Құрбан айт – дәстүр мен діннің сабақтастығы
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «шарттармен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» деп беріледі.
Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуіріне дейін келіп жеткен. Міне, шығу тарихы осылай өрбитін Қасиетті мереке биыл маусым айының 28-30 аралығына сәйкес келіп отыр.
Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алланың разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.
Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құдіретті Иеміз жер бетіндегі пенделерді жаратқанда олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті Құран кітабында «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иеге бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Құрбан айт күндері шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.
Мынадай төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп (орындалуы дәл парыз сияқты талап етілмеген, бірақ нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер). Олар: мұсылман адам, ақылды және балиғатқа толған, Құрбан айт уақытында жолаушы болмаған және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие адам. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятын секілді тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамға құрбандық шалу міндет болмағанымен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат.
Бұл діни мерекені отбасында атап өтудің маңызы зор. Әр мұсылман өз жанұясымен мерекені көтеріңкі көңіл-күйде, таза жүрек, жылы жүзбен өткізуге тиіс. Жақсылап ғұсыл құйынғаннан кейін әдемі, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, мешітке айт намазына бару – жақсы амал. Одан кейін құрбан шалатын кісілер құрбандықтарын шалып, оны тиісті адамдарға таратып береді. Айт күндері мұсылмандар көрші-қолаң, туған-туысқа қыдырып, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болғаны абзал. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Бір-біріне сый-сыяпат жасау, адамдарға жылы ниет таныту, ниетіңіздің дұрыс болуы – үлкен сауапқа ие болудың бірден-бір жолы.
Осы ретте, біздің ауданымызда қасиетті мерекеге дайындық толық жүзеге асырылуда. Құрбан айт мейрамына дайындық пысықталып, ұлық мерекенің атап өтілуін қадағалау, қасапхана немесе арнайы мал соятын орындар дайындау, қасапшылар резервін құру, қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз ету, еріктілер штабын құру, еттердің бұзылып кетуінің алдын алу, ысыраптың болмауы, санитарлық талаптардың қатаң сақталуы басты назарға алынуда.
Сондай-ақ құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған «qurban2023.kz» сайты іске қосылғанын айта кеткіміз келеді. Халыққа оңтайлы болу үшін биыл құрбан шалу офлайн және онлайн форматта жүзеге асатын болады. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Бір жасқа толған қой мен ешкіні жеке адам, ал 2 жасар ірі қара мен 5 жас түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Бұдан кейін төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Құрбандық шалынған соң оның фото және бейне есебі тапсырыс беруші көрсеткен «WhatsApp» нөмірге жіберіледі.
Қадірменді жамағат! Ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болсын! Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – Исламға күш-қуат бергей! Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген жерлестеріміздің қажылығы қабыл болғай!
Осы ретте, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен облыстағы аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімі әзірленіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық шаралары көрсетілетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Қамзаев хабарлады. Өңірімізде Айт намазын оқу уақыты таңғы 06:00 болып бекітілді.
Асхат Асқарұлы,
аудандық мешіттің
бас имамы