Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » М.Ергешбаев: Электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасатын болады

М.Ергешбаев: Электр желілерін жаңарту жұмыстары жалғасатын болады

Аудан әкімі М.Ергешбаев ауылдық елді мекендердегі қосылқы станциялар мен электр желілерінің жай-күйімен танысты. Аралау барысында аудандық электр торабының бастығы Н.Кәкім соңғы уақыттағы ақаулар мен тозығы жеткен желілер бойынша ақпарат берді.

Бұған дейін ауданға қарасты елді мекендердегі тұрғындармен кездесу барысында электр желілеріндегі ақауларға қатысты тұтынушылар тарапынан ұсыныстар болған еді. Сонымен қатар, қаңтар айының басында болған ауа райының қолайсыздығынан орын алған жарық өшулер, облыс әкімі Н.Нәлібаевтың арнайы комиссия құру тапсырмаларын орындау мақсатында Сырдария ауданы бойынша толық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жолғы аралау жұмыстары Шаған, А.Тоқмағамбетов, Қалжан Ахун ауылдарында болды.

Аудан басшысы Мұрат Нәлхожаұлы: Аудан көлемінде 1974 жылдан бері жөндеу көрмеген ауылдар бар. Ірі елді мекендердің өзінде ескі бөренемен орналасқан бағаналар, ескірген трансформаторлар қолданылуда. Оның барлығын жаңалау, күрделі жөндеу өткізу қажет. Биыл Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл ауылдарының желілерін толық ауыстыру жұмыстары жасалады. Тереңөзек, Шаған, А. Тоқмағамбетов, Қалжан ахун ауылдарында да ауыстыру жұмыстарына жоба жасалуда. Электр желілерін жаңарту жұмыстарын тоқтатпай, жалғастыру қажет. Тиісті ұсыныстарды мерзімінен кешіктірмей жасауды сала басышларына тапсырамын,-деді.

Жалпы айта кетер болсақ, Сырдария ауданы электр торабы 253 қосалқы станцияларға, 488 км электр желісіне қызмет көрсетеді.

2023 жылға Сырдария ауданы электр торабы тарапынан күрделі жұмыстарды жүргізу жоспарына сәйкес, Тереңөзек кентіне ВЛ-10 кВ әуе желісіне -10 дана бағана орнату, ВЛ-0,4 кВ әуе желілері бойынша А.Тоқмағанбетов ауылына – 26 дана бағана, С.Сейфуллин ауылына – 19 бағана орнату және Тереңөзек кентінде А.Алиакбаров көшесі бойында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлердің кірме кабелдерін жаңарту, жәшіктерін алмастыру жұмыстары, 10/0,4 кВ қосалқы станция бойынша – 2 дана қосалқы станцияға күрделі жөндеу жұмыстарын жасау жоспарланса, тағы осы жылға ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты Тереңөзек кентіне ВЛ-10 кВ әуе желісіне – 8 дана бағана орнату, ВЛ-0,4 кВ әуе желілері бойынша тұрғындардың өтінімдерін қанағаттандыру мақсатында ақауы бар – 10 дана бағаны алмастыру жұмыстары жүргізілетін болады.

12 қаңтар 2023 ж. 535 0