Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРТЕҢ СЫРДАРИЯ АУДАНЫ БОЙЫНША АЙТ НАМАЗЫ НЕШЕДЕ ОҚЫЛАДЫ?

ЕРТЕҢ СЫРДАРИЯ АУДАНЫ БОЙЫНША АЙТ НАМАЗЫ НЕШЕДЕ ОҚЫЛАДЫ?

Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.
Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құдіреті күшті Алла Тағала мына кең-байтақ ғаламды, жер бетіндегі саналы пенделерін бекерге жаратпаған. Қасиетті Құран Кәрімде: «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» деп, адамның жаратылуындағы мақсат – құлшылық, Аллаға бағыну, разылығына ұмтылу екенін баян­­­­­­­­­­дайды.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектел­мейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы тара­зыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрт­тігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Мұ­сылман адам қара бастың қамын ғана ойламауы тиіс. «Өзім ғана ішсем, жесем, өзім тоқ болсам болды, басқалар не болса ол болсын» деген түсінік оған жат. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көршісі аш кезде өзі тоқ түнеген адам бізден емес», «Өзіңе тілеген жақсылықты басқаға да тілемейінше шынайы мұсылман бола алмайсың», «Шын мәнінде мұсылмандар бір-біріне бауыр» деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистері күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, қиналғандарға көмектесуге, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Айт мейрамы – негізінен мұсылман қауымы үшін ұлық мереке. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Медине қаласына қоныс аударып келгенде, Медине халқы бұрыннан қалған екі күнді таңдап алып тойлайтын болған. Олардың тойлап жүрген мейрамдарының орнына Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Шындығында, Алла Тағала сендерге ол екі күннің орнына екі жақсы күн берді. Олар Ораза айты мен Құрбан айты» деп ескірген мереке күндерінің орнын ауыстырған.
Имам Тирмизи риуаят еткен Айша (р.а.) анамыздан жеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Құрбан айт күні адам баласының ізгі амалының Алла Тағалаға ең сүйіктісі – құрбандық қойды сою. Шындығында, қиямет күні сол қойдың мүйізі, жүні және тұяқтары алып келінеді. Ағызылған қаны Алланың қалауымен жерге түспестен бұрын бір жерге түседі, олар соған қатты қуанады» деген.
Айт намызына барудың әдептеріне келер болсақ, Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Имам Тирмизи риуаят қылған хадисте «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ораза айт намазына тамақ ішпей бармайтын, Құрбан айт намазына тамақ ішпей баратын еді» дейді.
Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтірленіп барғаны абзал. Имам Мәлик: «Мен ғалымдардың айт күндерінде жасанудың және хош иістер жағудың абзал екендігі туралы айтатынын естігенмін», – дейтін.
Құрбан айтта құрбан шалудың үкімі
Ханафи мәзһабында Құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп. Алла Тағала Құран Кәрімде Пайғамбарымызға (с.ғ.с): «Намаз оқы және құрбан шал» – деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.
Құрбан шалу кімге уәжіп?
Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет:
1. Мұсылман болу;
2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады. Ескеретін жәйт, нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
Құрбан шалудың уақыты
Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айтың үшінші күні ақшам­ға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, Айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.
Құрбандыққа жарамды малдар
Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Құрбандыққа жарамайтын малдар
Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады:
• Бір көзі соқыр;
• Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем;
• Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
• Тістерінің көбі түсіп қалған;
• Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.
Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.
Құрбан айт мерекесінде мұсылмандар бір-бірін құт­тықтап, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастархан жа­йып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне амандық-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдарға былай деп айтқан: «Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер» деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Әсіресе осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан.
Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерек­шелігі – қуа­ныш шаттықпен бірге Аллаға деген құлшылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың ра­қымын талап етуінде.
Сырдария ауданында Айт намазы 11 тамыз күні сағат таңғы 7.00-де оқылады. Алла Тағала ниет, ті­лектерімізді қабыл еткей! Құрбан айт мерекесі мүбәрәк болсын!

Асхат АСҚАРОВ,
аудандық орталық
мешіттің бас имамы
10 тамыз 2019 ж. 1 026 0