Егемен елдің келешегі жарқын
Апта ағымында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейлі мерекесі аясында Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері» тақырыбында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге белгілі журналист-дипломат, қоғам қайраткері Ержан Уәйіс, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің директорының орынбасары Фархад Халилуллаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бейбіт Смайлов «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сырдария ауданындағы этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Абай Мейрамбеков, өзге этнос өкілдері, кәсіби емес медиаторлар, ұстаздар қатысты.
Дөңгелік үстел барысында ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері ел Тәуелсіздігі жылдарында республика көлемінде қол жеткізген толайым табыстарды тілге тиек етті. Егемен ел ретінде қалыптасқан басым бағыттарға тоқталды.
– Әлем картасында Қазақстан Республикасының пайда болуы – осыдан 30 жыл бұрын әрбір ел азаматының мерейін тасытты. Кең байтақ жазиралы жерімізге иелік етіп, өз шекарамызды бекіткен болатынбыз. Міне, егемендіктің әр жылында саяси реформалар жүзеге асып, экономикалық, әлеуметтік секілді көптеген мәселелер өздігінен бір ізге түсе бастады. Көршілес мемлекеттермен саяси қарым-қатынас берік орнап, барлық жағынан тәжірибе алмасу жүргізілді. Осы 30 жыл уақытта еліміздің рухани құндылықтары, тіліміз, дініміз, діліміз қайта жаңғырып, ұлттың әдебиеті мен мәдениеті, ұлтаралық өзара байланысы жандана түсті. Сонымен бірге, дау-дамайды дер кезінде тоқтату, екі жақты бітістіру маңызды рөлге ие, – деді Ержан Уәйіс.
Келелі кездесуде жиналған көпшілік егемендік жылдарындағы атқарылған жүйелі жұмыстар мен тың бастамалар жөнінде пікір алмасты. Өз кезегінде кәсіби емес медиаторлар облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің «Алғыс хатына» ие болды. Ал облыс орталығында өткізілген «Медиацияға 10 жыл» форумында «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сырдария ауданындағы этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Абай Мейрамбеков құрмет төрінен көрінді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ