Тұрғындар денсаулығы бәрінен маңызды
Денсаулық – зор байлық. Денсаулық сақтау ұйымдарының жаңа заман талабына сай әрі қолжетімді болуы маңызды. Осы ретте, ауданға қарасты А.Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Іңкәрдария ауылдық емханаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев А.Тоқмағамбетов және Қалжан ахун ауылдарындағы құрылыс жұмыстарымен танысты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсеновпен бірге ауылдық емханалардың құрылыс сапасын бақылаған аудан әкімі сапалы нәтижеге қол жеткізудің маңызды екенін айтты. Аталған ауылдық емханаларда ішкі жұмыстар бойынша ішкі есіктерін орнату, электр желілері және жылумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, қос ауылдағы құрылыс жұмыстарын «Ахат+ГС» ЖШС, ал Іңкәрдария ауылдық емханасының жөндеу жұмыстарын «Жылу ХХІ» ЖШС жүргізуде.
Сондай-ақ аудан әкімінің ауылдық округ тұрғындарымен кездесуі кезінде көтерілген медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері шешім тауып, аудандық аурухана тарапынан Аманкелді дәрігерлік емханасына ВА200 биохимиялық анализ анықтайтын аппарат жеткізілді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді және Бесарық ауылдық округі тұрғындары биохимиялық қан талдауларын Аманкелді дәрігерлік емханасына келіп тапсыра алады. Биохимиялық қан анализаторы кез келген пациенттің денсаулығы туралы деректерді дереу алуға мүмкіндік береді. Заманауи автоматты анализаторлар өте маңызды параметрлердің бүкіл массасын анықтауға мүмкіндік береді, олардың деректері тез әрі дұрыс диагноз қоюға ықпал етеді.
Ауданымызда халық денсаулығын жақсарту, медициналық қызмет сапасын арттыру, халықты қолжетімді медицинамен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны дамыту мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып, оңтайлы шешім табуда. Бұл бағыттағы жұмыстар үнемі назарда болады.
Сырдария
ауданының
әкімдігі