Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әбдіжәміл әлемі: Ағалар ізі жоғалмас

Әбдіжәміл әлемі: Ағалар ізі жоғалмас

Қазақтың маңдайына бақ болып біт­кен жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есі­мі Түркі халықтарына ғана емес, Еуропа елдеріне таныс. Қаламымен ға­ламды мойындатқан дарын иесі ХХ ға­сыр әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қос­­­қанымен, шығармалары бір ғасырға ғана емес, түгел ұрпаққа азық, мұра болып қалғаны ақиқат.

Жазушы 80 жасқа толар кезінде замандастары мен іні-шәкірттері мерейтойды дүркіретіп тойлауды ұсыныпты. Сонда мақтанқұмарлықты жаны сүймейтін жазушы қарсы болып, келісімін бермепті. Айналасындағы зиялы қауым әйтіп-бүйтіп көлемді іс-шара өткізуге әзер көндіріпті. Сонда Әбдіжәміл атамыз рұқсатын беріп, «бірақ мені мақтайтын болсаңдар, тұрамын да, кетіп қаламын» деп шартын қойған екен. «Өзі мақтанғанды ұнатпайтын, өзгені де оң-солсыз орынсыз мақтамайтын ағаны содан кейін мақтамауға тырысатын болдық» дейді жазушы Смағұл Елубаев бір естелігінде. Сол айтпақшы біз де Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовті мақтамай, халықтың жоғын жоқтаған талантты жазушымен мақтанғанды жөн көрдік.

Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылы Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Құланды поселкесінің Үшкөң деген ауы­лында дүниеге келген. Он сегіз жастың үзеңгісіне аяғын енді сала берген бозбала мектеп бітіре салысымен қан майданға аттанып кете барған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 1943 жылы лейтенант дәрежесін алған. «Болат қайнауда, Батыр майданда шынығады» демекші, елі мен жерін қорғай жүріп, әдебиетке бет бұрып, шығармашылығын шыңдаған қаламгер соғыстан қайтқанда бір дорба қолжазбасын арқалап келген. Жазушының халқымыздың көнеден керуен салып келе жатқан шежіресі – көркем сөз тарихының төріне озған жолы сол майдан кезеңінен басталды десек болады. Көркем әдебиетке деген құштарлық көңілі алып-ұшқан бозбаланы соғыстан қайтар жолда ауылға емес, тура Алматыға бастаған. Сонда Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сияқты тілеулес ағалары жас жігіттің қолжазбасын оқып шығып, ризашылықпен батасын беріпті. «Батаменен ер көгерер» дегендей, қазақтың біртуар арда азаматтарының берген ақ батасы жас жігітке күш-қуат болып, жазушылыққа түбегейлі бет бұрған. Әбдіжәміл Нұрпейісов кейін әдебиеттану институтына оқуға түсіп, кәсіби түрде әдебиетке бағыт алған.

Жазушының алғашқы шығармасы «Курляндия» деп аталады. Көркем әдебиет әлеміне осылай қиын жанрмен әрі турашылдықпен қадам басқан дарын иесінің «Қан мен тер», «Соңғы парыз» шығармалары оқырман қауымның жоғары бағасына ие. Жазушының шығармалары әлі талай ғасырға, талай ұрпаққа азық болары анық. Себебі жазушы мәселеге тура қарап, шындықты шырқыратып жазған. Өзінің туған өлкесі Арал айдынының тартылып бара жатқаны жанына батқан қарымды қаламгер қабырғасы қайысып, баспасөз беттеріне де түрлі жанрда мақалаларын бастырған. Тіпті газет-журналдарда Аралдың сарқылуына тікелей кінәлі адамарды лауазымы мен шеніне қарамай әшкерелеуінен жазушының бірбеткейлігін айқын аңғаруға болады. Туындыларын заман талабына сай неше мәрте өзгертіп, қайта бастырып шығып отырған қаламгер әлемдік деңгейдегі мәселені толғап, Арал экологиясына дүниежүзі қайраткерлерінің назарын аударған.

Көзі тірісінде-ақ аға буын мен зиялы қауымның жоғары бағасына ие болып, түрлі марапатты да алған. Бірақ жазушы халқының қажетіне жараудан асқан мәртебе жоқ деп білген. Турашыл жазушы Екінші дүниежүзілік соғыстан тағып қайтқан үш ордені мен партия билетін ортасынан қақ бөліп, қоқысқа тастаған. Ашаршылық пен небір құйғын заманды көзбен көрген азамат онысын «халқымды қынадай қырғандардың таққан атағы да, абыройы да керек емес» деп түсіндірген екен.

1978 жылы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша түсірілген екі бөлімді кинотуынды көрерменге жол тартқан. Жанынан туған шығарманың көрерменге ынты-шынтысыз ұсынылуын жазушының өзі тікелей бақылаған. Бас­ты кейіпкерлерді де өзі таңдаған.

2019 жылы қазақ даласы жазушының 95 жас мерейтойын атап өтті. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушыға ерекше ілтипат көрсетіп, «Сіз біздің халқымызға керексіз» деген еді. Бірақ тумақ бар жерде бір ажалдың бары анық. 2022 жылы ақпан айының басында Әбдіжәміл Кәрімұлы 98 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Асыл сөздің абызынан айырылған қазақ даласы қаралы хабарды қабырғасы қайыса көтерді. «Жақсының өзі өлгенмен сөзі өлмейді» деген, артында өшпес мұра қалдырған тұлғаның аты өшпесі хақ. Биыл да облыс әкімдігінің қолдауымен аймақта көрнекті жазушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау бағытында ауқымды іс-шаралар өткізілмек.






Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
28 мамыр 2022 ж. 265 0