Тынығушылармен пікірлесті

Жазғы демалысты көңілді өткізіп жатқан тынығушылармен кездесуде Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Даулет Омаров сөз сөйлеп, ұлттық құндылықтарды насихаттады.
– Біз өскелең ұрпақ санасына ұлттық тәрбиені сініре білуіміз керек. Қазіргі нарықтық заманда елдік мүддені жоғары қойып, ұлт тарихын, рухани құндылықты көпшілікке таныту – маңызды рөл ойнайды. Негізінен, идеологиялық тұрғыдан алғанда әдебиет, мәдениет, тарих саласында бір-бірімен ұштасып жатқан рухани дүниелеріміз жеткілікті. Осы күні ұлан-байтақ жерімізді, қазба байлығымызды көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздің бірегей брендтерін жұртшылыққа танытқан абзал. Сонымен бірге балалардың кітап оқуға, тарихты тереңнен білуге, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларымен кеңінен сусындауына мүмкіндік зор. Айта кетейік, биыл алғаш рет 18 маусым – Әкелер күні аталып өтіледі. Отбасының тірегі бола білген әкелерімізді қадірлейік, – деді Дәулет Омаров.
Ақпараттық-насихаттық топ өкілдері сан түрлі сала бойынша оқушылармен пікірлесті. Болашақта мамандық таңдау жөнінде бағыт-бағдар берілді. Бұл ретте, балаларға қатысты қылмыстық істер, сотқа жеткізбей тараптарды татуластыру мәселесі назардан тыс қалмады. Елімізді өзге мемлекеттерге танытып жүрген жандар жөнінде жиналғандар үшін мол-мағлұмат айтылды. Ал тынығушылар меймандарға көкейдегі сауалдарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ