Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлық мереке хақында...

Ұлық мереке хақында...

Қасиетті Құрбан айт – дүниежүзіндегі 1,5 миллиардтан астам мұсылман баласы үшін ұлық мереке. Сондықтан мұсылман елдерінің барлығында Құрбан айт мейрамы аталып өтіледі. Күллі мұсылман қауымын ізгілік пен мейірімділікке жетелейтін діни мереке биыл 31 шілде мен 2 тамыз аралығына тұспа-тұс келіп отыр. Әлемді жайлаған қатерлі індеттің кезінде мерекені атап өту ережесі жөнінде халық арасында сұрақ көп. Сауалдардың жауабын білмекке аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлымен сұхбаттасқан едік.

– Ең алдымен әңгімемізді Құрбан айт мерекесінің қасиетінен бастасақ...

– Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын. «Айт» сөзі араб тілінен аударғанда «қайта оралу» деген мағынаны білдіреді. Бұл мейрамның айт деп аталу себебі, ол жыл сайын қайта айналып келіп отырады. Айт – мұсылмандар үшін Жаратушымыздың разылығына жету мақсатында құлшылық жасап, өзара реніш, араздықтарын жойып, бауырластық сезімдерін күшейтетін маңызды мейрам болып саналады. Бұл күндердің ұлықтығы сол – мұнда адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындай түсуге тамаша мүмкіндік алады, ғибадат жасайды. Бұл ғибадат арқылы Алла Тағаланың ықыласты құлдары өз сеніміне беріктігі мен берілген нығметтерге шүкіршілігін танытады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Аллаға құрбанның еттері, қандары, әсте, жетпейді. Бірақ сендердің тақуалықтарың жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта құлшылық ретінде сойылған құрбандықтың маңызды бір шарты – адалдық пен тақуалық екендігі ашық баяндалған. Олай болса, мәселе Алла жолына аталған малдың еті мен қанында емес, оны шалушының тақуалығында. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезде: «Сендердің тойлайтын екі күндерің бар еді, Алла ол екеуін ол екеуінен де жақсырағымен алмастырды: ауыз ашар күні, (яғни Рамазан оразасының аяқталатын Ораза айт күні) және құрбандық күні (яғни құрбандық шалынатын Құрбан айт күні)», – деді. Сол уақыттан бері барлық мұсылмандар үшін осы атаулы мереке ең қуанышты күндердің біріне айналған. Ораза және Құрбан айт намаздары алғаш рет Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныс аударған жылы оқылған. Сондықтан бұл мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы – жұма намазы парыз болған адамдардың барлығына уәжіп. Себебі Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдардың айт намазына шығуына әмір берген.

– Биылғы жылы діни мерекелердің барлығы дерлік елде жарияланған карантин жағдайында өтіп жатыр. Құрбан айт мерекесін тұрғындар қалай өткізген жөн?

– 31 шілде күні еліміздің барлық өңірлерінде Құрбан айт күні деп бекітілді. Осы күні күн шыққаннан бір сағаттан кейін құрбан шалуға рұқсат етіледі. Биыл елдегі пандемия жағдайына байланысты айт намазы оқылмайды. Құрбан айт күні ғұсыл құйыну (денені толықтай жуу) – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Абдулла ибн Амр әл-Астың (р.ғ.) айтуынша, бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбан айт күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла Тағала тұтас үмбет үшін мереке қылды», – деді. Осы кезде бір кісі: «Ей, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Менде елдің аманат ретінде табысталған малынан басқа мал жоқ, сол малды бауыздауыма бола ма?», – деп сұрапты. Оның құрбан шалуға жағдайы жоқтығын ұққан Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Жоқ, шаш-тырнағыңды қысқартып, мұртыңды алып, ұятты жердің түгін алғаның да жеткілікті. Бұл сен үшін Алланың алдында құрбандық шалғанмен тең», – деді. Құрбан айт күні ғұсыл құйыну (денені толықтай жуу) – мұстахаб (жақсы амалдарға жатады). Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңілкүйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, бір-бірін кешірген жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім, жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесе алса көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көршіқолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап айт мейрамын ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген ілтипаты мен сыйластықтарын барынша арттырады деп білемін. Ескертетін жәйт, айтта туыстарды телефон арқылы құттықтап, мүмкіндік болып жатса айттық сыйлығын жіберсе, нұр үстіне нұр болады. Мейрамды тойлаудың осындай өзімізге қауіпті емес форматына ауысқанымыз жөн. Себебі қазір денсаулық пен өз өмірімізді ойлаудың кезеңі. Кішкене сабыр сақтасақ, індеттің де беті қайтады.

– Құрбандық шалу жөнінде қандай шешім қабылдадыңыздар?

– Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауапты істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы: «Шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау». Олай болса, құрбандық шалуды тек мал сойып, қан шығару емес, Алланың рахым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген дұрыс. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «удхия» деп аталады. Ханафи мәзһабында қадірі асқан құрбан айт күндері мал-мүлкі жеткілікті болған мұсылман ер мен әйел кісінің құрбандыққа мал шалулары уәжіп. Құрбан айт – діни мереке. Хадистерде жылдың ең қадірлі күні құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Алла үшін күндердің ішіндегі ең ұлығы – Құрбан айттың бірінші және екінші күні», – деген. Құрбан айттың бірінші күнінің артықшылығы мен ерекшелігі сол күні Алла Тағаланың разылығына бөленуге сеп болатын ең маңызды амалдың істелетіндігінде. Құрбандық шалу осы амалдың біріне жатады. Құрбан айт күні мұсылман баласы адал ниетпен құрбан шалып, қайырымдылық жасайды.

– Құрбандық шалуда елдегі карантинге байланысты өзгерістер болады ма?

– Биылғы жылы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Құрбан айт күні құрбан шалу рәсімінде біраз өзгерістер болады. Құрбан шалу рәсімі Qurban2020. kz сайтында онлайн (қашықтықтан) орындалады. Онлайн Құрбан шалу тек 31 шілде күні жүзеге асады, ал 1-2 тамыз күндері байланысты құрбан малын онлайн шалу рұқсат етілмейді. Бұл қайырымдылық бағыттағы шара. Індет тарауының алдын алып, тұрғындардың өміріне қауіп тудырмау мақсатында құрбандық етінің үштен бір бөлігі құрбан шалушы адамға берілмейді, түгелдей мұқтаж азаматтарға таратылады. Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жасалады.

– Ұлық мерекенің тағы қандай ерекшеліктері бар?

– Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла үшін (құрбандық ретінде) қан шығарудан ұнамды іс жоқ. Және ол (құрбан) қиямет күні алдыңнан шығады», – десе, тағы бірде: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақындаған емес. Құрбандық ретінде шалған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандықтарыңды шалыңдар», – деп құрбандық шалудың қаншалықты сауапты іс екенін шегелеп айтқан.

Ұлттар мен ұлыстарды мейірімділікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын. Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. Жаратқан Иеміз елімізді ауыр дерттен айықтырып, мешіттерімізде қайта қауышуға нәсіп етсін. Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – Исламға күш-қуат бергей! Келіп жеткен Құрбан айт мерекесі құтты болып, шалып жатқан құрбандықтарыңыз қабыл болғай!

Әңгімелескен Майя ҚОЖАБАЙ
31 шілде 2020 ж. 486 0