Сауатты сөз – салмақты ой
Әлеуметтік желіде тіркелушілермен сұрақ-жауап жүргізетін арнайы функция бар. Жақында қыз-келіншектерге арналған бір парақша арнайы айдар ашыпты да, көпшілікке «Болашақ жарыңыздың қандай қасиеттері болуы шарт?» деген сұрақ тастапты. «... әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, әркім өзі армандаған жартысының бойынан табылуы керек қасиет-өнерді тізбектепті. Ішінде біреуі «қатесіз жазу» деп жауап қалдырыпты.
Жалпы қазақ тілінің мәртебесін насихаттап, жазу-сызу саласында кәсіп қылып жүргендіктен, адам бойындағы ең бірінші бағалайтын қасиетіміз – сауатты жазу, салмақты сөйлеу десек те болады. Әсіресе жастар арасында сауатсыз жазудың белең алуына тағы да әлеуметтік желіні айыптаймыз. Өйткені қазір халық бір-бірімен бетпе-бет сөйлескеннен гөрі әлеуметтік желіде көбірек тілдеседі. Тіпті сағаттап уақытын «жазбаша әңгімемен» өткізіп жатады. Көп адамның қате жазатынын байқаймыз. «Әлеуметтік желі ғой, ештеңе қылмайды» деп атүсті қарауға сірә болмайды. Қазақ тілді пернетақтаны қолдана алмайтындар сөздерді тіпті дүбәра қылады. Расында да, қазіргі таңда қарым-қатынастың көбі онлайн форматта.
Тігінші киіміңе, оның тігісіне, матасына қараса, шаштараздың көзіне кісінің шаш үлгісі ең алдымен түседі. Сол сияқты тіл мамандарының кісінің сөзіне, жазуына қарауы орынды. «Киіміңе қарап қарсы алады, ақылыңа қарап шығарып салады» деген. Ақылдың көрінер тұсы – түзу сөз, сауатты әңгіме. Автоматты түрде кеткен қателерге кешірім бар әрине, бірақ кейде қатеден көз сүрінетін мәтіндерді оқуға да құлқың болмасы анық. Жұмыс барысында қаншама адаммен байланыс орнатамыз. Кей кейіпкерлерімізбен жол түспесе әлеуметтік желі арқылы сұхбат құруға тура келеді. Сондайда кісінің қатесіз, сауатты жазуы ең алдымен адамның қадірі мен қасиетінен көрініс беріп тұратындай көрінеді маған.
Сауатты жазу үшін не істемек керек? Ең сенімді, айнымас дос – кітап. Иә, кәдімгі қағаз кітапты парақтап отырып оқу керек. Уақыты жоқ адамның өзіне күніне 10-20 бет кітап оқуға мүмкіндік бар. Бұл жақсы істі әдетке айналдыру арқылы жүйке-жүйеңіздің тынышталуына әсер ете аласыз және кітап оқыған кісінің ойы жинақы, сөздік қоры бай бола түседі.
Сонымен қатар, көпшілік нақты қай нұсқаны қолдану керектігін білмей екіұшты болып жүрген сөздер де бар. Рақмет-рахмет, туған күн-туылған күн сияқты. Ондай сөздердің көпшілік мақұлдап, ғалымдар талқысымен қолданысқа енген нұсқасын көпке жеткізуде халықпен жұмыс жасап жүрген жандарға артылар жауапкершілік зор. Жақында облыс орталығындағы тәттілер сататын дүкенге кірдім. Атағы бар, сұранысы да жоғары ауқымды торт, тәттілер сататын дүкен. Әпкемнің туған күніне арнап торт сатып алдым, бетіне жазу жазғызып алайын дедім. Қайдан білейін, ескерту ойыма келмепті, сатушы «Туылған күніңмен» деп жазыпты. Қабылдаса, кейінгі мың-миллион сатып алушыға қатесіз жазу ұсынар, алған адам да «дұрысы осылай екен ғой дер» дедім де, сатушыға дұрысы «туған күн» екенін ескерттім. «Өзім білемін, ұнамаса алмаңыз» дейтін кәсіпкерлер де бар. Ішімнен аздап именгеніммен, қазақ тілінің мәртебесін насихаттап жүрген маман ретінде үндемей кетуді өзіме сын санадым. Ғалымдардың нақтылауымен «туған күн» нұсқасы қолданыста екенін айтып, түсіндірдім. Аты дардай дүкен иесі, кәсіпкер де қатесін айтқанды дұрыс қабылдап, әлі күнге «туылған күн» нұсқасы дұрыс деп ойлап жүргенін айтып, ыңғайсызданып қалды. Маған да алғысын айтып, тәтті өнімін қатесіз жазумен ұсынатынын жеткізді.
Айтпағымыз, тілдің тазалығы – сауатты жазудан басталады. Ең алдымен қолыңыздағы смартфонға мәтінді қатесіз енгізсеңіз, сізге қате жазған адамға дұрыс жазуын ескертсеңіз, сіздің талабыңызға кемі жүздің оны құлақ асса да, пайда. Дұрыс жазуды, таза сөйлеуді әркім өзінен бастаса, кейінгіге де, айналасындағыларға да үлгі болары анық.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөзден