Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиын саланың сыйлы ардагері

Қиын саланың сыйлы ардагері

Бегілік Төлешов – аудандық полиция бөлімінің ардагері ретінде қоғам тыныштығын сақтауда ерен еңбек еткен азамат. Полиция қыз­меткерлерінің төл ме­рекесі қарсаңында бөлімнің бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы, аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат­ Еспенбетовтің ұсынысымен қырағы полицей туралы жазуды жөн көрдік.

Бегілік Ақбергенұлының балалық шағы ауданнан шалғайда жатқан Іңкәрдария ауылында өтеді. Осындағы №191 орта мектепті 1985 жылы бітірген соң зоотехник мамандығын алу мақсатымен Қызылорда қаласындағы совхоз-техникумда оқиды. Алғашқы еңбек жолын зоотехник ретінде туған ауылында бастап, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Германияға әскерге аттанады. 1991 жылы екі жыл бойы әскери міндетін спорт ротада ат­қарған жауынгер туған елге оралған соң жоғарғы оқу орнына оқуға түседі. Семей қаласындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы университетте жоғарғы білім алып, инженер-технолог атанады. Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жас маманға тұрақты жұмыс табу оңай болмайды, сондықтан екінші жоғарғы білім алу мақсатымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетке оқуға түсіп, заңгер мамандығын алады.

Ішкі істер саласындағы қызметін 1997 жылы бастаған Бегілік Ақбергенұлы өзі қызмет еткен жылдары жайлы айтып берді.

– Мен заңгер мамандығын алған соң 1997 жылы Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінде жедел уәкіл болып қызметке келдім. Қызмет барысында талай қиындыққа кез болып, оны табандылықтың арқасында жеңе білдік. 1999 жылы Сырдария ауданына қызметке ауыстым. Осында ішкі істер бөлімінде жедел уәкіл болып, кейін 4 жыл қылмысты іздестіру бө­лімшесінің бастығы, 6 жыл жедел істері жөніндегі бөлім бастығының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Біз қызмет еткен жылдары жағдай онше мәз емес болатын. Техника тапшылығы қылмысты жедел ашуға кедергісін келтірсе, байланыс деген мүлдем болмады, жалақы аздығы тағы бар. Бірақ, қызметке деген адалдық, қайткен күнде қылмысты ашу мақсаты бәрінен биік тұрды. Уақытпен санаспай, ізденістің арқасында абыроймен жұмыс істедік. Жеке құраммен бірге күні-түні бірге жүріп, қылмысты ашуды ұйымдастыру шараларын жүргізідік. Тіпті 3-4 күнге дейін отбасыңды көрмейтін кездер болды, ер азаматқа тән мінезбен, тәртіп сақшысына лайықты салқынқандылықпен қиындықты жеңуге күшімізді салдық, – дейді полиция ардагері Бегілік Ақбергенұлы.

Қырық алты жасында полиция подпол­ковнигі ше­німен запасқа шыққан ардагер 17 жыл бойы ішкі істер бөлімінде бір салада, яғни жедел уәкіл болып келіп, жедел іздестіру жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарған аудандағы бірден бір тәртіп сақшысы.

Алыстағы Қызылқұмда балалық шағы өткен азамат бала кезінен төрт-түлік мал­дың жайын біліп өседі. Бұл қасиеті кейін полиция қызметкері болғанда, әсіресе мал ұрлығын ашуға көп көмегін тигізеді. Мал ұрлығы орын алғанда жедел уәкіл мал ие­сімен сөйлескенде аса ыждағаттылық танытады. Малдың түр-түсін айна-қатесіз айтыл­ғанын қадағалайды.

– Ауданда мал ұрлығы өршіп тұрған кезде, талай мәрте барымташыларды ұс­тадық, олар тиісті жазасын алды. Есімде қалғаны ауданның батагөй қариясы Яхия Тасыровтың қорасынан бір бас жылқы ұрланды. Малды арнайы асқа бағып отыр екен қария. Міне, барлық айтылған мәселені егжей-тегжей тексеріп, арнайы жоспарға сәйкес іздестіру шаралар ұйымдастырып, ақыры қылмысты жасаған адам Қызылорда қаласынан табылды. Мал бордақыда тұрғандықтан, әлі сойылмаған. Оны иесіне 11 күн дегенде қайтардық, ақсақал батасын берді, әлі күнге дейін алғысын айтып келеді. Қылмысты ашу үшін іздену керек. Өзіне өзі талап қоя білетін тәртіп сақшысы міндетті түрде қылмысты ашады. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз бар адамдармен дұрыс сөйлесе білу керек, қылмыста ұсақ-түйек деген нәрсе болмайды, болмашы нәрсенің өзі айғақ болады. Сондықтан қырағылық таныту тәртіп сақшысы үшін ең басты қасиет, – дейді байырғы полиция қызметкері Бегілік Төлешов.

17 жыл бойы абыройлы қызмет атқарған ардагер ауданда талай ауыр қылмыстың, аса ауыр қылмыстың ашылуына атсалысты. Оның абыройлы еңбегі туралы әріптесі, аудандық полиция бөлімінің бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Еспенбетов былай дейді:

– Бегілік Ақбергенұлымен полиция қыз­метіне қатар келдік. Бегілік жедел істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары болса, мен жол-патрульдік бөлімшенің бастығы болдым. Ауданда Қоғалыкөлде болған, Ақжарма, С.Сейфуллин ауылында болған мал ұрлығын ашуға күні түні қызмет етті. Іңкәрдариядағы кабель ұрлығы, ауданда есірткі қылмысын ашуда өзінің мықты тәжірибелі маман екенін көрсетті. Қазірдің өзінде малшылар, кәсіпкерлер кеңес сұрап келеді. Бегілік өзінің адамгершілік қасие­тінен таймайды. Қолынан келсе көмегін береді. Халық үшін адал еңбек еткенін бү­гін­­де мақтанышпен айтамыз.

Халықтың тыныштығы үшін аянып қал­маған, талай қылмыстың алдын алып, әділдіктің туын тіккен азамат «ІІМ үздік қызметі үшін», «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» 10 жылдық, 15 жылдық төсбелгісімен, «Қылмыстық іздестіру қыз­метіне – 100 жыл» төсбелгісімен, «Қа­зақ­стан полициясына 15 жыл» омырау бел­гісімен марапатталды.

Бүгінде зейнеттегі подполковник жеке кәсіпкерлікпен айналысып, жұбайы Мирамен бірге 2 ұл, 2 қыз өсіріп отырған бақытты ата-ана. Үлкендері Меруерт биыл, аудармашы мамандығы бойынша магистратураны қызыл дипломмен бітірсе, үлкен ұл Ермұхаммед жақында әскери қызметтен оралады. Оның мамандығы заңгер. Үшінші бала Ерсұлтан Қорқыт ата атындағы университетте, дизайнер мамандығына оқуда, ал кенже қыз Мерей мектеп оқушысы. Перзентттеріне жақсы тәрбие берген ата-ананың бар байлығы халыққа адал қызмет еткен жылдары мен болашағынан зор үміт күттіретін балалары.

Бибісара ЖАНӘЛІ
20 маусым 2023 ж. 293 0