Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Түлектердің керемет кездесуі

Түлектердің керемет кездесуі

Жезқазған педагогикалық институтының жаратылыстану – география факультетін 1983 жылы бітірген түлектер өздерінің 40 жылдық мере­кесін ер түріктің бесігі саналатын қасиетті Түркістаннан бастап атап өтті.

Бес жыл студенттік өмірді бірге өткізген достар көп жылдан кейін бір-бірімен шұр­қырасып табысты. Араларында бірін-бірі қы­рық жыл көрмегендері де бар.

Кездесуді ұйымдастырушылар – Жұмаға­ли Мағзиев пен Гүлнәр Аманбекова. Бұл екі курстасым да беделді қызмет атқаратын, рухани дүниеміздің жоқтаушылары. Жұмағали Диярұлы институт бітіргеннен кейін еңбек жолын мектептен бастап 35 жыл басшылық қызмет атқарған. Мектеп директоры, аудан­дық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Ағадыр кентінің әкімі қызметтерінде абыройлы жұ­мыс істеген. Қазіргі таңда Қарағанды техно­логия және сервис колледжнің дирек­торы. Бірнеше ғылыми-танымдық кі­тап­тардың авторы. Қазақстан Журналистер ода­ғының мүшесі. Мекке-Мединаға да сапар шегіп, қажылық парызын өтеген. Бір сөз­бен айт­қанда, жан-жақты азамат, Қазақ­стан­ның да­­муына айтарлықтай үлес қосып келе жат­қан қажырлы қайраткер. Әсіресе, туған жері еліміздегі ең алғашқы өндіріс ошағы – Ніл­дінің тарихын тірілтіп, үлкен шығарма­шылық еңбек арнауы нағыз азаматтық.

Институт қабырғасында жүргенде бай­сал­­дылығымен, сабырлығымен көпке үлгі болған Гүлнәр Әубәкірқызының өмір жолы да өнегелі болып өріліпті. Ол 1985 жылдан бастап өзі оқыған жоғарғы оқу орнында кітапхана меңгерушісі болып қызмет етеді.

Осы жолдардың авторы 6 шілде күні Қы­зылордадан қасиетті Түркістанға сапарға аттанды. Өйткені 7 шілде күні кездесуіміз осы айтулы шаһарда басталатын еді. Жан-жақ­тан келетін Жезқазғанның түлектеріне осы Гүлнәр Әубәкірқызы серіктерімен Түркіс­танға ерте барып, екі қабатты коттедж үйді жалдады. Мекен жайы бойынша сол үйге барғанымда «В» тобының старостасы болған Мамадияр, қос Гүлнәр алдымнан шығып қар­сы алды. 40 жыл көрмеген курстастармен шұрқыласып табыстық.

Осы орайда екінші Гүлнәр туралы да айта кеткен абзал. Оның есім сойы – Сатыбалдина. Институтты қызыл дипломмен бітіріп, са­налы ғұмырын педагог қызметке арнады. Үздік мұғалім атанды. Қазір зейнеткер. Үйінде тоқсанға келген енесін бағып, үлкен сауап алып отырған әзиз ана.

Ал староста болған Мамадияр – инсти­тут­­та ылғи да белсенді, курстастарына қам­қор болған жан. Жоғарғы оқу орнын бі­тір­геннен кейін құқық қорғау саласында абыройлы қызмет жасап, майор шенімен зейнет­кер­лікке шыққан.

Түркістанның төрінде кездескен тағы бір курстасымыз – жезқазғандық Ағман Сұл­танов. Оқып жүргенде сымдай тартылған әдемі жігіт болатын. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген» дегендей, Ағман құр­дастың жасына байланысты түрі сәл өз­гергенімен әлі де сол қалпында көрінді. Жез­қазған педагогикалық коледжінде аға оқытушы болып қызмет етеді. Сол баяғы ақкөңіл, бауырмал қалпы. Жолдасы Райхан Түркістанның текті қызы екен. Ерлі-зайыптылар Жезқазғаннан қасиетті шаһарға үлкен миссиямен келіпті. Курстастардың ба­сы қосылатын 7 шілде күні Ағман мен Райхан Түркістандағы сәні мен сәулеті келіскен «Жеті қазына» мейрамханасында достарын кү­туді ойластырып келіпті. Түлектер қасиетті Арыстан баб пен Қожа Ахмет Яссауиға зиярат еткенен кейін осы «Жеті қазына» мейрамханасында бас қосты. 40 жыл көрмеген курстастарды қайын жұртта күту – ер мінезді Ағман секілді абзал жанның ғана қолынан келетін дүние. «Жеті қазына» мейрамханасында кездесуіміз керемет өтті. Алғашқы күннің кешінде кездесуге ертерек келген қос Гүлнәр, Мамадияр жұбайы Салтанатпен, Ағман Райхан және мен кездесуімізді Түр­кістанның төріндегі салтанатты жазғы мей­рамханаларының бірінде атап өттік. Сту­денттік өмірдің қызығы мен шыжығын са­ғына еске алдық. Түнімен думандаттық. Сол жерде ертеңгі күні «Астана – Түркістан» по­йызынан ерте түсетін Камилә мен Раушанды Ағман мен Райхан күтіп алатын болды.

Қарағандыдан 5 шілде күні жеке көлік­терімен отбасыларымен шыққан Жұмағали мен Серікбол 1200 шақырымнан астам жол жүріп, жолай Таразға қонып, 6 шілде күні кешке Шымқалада тұратын Қайроштың (Қайыр­ғали) үйіне келді. Олар қасиетті ша­һар­дағы мені де сол жаққа шақырған болатын. Ертең ақыры кездесетін болған соң Түркістандағы отырысты қимадым.

Серікбол Ақтаев Қарағанды облысының Босаға ауылында, Қайрош (Қайырғали) Тойболов Шымқалада тұрады. Екеуі де институт бітіргеннен бері өз мамандықтары бо­йынша жұмыс істейді. Серікбол 23 жылдан бері мектеп директоры болса, Қайрош мектеп директорының орынбасары, алдында мек­теп директоры болған Түлкібаста. Оның қазір шаруа қожалығы бар, ірі кәсіпкер.

7 шілде күні Ағман мен Райхан Камилә мен Раушанды күтіп алып, біз жатқан жай­ға алып келді. Көптен көрмеген курстас қыз­дармен жүздесіп, мәре-сәре болдық.

Камилә Нұрсейтқызы Ағайдарова – Жез­қазған қаласының қызы. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл облыстық «Жезқазған туы» газетінде корректор болып еңбек еткен. Шы­ғармашылыққа жақын адам. Институтты ойдағыдай тәмәмдаған соң көп жыл Жез­қазған қаласындағы №9 мектепте, қазақ-түрік лицейінде мамандығы бойынша дәріс берді. Соңғы қызмет орны қалалық өлкетану музейінде аға ғылыми қызметкер. Жолдасымен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірді. Олардың екеуі де елімізге танымал спортшылар. Үлкені Жасұлан 1983 жылы туған. Самбодан Азия чемпионы. Түйе палуан, дзюдо, қа­зақша күрестен, самбодан спорт шебері. Кішісі Арнат 1985 жылы туған. Түйе палуан, дзюдо, қазақша күрестен, самбодан спорт шебері. Немересі Юсуф күні кеше Түркияда ел намысын қорғап, екінші орынды еншіледі.

Камилә Нұрсейтқызы 2018 жылы Мекке-Мединада болып, қажылық парызын өтеді.

Раушан Хамитова да курстың көрікті қыз­дарының бірі. Өзі Жаңарқаның Жеңісінен болса, өмірлік жолдасы Қанат Хасенов Ақ­тоғайдың азаматы еді.

Қанат – біздің аяулы досымыз, бірге оқыған курстасымыз. Институт бітіргеннен ке­йін жү­рек қалауымен шаңырақ көтеріп, Ақтоғай ауданында білім саласында қызмет жасады. Қанат көп жыл қызмет атқарды. Ауыр дерттен 53 жасында дүниеден озды. Раушан мектепте өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Ай­тулы айтыс ақыны Мақсат Ахановтың ұс­тазы.

Осы күні Шымкенттің Шәуілдірінен курс­тастарымыз Жібек Жұмабаева мен Мираш Есаликова келіп, қатарымызға қосылды. Жібек студент кездің өзінде көңілді жүретін. Қазір қалжынның хас шеберіне айналыпты. Үздік педагог. Мираш болса тарихы кенен Созақтың қызы, Шәуілдірге келін болып түскен. Ұлттық дәстүрдің білгірі. Қазақы сөз­дің қаймағын айыратын от ауызды, орақ тілді келіншек болыпты. Екеуі де бір мектепте еңбек етеді. Шәкірттері республикалық олимпиадалардың бас жүлде иегерлері.

Курстастардың барлығы өмірден өз орын­­дарын тауып, қоғамға қажетті кірпіш бо­­лып қаланып, ұлағатты ұл, қылықты қыз өсіріп, немерелерінің алды шаңырақ көтеріп, көгеріп, көктеп отырғаны сонау жылдары қасиетті Жезқазғаннан алған білімнің мәйегі десек артық айтпаймыз.
Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
18 шілде 2023 ж. 227 0