Тұрғындарды тыңдады
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Тереңөзек кентінің тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Карантин талаптары сақталып, еркін форматта өткен жиналыста тұрғындарды толғандырған мәселелер кеңінен талқыланып, аудан орталығын дамыту мақсатында атқарылатын жұмыстар сараланды.
Кездесуде аудан әкімі халықпен жүздесіп, пікірлесудің басты мақсаты – Тереңөзек кентіндегі мәселелерді шешу екенін атап өтті. Бұл жолы жергілікті «шенеуніктердің» халықты жалықтыратын, қарапайым тұрғындар түсінбейтін статистикалық мәліметтерге құрылған баяндамалары мүлдем оқылған жоқ. Жиналыс еркін форматта, сұрақ-жауап негізінде өтті.
Кент тұрғындары жиналыс барысында аудандық қоғамдық кеңес жұмысының сапасына, оның мүшелеріне қатысты көп сын-ескертпе айтты. Тұрғындар қоғамдық кеңес мүшелігіне бұрынғы мекеме, бөлім басшыларын, әкімдерді енгізбеу қажеттігін атап өтті. Олардың айтуынша, бұрын мекеме басқарған, әкімдік құрылымдарда қызмет атқарған азаматтар мәселелерді ашық айтып, оның шешімін тез табуды әкімнен талап ете алмайды. Сондықтан қоғамдық кеңес құрамын жаңартып, мейілінше белсенді, қоғамға жақын, өз мүддесінен қоғам мүддесін биік қоятын азаматтарды тарту қажеттігін жеткізді.
Мұнан бөлек жиналыста кәсіпкерлікті дамыту, тұрақты және қоғамдық жұмысқа орналасу, кейбір мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің дөрекілігі, кентішілік көшелерді жөндеу, көшені жарықтандыру, қоғамдық көліктердің жүру графигін өзгерту, Соркөл маңындағы жерлерді бақылауға алып, экологиялық тұрғыда зиян келтірмеу жағын қарастыру, мал ұрлығы қылмыстарын ашудағы полиция қызметкерлерінің жұмыс сапасы, аяқ су, жаяу жүргіншілер жолы және балалардың спорттық ойын алаңдарының қажеттігі жөнінде мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, газдандыру жобасынан қалып кеткен бірқатар көше тұрғыны табиғи газдың игілігін қашан көретінін сұрады. Жаңадан салынып, пайдалануға беріліп жатқан тұрғын үйлердің сапасына қатысты да өткір сындар мен ұсыныстар айтылды.
Сұрақтардың барлығын мұқият тыңдаған аудан әкімі тұрғындарға мәселелердің шешілу жолдарын мейілінше қарапайым тілде түсіндіріп, жауап берді. Кейбір мәселелерді зерттеу қажеттігін айтып, бөлім басшысыларына тапсырма берді. Аудан басшысы бірден барлық мәселені шешуге бюджеттің мүмкіндігі жетпейтініне назар аударып, тұрғындарды түсіністік танытуға шақырды. Сондай-ақ көше комитеттерінің жұмысын жандандыру арқылы белсенді азаматтардың ұсыныстарын ашық талқылауға салуды ұсынды. Ал қоғамдық жұмысқа орналасу бойынша бюджеттен бөлінген қаржы көлемі былтырғыға қарағанда биыл аз екенін, сондықтан мәселелер туындап жатқанын атап өтті.
Кент тұрғындарымен кездесудің қорытындысында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев көтерілген мәселелер назарға алынатынын, оларды шешу тұрғысында тиісті шаралар қабылданатынын және осындай кездесулер алдағы уақытта да ұйымдастырылатынын айтты.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ