. Сол Шерубай қоныс аударып келе жатқан жылқышысының малында диюы араласқанын көріп, айрықша оқиғаға балаған. Байлардың ішіндегі ерекше құбылысқа тап болған ол мұндай жаратылысты жақсылыққа теңеген. Ондай құбылыс байдың байына беріліп, 100 жылда бір қайталанады екен. Асылында, байдың жылқышылары төрт түліктің төресін дию деп атаудың өзіндік себебі бар. Үйірлерін қорып қарсы ұмытылған екі-үш айғырды әп-сәтте шайнап тастайды да, шамасы бір қостай қалың жылқыны айдап жөнеледі. Басқа жылқыларға қарағанда әлгі жылқы мықтылығымен, табандылығымен, қайратымен танылған. Сондықтан ерекше жаратылыс иесін көпшілік дию деп атап кеткен.

Осылайша, бай жылқыларын тұрпаты өзгеше айғырмен будандастыруға байлам жасаған. Байдың қаны жаңарған жылқылары асылданып, ерекше кейіпке енеді. Яғни, диюдан қашқан биелер он-он бес тышқан түстес сұр, шоқтығынан құйысқанға дейін созылған көк жолағы бар құлындар туады. Үйіріне айғыр жақындатпас жылқының тектілігі күллі жұртқа жайылады. Ерекше тұла бойы керемет жылқының төлі туылғанда көпшілік осы жерді Тораңғыл деген батыр құрғандығын тілге тиек етіп, соның құрметіне жылқының атын «Тораңғыл қасқа» қойғандығы әңгімеде баяндалады.

Жылдар өтіп, қасқырмен алысқан айғырдың атағы дүйім елге жайылады. Талай қасқырды алдыңғы аяғымен теуіп көзін шығарған айғыр үйірін түз тағысына жем етпеген. «Тораңғыл қасқа» еш уақытта мініске көнбеген ат. Ерекше қасиетімен, тектілігін көрсеткен айғыр адамнан қиянат көрері алда еді. Аудандық уәкіл Тарақбай жылқыны аттай қалап, байдың өзінен мініске сұрайды. Уәкілдің сөзі заң болғандықтан, ешкім оның бетін қайтара алмайды. Қолға үйретілмеген «Тораңғыл қасқаны» тұсаулап ұстағанымен, тақымға көнбейді. Кейіннен, жылқышы біткен бұғалық салғанымен қиқарланған жылқы ешкімге әл бермейді. Біршама уақыт өткеннен кейін әккі жылқышы Ақтанау екі мәрте айғырды тұсаулап береді. «Адамның сырттаны мен жылқының диюы соғысады» деген хабар жеткеннен кейін жан-жақтан адам ағылады. Ақтанау қораның іргесінен 4 шұңқыр қазып, мықтап қада орнатқан. Бір-бір қадаға ұзын қыл арқан байланып, адуыны мықты айғырға тұсау салынған. Бұл ретте, тұсауға түскен. «Тораңғыл қасқа» таңата бұғаудан өзі босап шыққан. Осындай айла-тәсіл қайталанғанымен, киелі жылқы сыр бермеді. Бір мезетте «Тораңғыл қасқа» жалына жармасқан Тарақбайды тасқа соғып, мойынын қисайтып, қабырғасын қаусатып, аяғының көк етін жырта түскен. Осындай адуындылығын көрсеткен жылқыны арнайы уәкіл сойылмен соғып қан жоса қылатын. Ауылдастары басу айтып, аттың киелі мал екендігін айтса, сойылын сермеп, түрмеге жаптыратын. Жігіттің нағашысы майдан көрген жауынгер. Сол аяғынан айырылған Иманғазы уәкілді «Тораңғыл қасқаны» қорлағаны үшін талай сыбаған екен.

«Айғыр алмауыт болмай, атқа жарамайсың» деген тәмсіл бар. Бірнеше жыл жалғыз айғырмен алысқан Тарақбай ақырында диюдың ығына жығылды. Арбаға жегіп, қабырғасын қақыратса да «Тораңғыл қасқаны» ешкім бағындыра алмады. Сол жылы «Аягөз» ет комбинатына өткізілген жылқы сойылмай қайта ауылына оралды. Өзімен аттас тау етегінде мекен еткен жылқы арада қанша жыл өтсе де өз қасиетін жоғалтпайды.

Асылында, қазақтың «Жақсы аттан жал кетсе де, әл кетпейді» деген сөзінің жаны бар секілді. Киелі, текті, үйірін сақтай білетін жылқының тағдырын жазушы анық суреттей білген. «Тораңғыл қасқа» секілді талай төрт түліктің төресінің тағдыры қағаз бетіне түскені мәлім. Туған жердің топырағынан алыс кетпеген кәрі ат иесінің мазарын торыуылдан ұзақ мекен еткен. Шерубайдың мыңғырған жылқысының ішінде «Тораңғыл қасқа» ел есінде жатталды. Шын мәнінде, жазушы бір жылқының оқиғасын негізге ала отырып, туған жерге құрмет, малдың киесін, өмірдің иірімдерін, адамның озбырлығын зор тебіреніспен жазып шыққан. Тақымы желіккен жынды Тарақбай өз дәуірінде жылқымен алысқан уәкіл ретінде қал­­са, озбырдың тепкісінен босап шық­қан «Тораңғыл қасқа» тектілігімен дара­ланған. Кеңбайтақ даланың еркін­ді­гін сезін­ген жылқы – малдың патшасы де­­ген сөздің төркіні осында жатыр.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
05 тамыз 2023 ж. 150 0