Құрбан айт – ұлық мереке
Құран Кәрімде өзара таласқан Абыл мен Қабылдың кімнің ақтығын анықтау үшін құрбандық мал шалғандары, соңында Абылдың құрбандығының қабыл болғандығы айтылады. Осы оқиғадан бастау алған құрбандық шалу Аллаға ғибадат ретінде Жаратқанның елшілері арқылы жүздеген жылдар бойы жалғасып, Ибраһим (а.с.) мен Исмаилдың (а.с.) дәуіріне дейін келіп жеткен. Міне, шығу тарихы осылай өрбитін Қасиетті мереке биыл шілде айының 20-22 күндеріне сәйкес келіп отыр. Құрбан айт мерекесінің қасиеті мен қадірін, карантиндік жағдайға сәйкес мерекенің аталып өтілу жайын қозғап аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Асхат Асқарұлымен жасаған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Сұхбатымызды Құрбан айт мерекесінің қадір-қасиетінен бастасақ...
– Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алла Тағаланың атымен бастаймын. Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни, жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттармен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» деп беріледі. Құрбан айт күндері шалынатын мал «ұдһия» деп аталады.
Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құдіретті Иеміз жер бетіндегі пенделерді жаратқан да, олардың қоғам құрып, дұрыс өмір сүруі үшін тура жол көрсетіп дін жіберген. Қасиетті Құран кітабында «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі. Ол күні Алланың разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады. Міне, бұл мерекенің қасиеті де осында.
– Құрбандық шалу барлық мұсылманға парыз болып санала ма?
– Мынадай төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп (орындалуы дәл парыз сияқты талап етілмеген, бірақ нақты дәлелдермен айқындалған іс-әрекеттер мен міндеттер). Олар: мұсылман адам, ақылды және балиғатқа толған, Құрбан айт уақытында жолаушы болмаған және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие адам. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятын секілді тек қана еті үшін де союға болады. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамға құрбандық шалу міндет болмағанымен, жағдайы келсе, құрбандық шалуына рұқсат.
– Мүлде жағдайы жоқ кісілер ше?
– Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себебі, бұл тазалық оларға құрбандық шалғандай сауап әкеледі.
– Әйел кісі құрбандық шала алады ма?
– Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы, өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуына болады.
– Бірігіп құрбан шалуға бола ма?
– Қой, ешкі сияқты ұсақ малды құрбандық ретінде бір адам ғана шала алады. Ал түйе, сиыр сияқты ірі малды жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуінің ниеті дұрыс болмаса, барлығына кесірін тигізуі мүмкін.
– Еліміздегі жағдай белгілі. Карантин талаптары күннен күнге күшеймесе, жеңілдеген жоқ. Арқаны кеңге салуға әлі ерте екені анық. Осы ретте, биылғы Құрбан айт мерекесі қалай аталып өтіледі?
– Иә, қазір жағдай қайта ушығып тұр. Ең бастысы, елдің амандығы мен халықтың денсаулығы. Пандемия жағдайына орай 20 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды. Сонымен қатар, Құрбан шалу рәсімі мешіттерде жасалмайды. Қазір барлық шаруаны онлайн атқаруға мүмкіндік бар. Осындай карантиндік кезеңге қарамастан құрбандық шалып, сауапты да жинауға мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін ҚМДБ-ның сайты арқылы онлайн тапсырыс беруге болады. Облыс тұрғындарының санитарлық-эпидемиялогиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған жаңа қаулыға сәйкес, мал сою және малды өткізу ветеринариялық қызметін ресми ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған сою пункттері мен алаңдары ғана ұйымдастыра алады.
– Құрбан айт мерекесін қалай атап өтеміз?
– Негізінен, бұл діни мерекені отбасында атап өтудің маңызы зор. Жақсылап ғұсыл құйынғаннан кейін әдемі, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, мешітке айт намазына бару – жақсы амал. Одан кейін құрбан шалатын кісілер құрбандықтарын шалып, оны тиісті адамдарға таратып береді. Айт күндері мұсылмандар көрші-қолаң, туған-туысқа қыдырып, бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болғаны абзал. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, елдегі жағдайға байланысты айт намазы оқылмайды, көпшілік жерге қонаққа баруға да қатаң тыйым салынады.
Сондықтан әр мұсылман өз жанұясымен мерекені көтеріңкі көңіл-күйде, таза жүрек, жылы жүзбен өткізуге тиіс. Ренжіскен кісілер қайта табысып, Айтта бір-бірін кешіріскені жөн. Бір-біріне сый-сыяпат жасау, адамдарға жылы ниет таныту, ниетіңіздің дұрыс болуы – үлкен сауапқа ие болудың бірден-бір жолы.
– Барша халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рақмет!
– Ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болсын! Алла Тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – Исламға күш-қуат бергей! Келіп жеткен мереке құтты, құрбандықтарыңыз қабыл болсын!
Сұхбаттасқан Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ