Аяқ су мәселесіне мән беріледі
Тереңөзек кентінің бұрынғы О.Мәлібаев ауылы аумағының аяқ су мәселесін шешуге енді ерекше мән беріледі. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев кент құрамына кірген ауылдың тұрғындарымен өткен кездесуде айтты. Кездесу еркін форматта ұйымдастырылып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы мақсат міндеттер сараланды.
Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, депутаттар А.Есназар, Е.Жақып және А.Ибрагимұлы қатысты. Аудан әкімі барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес екенін, оған бюджеттің мүмкіндігі келмейтінін, ең бірінші кезекте тұрғындар үшін қажетті жұмыстарға басымдық берілетінін айтып өтті. Оның ішінде аяқ су, жол, жарықтандыру, сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту жұмыстары бар. Осы орайда аудан басшысы Тереңөзек кентінің бұрынғы О.Мәлібаев ауылы аумағының аяқ су мәселесінен хабардар екенін айтып, осы мәселені жіті бақылауына алғанын жеткізді.
– «Айтбай арық» каналына былтыр да, биыл да насос қойылды. Бірақ бұл аяқ су мәселесін толық шешкен жоқ. Сіздер қуаты көп насос орнатуды сұрадыңыздар. Бұл дұрыс ұсыныс. Осыны ескеріп алдағы уақытта қуаты көбірек насос орнатылатын болады. Жалпы, келесі жылы каналды толық қазу жоспарымызда бар. Бұл бағытта бөлінетін қаржы біздің бақылауымызда. Егер қаржы бөлінсе, каналды тазалап, өздеріңізбен келісе отырып нақты жұмыстарды атқарамыз. Әзірге арнайы кесте бекітіп, кезекпен суару жұмысын ұйымдастыруымыз керек. Әйтпесе, бір уақытта барлық көшеге су жеткізу қиын. Бұл ізі бар жұмыс, осыны ұйымдастыруды кент әкімдігіне тапсырамын, тұрғындар түсіністік танытып қолдайды деп сенемін, – деді аудан әкімі.
Кездесуде кенттің шеткері аймағындағы көшелердің сапасы, жарықтандыру мәселесі, жаяу жүргіншілерге арналған жол мен балалар ойын алаңының қажеттілігі көтерілді. Сондай-ақ санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыруға қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін айтып, туған жердің дамуына жанашырлықпен қарап, ортақ істе белсенділік танытқан тұрғындарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тұрғындарды жергілікті әкімдікпен бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Сырдария
ауданының әкімдігі